18.09.2019, 17:33
Қараулар: 917
IV ДЕҢГЕЙДЕГІ БЮДЖЕТ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

IV ДЕҢГЕЙДЕГІ БЮДЖЕТ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

 

Аудан әкімдігінде арнайы жұмыс тобының қатысуымен IV деңгейдегі бюджет бойынша жиын өтті.

Аудандық қаржы бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина  бюджеті IV деңгейге көшкен үш ауылдық округ жұмысындағы қиындықтар мен түйткілді мәселелерге тоқталды. Раушан Шайдукқызының айтуынша, интернет желісінің нашарлығынан басқа, экономист, заңгер мамандардың тапшылығы да айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Білікті заңгердің жоқтығынан порталға салуда қателіктерге жол беріледі екен.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының  жергілікті бюджет кірістерін болжау және талдау бөлімінің басшысы Ғалым Жұбанышев ескі үйін сүріп, жаңа үй тұрғызған тұлғалардың жылжымайтын мүлікті қайта тіркеуі, жылжымайтын мүлікті банк кепіліне қоюда жоғары бағалап, салық төлеуде төменгі бағамен ұсыну сияқты барлық ауданда жаппай кездесіп отырған жайт екеніне тоқталды.

– Статистикалық болжам бойынша ауданның салықтық кіріс түсімін екі есеге арттыру мүмкіндік бар. Бөлшек сауданың көлемінен салықтық түсім үш есеге аз боп отыр. Бұл жергілікті атқару органдарының жұмысын ширату керек деген сөз. Бюджеті IV деңгейге көшіп, құзыреті артқан ауылдық округ әкімдерінің жерді заңсыз пайдалану, рұқсат етілмеген жерлерде сауда ұйымдастыру фактілерін анықтап, айыппұл салуына болады. Осы жұмысты да қолға алу керек,-деді Ғалым Сағынұлы.

Аталмыш басқарманың өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиева IV деңгейдегі бюджет тиімділігіне тоқталды.

Облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Бибігүл Капенова аудандар бойынша жалақыны еселеп төлеу, негізделмеген келісімшарт жасау, мүлік не техниканы еш негізсіз есептен шығару сияқты қателіктер кетіп отырғанын, осының бәрі де басшылардың цифрлы қолтаңбаны бухгалтердің қолына беріп қойып, еш қадағалау жасамауынан туындап отырғанын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының  басшысы Тілепберген Каюпов:

– Мемлекет қаржысын үнемдеу, ысырапшылдыққа жол бермеу – ел басшысы Қ.Тоқаевтың  да, облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің де қатаң талабы, басшылыққа алып отырған берік ұстанымы. Көршілес Ресейдің бір ауданынан екі кісі шақырып, халықаралық шара өткізіп, даңғаза жасап, фестиваль деп, айтулы күн деп отшашу атып, төрт-бес миллиондаған қаржыны желге шашуға жол бермеуіміз керек. Әрине, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен шараларға қаржы қарастырылады. Мұндай шараларды Рухани жаңғыру бағдарламасымен ұштастырып, қажетті қаржының тиімді жолын табуға болады. Қысқасы, қай сала болмасын, ысырапшылдыққа жол бермеу жағын басты орынға қоюымыз керек, -деді.

Жұмыс тобымен кездесуде аудандық атқарушы орган өкілдері  «облыс бойынша қолға алынатын түрлі фестиваль, спорттық шараны ұйымдастыруда шалғайдағы аудандардың жағдайы, барыс-келісі шығыны ескерілсе, ауданға келетін әртіс-әншілер бізге емес, өздерінің аудитория жинай алатынына сеніп келсе екен. Мұндай шараларды жүзеге асыру жоспарланбаған шығындарды көбейтеді» деген талап-тілектерін де айтты.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар