9.10.2019, 17:04
Қараулар: 375
САМАЛДЫҢ САЗДЫ КЕШІ

САМАЛДЫҢ САЗДЫ КЕШІ

Мәдениет үйінде Сайқын жұртшылығына аудандық саз мектебінің мұғалімі Самал Рахымжанова шәкірттерімен «Жан тербеген күзгі әуен» атты концертін ұсынды. Концерттік бағдарламада төл өнеріміз Құрманғазы мен Нұрғисаның туындылары, Бах, Моцарт сияқты әлемдік музыка алыптарының шығармалары, көрерменге жақсы таныс кинофильмдердің саундтректері орындалды. Алды Мәскеуге барып, кейінгілері республикалық, облыстық байқаулардан жүлдесіз қайтпаған Айым, Сезім және Балайна Хамидоллалар, Аянат Шынболатқызы, Айзере Қапанова сияқты   жас таланттар өнерлерімен таңдай қақтырды.

Сайқындық көрермен классикалық музыканың жауһарлары саналатын Моцарттың «Турецкое рондо», Шопеннің «Собачий  вальс», Брамстың «Венгерский танец» сияқты туындыларын жас буынның жанды орындауында тыңдады. Талантты ұстаз Самал Ғалымқызының талапты шәкірттері төрт бірдей фортепианода тең өнер көрсетті. Ұялының талантты қызы Гүлфара Табылдиева әлемді дауысымен тамсандырған Димаш Құдайбергеннің «Любовь уставших лебедей» әнін шырқап, көптің қошеметіне ие болды.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева саз мектебінің директоры Қуаныш Дүйсекешовті, Самал Рахымжанованы құттықтап, қалың тыңдарман атынан алғысын білдіріп, талантты шәкірттерге сәттілік тіледі, өнерге талпынған ұл-қызының қанатын қомдап, әр кезде қолдап отырған ата-аналарына ілтипатын білдірді.

Өз тілшіміз