31.10.2019, 14:51
Қараулар: 725
Шаруа болам десеңіз…

Шаруа болам десеңіз…

 

Дүние жүзінде, жүздеген ел елдік сипатын атадан қалған кәсіптің иесі ретінде атанып танымал болып  отыр. Голландия раушан гүлдерімен, Швецария қол сағаты мен банк жүйелерімен болса, атам қазақ мал шаруашылығымен танымал.

 

Ауданымыз да мал шаруашылығы алға басқан аймақ деп танылғаны бәріне аян.  Ауданда 513 шаруа қожалығы тіркелген. Адам басына шаққанда әр отызыншы адам шаруа қожалығына мүше деген сөз. Аудандағы төрт түлік малды адам басына шаққанда әр қайсысымызға 24 сиыр, 5 қой, 2 жылқыдан келеді екен.

Бүгінде шаруа қожалығын тіркеткен әр қожайынның шаруасын шыр айналдырып, үйіріп әкетуіне толық мүмкіндік бар. Бастысы, түзу  ниет пен тынымсыз еңбек болса, болғаны. Сол түзу ниетіміз, айдан айға әзер жететін жалақының, қызметтің құлы, тәуелдісі болмай, кәсіп ашамын деген әдемі ойы бар, бірақ алдында ақсақ лағы да жоқ азаматтар қайтсе ата кәсіпке қожайын бола алады? Қандай әрекет жақсы ниетіне береке әкеледі? Тиісті мекемелерге жолығып, шаруа болам деген жігіттерге жол бастар нұсқау көрсетуді жөн көрдім.

Шаруа қожалықтың иегері атану үшін екі жол бар.

Біріншісі, атадан қалған мыңғыраған малыңыз болып, соның бірден бір мұрагерісіз. Екіншісі, етіміз үйреніп, несие алу. Ауылшаруашылығына немесе ауылдық жерде жүргізілетін кәсіпкерлікке арналған несиенің пайыздық мөлшерлемесін шамамаен  6%-ды құрайды.

Несие алар кезінде алдыңызда таңдау туындайды. Несие ресімдеуге  шаруа қожалығы болып тіркелмей тұрып-ақ немесе тіркеліп барып несие  көмегіне жүгінсеңіз де болады.

Шаруа қожалығының қожайыны болып тіркелмей барсаңыз, ең маңыздысы, жұмыссыз немесе аз қамтылған отбасынан болуыңыз керек. Ауылдық жерлерге қарастырылған несие жобаларының көбі осы критерияларға қарайды. Айтылып кеткен талаптарға сай болсаңыз,  « Бизнес бастау » жобасы бойынша оқып шығып, жоба сертификатының иегері боп,  жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіңізді заң талап етеді.

Айтылып кеткен сатылардан өткен сон несие алсаңыз болады. Мысалыға мал шаруашылығына, «кәсіпкер» несие бағдарламасы бойынша 4 000 000 теңгеге дейін ақшалай несие қарастырылған. Бұл бағдарламаға ұқсас «Игілік» бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама бойынша ірі қара алам деген бизнес жоспарға 4 000 000 теңге  ұсынылса, «қой бағам»  дегенге 12 000 000 -ға дейін ақшалай несие бере алады. Дегенмен, бұл соманың иегері болу үшін лайықты кепілің болуы қажет.

Бұл жерде тағы бір мәселе туындайды. Қояр кепіліңнің бағалануы. Иә, Сайқын ауылының тұрғыны болсаң, баспанаңның 70% мөлшерін құрайтындай қаражат береді. Ауылымызда үй бағасы 3 000 000-5 000 000 теңге шамасында болса, 2 000 000-3 000 000 теңге құрайтын несие қаражатына үміттене аласыз. Ал енді елді мекен тұрғыны болсаңыз, үй бағасы жарты миллионға жетпейтіні белгілі. Мұндайда несие туралы ұмытуыңызға тура келеді. Тағы да қайталап айтып кетейін, бұл несие жобалары  жұмыссыз және аз қамтылған отбасыларына арналған. Бір жерде жұмыс жасап жүрсеңіз, айтылып кеткен бағдарламасы бойынша несие иегері бола алмайсыз. Ең маңыздысы, шаруа қожалығы ретінде тіркелу мәселесі.

Қазіргі күнде қазақтың кең даласын тегін ала алмайсыз. Шаруа қожалықтың жетекшісі атану үшін арнайы конкурстан өтуіңіз қажет. Ал жер мәселесі жөніндегі конкурс заң бойынша жылына екі реттен жиі өткізілмейді.

Конкурсқа қатысу негіздеріне тоқталатын болсақ, біріншіден, малыңыз болу керек немесе сол малдың өсімін мақсат еткен бизнес жоспар қажет және  шотыңызда сол жерге жұмсалатын инвестиция қаражатыңыз болуы тиісті.

Инвестиция мөлшері бір гектар жерге кем дегенде 5000 теңге. Жер көлемі мал санына қарай есептеледі. Бір бас ірі қараға 10 гектар, бір қойға 1,2 гектар, бір бас жылқыға 15 гектар жер мөлшері тиісті саналады. Мысалыға, 20 бас ірі қара, 50 бас қой және 5 бас жылқы бағу үшін кем дегенде 325 га жер аумағы қажет болса, болашақ шаруа қожалығы жетекшісі кем дегенде 1 625 000 теңге сол жерге инвестиция жасау керек деген келісімшартпен және комиссия отырысының шешімі бойынша жер сізге жалға беріледі.

Әрине, инвестиция деп сол жерге салынатын үйіңіз, қазылатын құдығыңыз, алынатын трактор және агрегатыңыз кіреді.

Жерге қатысты конкурсқа аз-кем тоқталсақ, басқа үміткер сол жерге бір гектар үшін 5000 теңгеден емес одан көптеу сома инвестиция салатынын дәлелдесе, конкурстан өтуіңіз екіталай.  Барларға басымдылық беретін конкурстың осы ереже талабына наразылық айтушылар көп.  Тек  2017-2018 жылдары аралығында конкурс ережесінің осы талабына наразылығын білдірген азаматтарымыздан 90- ға жуық арыз түскен екен. Бұдан шығатын қорытынды шаруа қожалығының иесі боп, ат шаптырым жер иелену үшін  әмияның қалың болу керек.

Ауданымызда 2016 жылы 37 шаруа қожалық, 2017 жылы 31 шаруа қожалық, 2018 жылы 18 шаруа қожалық, ал 2019 жылы 15 шаруа қожалық тіркелген. Жылдан жылға шаруа қожалық жетекшісі болам дегендердің саны да азайып бара жатыр. Аудандық жер қатынастар бөлім басшысы Руслан Кариннен «жайылымдық жер аумағының тарлығы шаруа боламын  дегендерге кедергі боп жатқан жоқ па?» деп сұрадық.

Сала басшысы Руслан Кариннің айтуынша, ауданымызға қарасты 1921445 га жердің 257 263 гектары бос болса, жалпы есептегі жердің  943 606 га әскери сынақ полигоны болып  саналады.

Әрине, неге азаймасқа. Тек бір әулет бір неше шаруа қожалыққа  бөлініп, жалпы 10000 гк жер иегерлері болып отырса.

Енді жолы болып, шаруа қожалығы жетекшісі атанған адамға несие мөлшері де, жобалары да өзгеше.

Жоғарыда айтылып кеткендей, несие мөлшері кепіліңе қарай белгіленеді. Шаруа қожалығы жетекшісі болғаннан кейін жалға алған жеріңізді, жеке малыңыз бен тиісті техникаңызды кепілге қойып, берілетін несие сомасын арттыруға болады. Ол жеткілікті болмаса, «Нарын несие» серіктестігінің мүшесі болып тіркелсеңіз, «ҚазАгроГарант» АҚ сізге кепіл ретінде демеушілік көрсетеді.

Несие жобасының тағы бір түрі − «Сыбаға». Тиісті орган мамандарының айтуынша, жоғарыда бұл несие жобасы шетелден алынған асыл тұқымды малға арналған. Тағы бір ерекшелігі бұл жоба бойынша несие мөлшері шектелмеген. Бәрі қояр кепіліңе байланысты.

Аудан бойынша несие ретінде жұмсалған қаражаттың үш жылдық көрсеткіші 2016 жылға 156 млн 734 мың, 2017 жылы 212 млн 250 мың, 2018 жылы 396 млн 680 мың сомасын құрап отыр.

Шексіз несие немесе кепіл ретінде демеушілікке субсидия көмегін қосуға болады.

-Аудандағы 513 шаруа қожалығының  200-ден астамы субсидия көмегіне ие болып отыр.

Субсидия қаржысына тоқталатын болсақ, әр тауарлық ірі қараға 10 000 теңге төленсе, асыл тұқымды аналыққа 20 000 теңге сома мөшерінде қаржы қарастырылған. Ал енді шетелден әкелінген асыл тұқымды аналыққа 22 5000 теңге субсидия ретінде төленеді екен.

Тек биыл ауданымыздағы үш шаруа қожалығы Татарстан, Беларуссиядан, Тверьден 211 бас асыл тұқымды ірі қара әкелген. Бүгінгі таңда субсидия арқасында 21 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығын кәсіп етуде.

Енді қойдың санын өсіремін дегендерге асыл тұқымды қошқар басына 8000 теңге төленсе, әр бір қой басына 1500 теңге қарастырылған. Ал әр жылқы басына  100 000 теңге қаржылай қайтарымсыз көмек көрсетіледі екен.

Әрине, субсидия берудің де өз амалдары бар. Мысалыға, ірі қара ұстағандар субсидияға ілігу үшін әр 25 бас аналыққа екі жыл сайын бір бас асыл тұқымды бұқа алып тұру керек. Әр асыл тұқымды бұқа алған үшін 150 000 теңге сома ақша субсидия ретінде қайтарылады.

Қозы етін «Кублей» ЖШС-нің ет өңдейтін зауытына өткізсең, әрбір басқа 3000 теңге құрайтын субсидия қаражаты қарастырылған. Малға арналған субсидияға қоса инвестициялық субсидия түрі бар.

Оған қоса техника, құдық пен күн сәулелік батареяларды қосыңыз. Трактор алсаңыз, үкімет қаржыңыздың 25% -ын қайтарады, қаздырған құдық пен орнатылған күн сәулелік батареясының 80%-ын шаруа жетекшісіне қайтарылады екен.

Жалпы, ауданымыздың соңғы төрт жылдық көрсеткіштерге тоқталсақ, 2016 жылы 386 млн, 2017 жылы 400 млн, 2018 жылы 486 млн, ал 2019 жылы 450 млн ақшалай қаржы субсидия ретінде жұмсалған.

Субсидияның сарсаңға салып қойғаны, демеуқаржы аламын деп құжат рәсімдеп, жарты жылдап күтіп, жыл аяғында асыл тұқымды малын тиынға өткізіп, мал азығын алғаны туралы облыс азаматтарының жанайқайы республикалық БАҚ-тан белгілі болды. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысының өзі субсидия берешегінің қордаланып қалғанын айтып дабыл қағуда. Осы тұрғыда «Біздің  аудандағы ахуал қандай? Субсидияға  құжат тапсырып, қаржысына қол жетпей жүрген шаруа қожайындары бар ма? Субсидияның осындай сарсаңы шаруа қожайындарының кежегесін кейін тарттырып тұрған жоқ па?» деген сауалымыз жауапсыз қалды.

Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің мамандары ондай мәлімет бере алмайтындарын айтады.

— Шындыққа келгенде, қазір субсидия көмегіне жүгінетіндері аз. Жоғарыда айтылып кеткендей 513 шаруа қожалықтың тек 200-ден астам шаруа қожалық субсидия көмегіне жүгінеді. Біреулері екі жыл сайын асыл тұқымды алуға қаражатым жетпейді деп сылтауратса, біреуі жағдайының тым жақсылығынан керекті құжат толтыруға ерінеді. Былай қарап тұрсаң қазіргі заманда толтыратын құжат та қалмады. Бәрі заман талабына сай ғаламтор арқылы жасалады. Соған ерінеді жасауға қазағым, -деді өз сөзінде ауылшаруашылық қожалық бөлімінің бас маманы Серік Айтқалиев.

Шаруа қожалық иелерінің арасында жастары да бой көрсетуде. Негізінен, көп жас малдан нәпақасын айырған әке жолымен ата тая,ын ұстағандар. 1997 жылы дүниеге келген Айхан Ерболатов қазіргі таңда ең жас шаруа кожалық жетекшісі болып танылып отыр.

Ал, ата-анасының немесе туысқанының көмегісіз шаруа қожалық жетекшісі аталып отырған жас азаматымыз ауданымызда жоқ екен.

Дегенмен, субсидия түгіл жеке шаруа қожалық аталымына жете алмай жүрген азаматымыздың саны да жеткілікті.

Айтып кеткендей, атаңыздың өсиеті бойынша миллиондаған қаржының мұрагері болып немесе бай көкең «сенен аяғанды ит жесін» деген сөзбен байлығымен бөліспесе, бірден шаруа қожалықтың жетекшісі болу қиынға түседі.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ