Бөкейлік азамат, ауылшаруашылығы өндірісінің ірі маманы
Баймұрат Бисенов 80 жаста
Терең судың тыныш ағатыны секілді, не бір қордалы істерді еңсерсе де немесе аса бір салмақты мәселелердің шешімін тауып, түйінін тарқатса да, осының барлығын дабылдап дабырайтпай, жарқ-жұрқ жарнамаламай, тып-тыныш қана атқаратын және сонысы үшін қандай да бір атақ-даңқ не дәреже дәметпейтін адамдар болады. Ондай азаматтар, әдетте, айрықша кішіпейіл, барынша байсалды, ала-бөтен кеңкөңіл келеді. Табиғат пешенесіне беріп, бойына дарытқан туабітті мінезі сондай. Кешегі кеңестік кезеңнің кейінгі толқынында қазақ зиялыларының қалың қатарында қызмет атқарып, елінің игілігі жолында талай-талай аумақты істі еңсерген білікті де білімді бірегей маман, Қазақстанның ауылшаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы ірі тұлғалардың бірі, сол қызу өндірістің өз ортасынан өсіп шыққан қарымды қайраткер азамат Баймұрат Бисенұлы Бисенов – міне, осындай адам.
Баймұрат Бисенұлы 1939 жылдың 10 тамызында Бөкей Ордасы ауданындағы Жәрмеңке ауылында дүниеге келген. Әкелерін кешегі қанды соғыстың құрбандығына берген «жетім ұрпақтың» өкілі. Сонысына қарамай, жан дегенде жалғыз анасының етегіне оратыла жүріп өскен жетімек тұрмыстың қиындығына қарамай, оқу-білімге деген балалық талабының арқасында 1956 жылы Орда кентіндегі орта мектепті, соған жалғаса Орал қаласындағы ауылшаруашылығы техникумын ойдағыдай бітіріп, орта дәрежелі мал маманы ретінде өндіріске жолдама алады.
Дербес еңбек жолын 1959 жылы осы ауданның (ол кезде Жәнібек ауданы) М.Мәметова атындағы кеңшарында (қазіргі Сайқын) ветсанитар қызметінде бастап, кейінше Ақоба ауылындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы шаруашылықта мал дәрігерлік учаскенің меңгерушісі қызметінде жалғастырады.
Өндіріс үстіндегі тәжірибесі мен еңбек машығы жетіле түскенімен, бойындағы теориялық білімнің жеткіліксіздігін сезінген жас маман мал фермасындағы қызметін әзірше тоқтата тұрып, қайтсе де осы мамандығы бойынша жоғары білім алуға бел шешеді. Сөйтіп, 1961 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, осы оқу орнын 1966 жылы айрықша үлгідегі «қызыл» дипломмен бітіріп шығады.
Институт басшылығының кафедрада қалып, ұстаздық етіп, ғылыми жұмыспен шұғылдану туралы ұсынысына қарамастан, ауыл өмірінің қызықты да қызулы ортасының «дәмін татып қалған» жас маман көп ойланбастан өзінің туған өңіріне тартып отырады. Өндірістік тәжірибесіне білімі сай бірегей маманның туған өңіріне қайтып оралуын қуана құптаған сол кездегі Жәнібек ауданының басшылығы оны бірден Калинин атындағы (қазіргі Қамысты) кеңшардың бас мал дәрігері қызметіне тағайындайды да, көп ұзатпай ауданның бас мал дәрігері қызметіне жоғарылатады.
Бұл кезең — Баймұрат Бисенұлының тікелей өндірісте қызмет атқарған жылдарының ең бір жұлдызды шағы еді. Жас маманның жігерлі істері жоғары жақтағы, әсіресе Алматыдағы билік басында отырған азаматтардың назарын бірден аударды. Сөйтіп, аудан басшылары қазіргі қызметінен де жоғары лауазымдарға дайындай бастаған жас маманды Қазақ КСР Ғылым академиясының Зоология ғылыми-зерттеу институты бас-аяғы бір аптаның ішінде «құда түсіп», астанаға алды да кетті.
Бұл 1973 жылдың жүзі болатын. Институттың кіші ғылыми қызметкері лауазымына кірісіп, бір кездері өзі мал фермасындағы қарбалас жұмысқа айырбастап, «қиып тастап кеткен» ғылыми жұмыспен білек сыбана айналыса бастағаны сол-ды, кадрларды білімі мен қабілетіне қарай іріктеп алу үрдісі әбден қалыптасқан заман ғой, Қазақ КСР Ауылшаруашылығы министрлігі күтпеген жерден қызметке шақырып, министрліктің Мал шаруашылығы басқармасының жұқпалы аурулар бөлімін басқаруды ұсынды. Осы қызметте өткерген бақандай тоғыз жылдың жүзінде және одан кейінгі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің аппаратында аға референт лауазымында болған он жылдың өне бойында ол жұмыс бабына орай республиканың мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарын жиі-жиі аралап, қоғамдық мал отарлары мен табындарында жұқпалы індеттердің алдын алу жөнінде жоғарғы органдардың алқаларына өзекті-өзекті мәселелер дайындаумен бірге, жергілікті мал мамандары арасында осы мәселеге қатысты терең насихаттық қызметпен айналысты. Біраз уақыт Премьер-министрдің көмекшісі қызметін атқарған кезде де ол өзінің негізгі мамандығы бойынша ғылыми ізденістері мен зерттеулерін еш доғарған жоқ.
Жоғары билік аппараттарында терең даярлықтан өткен Баймұрат Бисенұлы 1993 жылы Республикалық ветеринарлық зертхананың директоры қызметіне тағайындалғаннан кейінгі кезеңде ғылыми-ағартушылық қызметпен дәйекті түрде айналысуға мүмкіндік алды. Және де ол бұл мүмкіндікті өзіне тән ыждағаттықпен, жеріне жеткізе пайдалана білді. Жалпы алғанда, астанада қызмет атқарған жиырма жылдың жүзінде Баймұрат Бисенұлы мал ауруларының табиғатын талдап төррт кітап жазды, жерлігікті мал мамандарының күнделікті пайдалануы үшін ондаған насихатттық кітапшалар мен плакаттар шығарды. Сол кездегі Одақтың салалық ғылыми журналдарында 24 ғылыми мақала жариялады. Мәскеу, Қазан, Мақашқала қалаларында өткен бүкілодақтық ғылыми-практикалық конференцияларда малдың әр түрлі індет ауруларына қатысты мазмұнды баяндамалар жасады. Ауылшаруашылығы әдебиетін шығарумен айналысатын республикалық «Қайнар» баспасының редакциялық кеңесінің мүшесі бола жүріп, оннан астам кітапқа рецензия дайындады. Өңірлік «Алматы» энциклопедиясының жетекші авторларының бірі болды.
Баймұрат Бисенұлы 2002 жылы Республикалық ветеринарлық зертхананың директоры қызметінен зейнетке шықты. Алайда есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» аталатын көп томдық жинақты энциклопедияға енген қайраткер тұлға, зейнетке шықтым екен деп, бұрынғы қызмет саласынан қол үзіп кеткен жоқ, Министрлер Кеңесі және Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Ардагерлер кеңестерінің мүшесі ретінде әр түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып отырады.
Баймұрат – менің балалық шақтан бірге өскен досым. Екеуміз бір жылдың төліміз. Хан Ордасындағы ежелгі Жәңгір мектебін бір жылы бітірген сыныптаспыз. Атынан ат үркетін талай-талай жауапты қызметтің тұтқасын ұстаған, біздің сыныптастарымыздың арасында «үлкен үйде» қызмет атқару мәртебесіне ие болған жалғызымыз. Оның бойындағы толып жатқан жақсы қасиеттеріне қоса, бөлекше екі құлқына қашаннан бері қайран қалумен келем: әуелгісі – ол ешқашан бөгде біреудің атына қаңқу сөз айтуды білмейді; екіншісі – адам біткеннің бойынан қайтсе де бір жақсылықты көруге тырысып бағады және сол өзі көрген жақсылықты ішіне жасырмай, жариялап жүргісі келіп тұрады. Достары мен жерлестерінің бас-басын түгендеп, бірінің хабарын екіншісіне жеткізіп, ұдайы бәрімізді ұйыстырып жүретін бөлекше бауырмалдығы тағы бар. Туған жерінің ерекше патриоты. Мәселен, бүгінде Алматы қаласы мен оның төңірегінде тұрып жатқан бөкейлік жерлестерінің бәрінің аты-жөндері мен мекенжайларын жатқа біледі. Наурыз мейрамы, Көрісу күні, Құрбан айт, Ораза айт секілді айтулы күндері олардың бастарын біріктіріп, бір дастархан төріне тоғыстыратын белсенді көшбасымыздың бірі де – осы өзіміздің Байекең.
Жасы сексенге келсе де бой-сойы жинақы, тұлғасы тік, қимыл-қозғалысы ширақ. Өйткені біз білетін Байекең – саламатты өмір салтын мықтап ұстанған адам. Бұл жағынан ол «дініне берік» кісі. Жас кезінен спортты серік еткен. Балалық шағымызда жарыса қалсақ, бәрімізді басып озатын конькиші болатын. Бұл әуестігін институтта оқып жүрген кезінде біршама ұштап, көрсеткіштері спорт шеберінің мөлшеріне тақау жүретін. Бірде оны біздің университеттің стадионында сол кездегі Қазақстанның чемпионы, атақты конькиші Гейдерихпен жарыстырғанымыз бар. Сонда ол бес жүз метрлік қашықтықта әлгі чемпион жігітпен үзеңгі қағыстырып келген. Әлі күнге дейін қала іргесіндегі «кең сарайының» ауласы бір орында тұрып алып жаяу аяңдайтын, жүгіретін, велосипед тебетін алуан түрлі тренажерлерге толы. Сүлік қара «Тойотасын» да әлі күнге өзі жүргізеді. Елу бес жыл отасқан зайыбы Баян ханымды жанына отырғызып алып, машинаға толы қала көшелерінің бойымен заулатын бара жататын Байекеңді жиі көресіз.
Бүгінде Баймұрат Бисенұлы зайыбы Баян Ахметқызы екеуі – берекесі келіскен отбасының ұйытқысы, өсіп-өркендеп, өмірден өз орындарын тапқан ұл-қыздарының қамқорлығына бөленіп, немере-шөберелердің қызығына кенеліп, іргесін өз қолдарымен қаласқан бақуатты заманда мағыналы ғұмыр кешіп жатқан бақытты жандар.
Ғарифолла КӨШЕНОВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері.
Алматы қаласы