1.11.2019, 9:50
Қараулар: 478
МОНША ЖАҚҚАН ҰТА МА?

МОНША ЖАҚҚАН ҰТА МА?

«Еділ патшаның Ордасында ағаштан жасалмаған жалғыз ғимарат бар, ол ақ тастан қаланған монша. Жолдан келген соң әдетте моншаға барады – демалады, буланады…». V ғасырда Византия елшісі Приск әйгілі Еділ  патшаның тұсында еуропалықтарға  заты таныс емес, гигиеналық орын  монша туралы таңғалысын білдіріп, жазба қалдырған екен. Әлемдік тарихтануда монша туралы ең шынайы да көне дерек  осы Присктің  қолжазбасы саналады. Сонау бесінші ғасырда көшпенді халық  негізін қалаған монша мәдениеті біртіндеп кәрі құрлыққа, еуропалықтарға  да жетеді.   «Орыстың мұжығына дамбал кигізіп, моншаға түсіруді үйреткен шығыс  халқы» деп арғы бабамыздың данагөйлігін  мойындаған Петр бірінші де орыс даласында монша құрылысының қарқын алуына мұрындық болыпты. Ол ол ма, моншаға уақтылы түсіп, тазалық шараларынан ауытқымауды  мемлекеттік дәрежеде бекітеді. Біртіндеп, монша табыс көзіне баланып, кәсіп ретінде игеру үрдісі де жолға қойылады, түскен пайдасының белгілі бөлігін  салыққа  берулері міндеттеледі. Бай-дәулеттілер үш рубльден, қарапайым шаруалар он бес тиын салық төлейтін.

Содан бері қаншама жыл өтті. Бүгінде де моншалар әлеуметтік маңызы бар нысандардың бірі. Құрылыстағы ерекшеліктері сан алуан өзгеріске  түсті демесеңіз мақсаты  бұрынғы.  Айтпақшы, фин, қытай, үнді, түрік моншалары деп тізімді әрмен қарай  жалғастыра беруге болатындай әр ұлттың  өз моншасы тағы бар. Білетіндер, монша жағу  — пайдаға белшесінен бату дейді. Кейбірі ішер асымызға, жер нанымызға жетердей кіріс келеді деп әлек. Десе де монша қоғамдық қызмет көрсететін бизнес  түрі екендігі әмбеге аян. Ал, кез келген бизнес иесі салық төлеуге, қоғамдық денсаулық сақтау мекемесі алдында өз міндеттерін орындауға тиісті екендігі сөзсіз. Біздің жерлестеріміз, нақтырақ айтсақ, монша бизнесімен шұғылданатын кәсіп иелері осынау міндеттемелерін қаншалықты сақтап жүр? Ауылдық жерде  монша жаққан ұта ма? Осы сұрақтар төңірегінде тиісті мамандармен сұқбаттасып, кәсіпкерлердің пікірлерін білген  болатынбыз.

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Ғұмаровтың айтуынша аудан көлемінде  төрт-ақ кәсіпкер, Қуаныш Шәріпқалиев, Рустам Өтеев, Есқайыр Қонысбаев, Тимур Қайырбековтер  әр алты ай сайын  салық басқармасына есеп беріп,  тиісті  салық өтемдерін жүзеге асырады.

Аудан көлемінде монша жағып, табыс тауып отырған тұрғындардың көптігіне дау жоқ және кімнің бұл бизнесті дөңгелетіп отырғандарынан хабардармыз. Әйтсе де жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұрғындарды бас салып тексеріп, салық төлеуге міндеттей алмаймыз, яғни құзыреттілігімізге кірмейді. Алайда, осылай кіріс көзін жасырып, көлеңкелі бизнестің етек жаюуына тосқауыл қою үшін жергілікті әкімдік, полиция өкілдері де мүдделі болуы тиіс.  Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін салықтан жалтарғандардың жауапкершілікке тартуда  осы тұлғалар тарапынан қолдау болмағандықтан шарасыздық танытып отырмыз. Облыс және аудан әкімдерімен бекітілген  2017-19 жылдар аралығында салық жинау туралы өкім  негізінде ауылдық жерлерде дүкен, наубайхана қызметінен бастап, той-жиындарды тізгіндеген  асабалар, монша жағушылар секілді тұрақты кірісі бар тұлғалар туралы мәлімет беру жергілікті әкімдерге, учаскелік полицейлерге міндеттелді. Осы мәлімет негізінде табыс табушы әрбір тұлғаны салық төлеуге міндеттей аламыз.   Әлдекімге салық төлеу ұсақ-түйек дүниедей көрінуі мүмкін ғой. Десе де әр азамат елінің  алдындағы жауапкершілігін ұғынып, яғни, қызмет көрсетілген  жерден міндетті түрде чек талап етіп, сол арқылы өзінің де  отанның қазынасына үлес қосатынын сезінсе, көлеңкелі бизнестің жолы кесілер еді деген сенімдемін,-дейді аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Маратұлы.

Осы орайда айта кетелік, бір кісінің моншаға кіру құны бес жүз теңге болса, бір күндік табыс (жұма, сенбі, жексенбі)  шамамен бес мың теңгені құрайды. Ал, жарты жылдық кіріс 300-400 мыңға жетіп артылады. Осы жиналған соманың үш пайызы ғана салыққа жіберілуі тиіс. Әйтсе де, салық басқармасының басшысы айтқандай, кәсіпкерлер кассалық аппаратты мақсатты пайдаланбайды, тұтынушылар чекті  талап етпейді. Осыдан-ақ, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегені айдай келеді. Салық төлемдерін жасағанда көрсетілген қызмет түрін, түскен пайданы едәуір қысқартып, жеке басына тиімді цифрды көрсетуіне әбден болады екен.  Орта есеппен су үшін айға 500 теңге, жарық үшін 550 теңгенің, газ үшін орташа есеппен дөңгелеткенде 5000-6000 теңгенің мөлшерінде төлем төлейді екенбіз. Айға шаққанда монша қызметінің коммуналдық төлемі жеті мыңнан асып жығылады. «Монша жаққан ұта ма?» деген сауалымызға жауап тапқандаймыз.

Қош, сонымен  монша бизнесімен шұғылданатын  төрт жерлесіміз салық  мәселесіне  немқұрайлы қарамайтынын білдік.  Қалғандары салық төлеуден неліктен бас тартады деп, әмиянын ақтарып, жағадан алудан аулақпыз әрине. Тиісті сала өкілдерінің уәжін жеткізгендей болдық.

Монша  бизнесін бастамас бұрын кәсібіңіз өрге домаласын десеңіз, қоғамдық денсаулық  сақтау мекемесіне де бас сұғуды  ұмытпағайсыз. Әсіресе, жиырма кісілік не одан да көп тұтынушыға арналған моншаларды  аталмыш мекеме мамандары тексеріп, су сынамасын алып, басқа да зерттеу жұмыстарын жүгізеді. Халық денсаулығы  және  денсаулықты сақтау жүйесіндегі заңнамаларға сәйкес  эпидемиологиялық маңызы бар нысандарда санитарлық-химиялық, бактериологиялық бақылаулар жүргізу  басты талап. Моншаға адам жіберер болсаңыз, алдымен судың жарамдылығын білуіңіз шарт. Зертхана мамандары арнайы жұмыстанып, сізге бүге-шүгесіне дейін зерттеп, талдап береді,- дейді аталмыш орталықтың басшысы  Светлана Рамазанова.

Аудан бойынша монша суының сапасына ешкімнің шек келтірмесі анық. Өйткені, ас-суымызға тұтынып отырғанымыз да, моншаға пайдаланып отырғанымыз да таза ауыз су. Техникалық арнайы су болмағандықтан таза ауыз суды осы мақсатта пайдалануыдың өзі өз алдына бөлек әңгіме.

Аудан көлемінде отыз кісілік жалғыз моншамыз бар.  Сенімгерлік негіздегі иесі – кәсіпкер Қуаныш Шәріпқалиев.

– Қоғамдық моншаның ашылғанына бірнеше жыл болды. Осы кәсіпті жүргізуге заңдық тұрғыдан рұқсатым бар. Әйтсе де монша 30 кісіге есептелсе де келушілер саны өте аз. Сенбі, жексенбі күндерін қосқанда олардың саны жиырмадан аспайды. Ауыл ішінен шеткері орналасқасын ба көбісі жекеменшік моншаға жиі барады. Қазіргі таңда моншаға күрделі жөндеу жүргізілуде. Жарық-сымдарынан бастап, жуынатын жеріндегі құрал-жабдықтарын түгелдей дерлік жаңартып жатырмыз. Өздеріңіз де жақсы білесіздер,  моншамыз жоба құжаттарына сай бірнеше бөлмеден тұрады. Кіре берістен басталып, киім шкафтары орналастырылған арнайы бөлме, залалсыздандыратын ерітінді қойылған бөлме, үлкен айнасы мен шаш кептіргіш құралы бар бөлме, бу бөлмесі. Барынша ыңғайлы жағдай жасалған. Бірақ та кей тұрғындар  тазалық шараларына аса мән бермейді. Әсіресе, ерлер жағында ағаш орындықтар мерзіміне жетпей қирады. Жуынатын жерде темекі тартып отырған жерлерінен ұсталғандары да болды.  Айта берсең тұтынушылар тарапынан көптеген жағымсыз жәйттермен ұшырастық. Айыппұл салуға дәтің  жібермейді. Бірі танысың, бірі көршің дегендей, ауылдастың көңіліне жығылып, кешіріммен қарауға тырысып бағамыз.

Шәріпқалиев мырза айтқандай, қоғамдық-көпшілік моншаның емес, жекеменшік моншаның дәурені жүріп тұр десек артық айтпаспыз.  Ауылдан сыртқары орын тепкен жуыну орнына келушілер саны бәлкім жөндеуден кейін арта түсер, кім білсін.  Осы мақаланы дайындау барысында қоғамдық моншада әйелдер бір басына қос легенді пайдаланатындарын айтып, наразылықтарын білдіргендер болды. «Әлдекімдер легенді аяғына салып, рақатын көреді. Сол легенді пайдалануымыз әбден мүмкін. Тері ауруларын жұқтырып алмаймыз ба деп қауіптенеміз» дейді. Ауылдасымыздың пікірін  аурухананың дерматологы Меңсұлу  Бектелеуоваға қойғанбыз.

– Әлбетте, моншаға қойылатын легендер дененің үстіңгі бөлігін ғана жууға арналған. Өйткені, шуаш, грибок секілді тері ауруларының аяқтан жұғу қаупі жоғары. Сондықтан ондай жағдайда үйінен қосымша аяқ жуатын легенін бірге әкелген ең дұрыс шешім. Моншаның қожайыны легендерді жиі залалсыздандырып тұруы тиіс және легендерді мақсатты пайдалану керектігі туралы ескерту жазылған арнайы парақша ілгені жөн.

Қоғамдық монша иесі Қуаныш Шәріпқалиев тазалық баршаға ортақ іс екендігін, тұтынушылар да сақтап, жауапкершілікті сезінулері тиіс дейді.

– Легенге қатысты әңгімеден хабардармыз, осы мазмұндағы шағым түскені де рас. Өз көзімізбен көре қалсақ, міндетті түрде ескерту жасаймыз. Осы монша ашылғанда «тазалық сақталуы керек, шылым тартпаңыз, бу бөлмесінде отыру тәртібін сақтаңыз» деп тіпті дәретхананың қайда орналасқанына дейін шегелеп түсіндіріп, жадынама ілгенбіз. Өкінішке қарай, тұрғындарымыз ескергісі жоқ.

Есқайрат Қонысбаев,  жекеменшік монша иесі:

– Әу баста монша жағып, пайда көреміз деген мақсат болмады. Өзіміз үшін жағып моншаның құрылысын бастап кеткенбіз. Біртіндеп ұлымның достары, көршілеріміз өтініш  білдіріп түсе бастады. Ақша да алмайтынбыз. Кейін демалыс күндері жағып, тапсырыс алып бастадық. Қазірдің өзінде неше жылдан бері тұрақты келетін тұрғындарымыз бар. Табыс әкеліп тұрғасын неге салық төлемеске? Әлбетте салық мекемесіне барып, заңды түрде тіркелдік. Бұл тұрғыда мемлекеттің алдында да, сайқындықтардың алдында да жүзіміз жарқын. Санитарлық талаптарын сақтаймыз. Моншаны залалсыздандыратын химиялық ерітіндіні арнайы қаладан алдырамын.  Жарты литрлік құтының бағасы он мың теңгенің айналасында. Өте қымбат. Әйтсе де әсері күшті. Жақында кафельдерін жаңалап, жөндеу жұмыстарын жүргіздік, легендерді ауыстырдық.

Жеке монша дегеннен шығады, Әсел Иманғалиева деген ауыл тұрғыны өз ойын ашық білдіруді жөн көрді:

–  Несін жасырайын, «общая баняға» бармайды екенмін, қыздарым кішкентай болған соң  жеке моншаларға тапсырыс беремін. Бірақ жекенің иелері  кісі жуынып шыққан сайын артынан тазалап, жуу дегенді көп ескере бермейді десем болады. Леген, кафельдің үстінде езілген кір қалдықтары күннен күнге қалыңдап барады. Арнайы химиялық ерітіндімен емес, су араласқан «белизнамен» жуып, ырымын жасайды. Тұтынушы ретінде құқығымызды алға тартып, ескерту жасай қалсақ ыдырынып, жақтырмай қалады. Қысқасы, қызмет көрсету сервисі ақсап тұр. Ал, үзілмей ақша түскенін қалайды.

Тағы бір Жанна есімді аудан тұрғынының айтары бар екен. Ол:

Қоғамдық да, жеке меншік моншаға да барып тұрамын. Әттегенайы, қай моншаны алмайық кемшін тұстары жетерлік. Мәселен, жеке меншікте тазалығына сын көп айтылады. Легендер, резеңке аяқ киімдері   белгілі мерзімнен соң ауыстырылуы керек емес пе? Өкінішке қарай, бұл талаптарды монша жағушылар ескере бермейді. Ал, қоғамдық монша әйелдер қауымы үшін өсек айтар арнайы орынға айналып барады. Әсіресе, бу бөлмесінде мұндай әңгімелер жақсы жүреді. Сағаттап әңгімені айтады кеп, одан қалды арғы бөлмелерде жалғастырады. Ешқандай монша әдебі сақталмайды. Оларға қарап мен қарадай ұялып тұрамын. Бұрындары аналарымыз моншаның ішінде сәлемдесуге болмайды, бір-біріңнің әуретті жерлеріне қарамаңдар т.б деп тыйып отыратын. Сол сөздер санамда жатталып қалғасын ба бұндай көріністер маған мүлдем жат. Монша – ол жуынып, тазалатын орын. Өсек-әңгіменің ордасы емес қой.

Монша тақырыбы да қозғап кетсе, үлкен мәселенің тиегін тарқатқандай ма қалай? Тазалығы бар, салығы бар, мәдениеті бар. Әр кімнің өз айтары бар.

Әлқисса, моншаның құрылысы шығыстан басталған деп мақала басында айтқанбыз. Қайран да менің бабаларым моншаның тек денсаулыққа кереметтігін паш етіп қана қоймай, монша мәдениеті туралы жазба да қалдырған екен. Монша мәдениетіне де аса мән берілгені келесі жазбадан (XI ғасыр әдеби мұрасынан) анық түсінуге болады. «Балам саған айтам: моншаға қарныңды толтырып барма, — ол залал, күнде бара берме, — ол зиян… Моншаға екі күнде бір рет барған жөн. Қыста да, жазда да денеңді үйрету үшін алдыңғы бөлмеде біраз бол, келесі бөлмеде де аялда, сонан кейін ғана ыстық, бөлмеде масаттануыңа болады. Бірақ онда да көп отырып қалма. Моншаның ыстығы тәніңе толық әсер еткен соң оңаша бөлмеге барып жуын. Моншада тәніңе ыстық-суық суды құя берме, оның да шарқын біл. Оңаша бөлме бос болса бақыттымын деп біл. Өйткені, ғұламалар моншаны «олжаның олжасы» деп есептеген. Шығарда шашыңды құрғат, сулы шашпен тысқа шығу парасатты және құрметті адамдарға лайықсыз. Сулы шашпен тысқа шығып, қадірлі қауымға көріну — әдепсіздік. Моншада сыра-су ішуден аулақ бол. Бұл өте зиян және денеңнің ісінуі мүмкін…» деген өсиет сөздер жазылыпты.

… Киелі Түркістан қаласына жолыңыз түссе, шығыс моншасы аталып кеткен қоғамдық моншаның ішіне бас сұғып, ерекшеліктерін көзбен көрсеңіз дала даналарының мәдениетіне таңдай қағарыңыз анық. Ежелден бабамыз моншаның құрылысына бей-жай қарамай, ұңғыл-шұңғылына шейін мән беріпті. Жуынатын, киінетін, бу бөлмелері өз алдына, тырнақ алып, басқа да қажетті процедураларды жасайтын арнайы бөлмелерімен қамтамасыз етілген.  Кіре берісінде монша мәдениеті мен тәртібі жазылған екен. Дала надандары саналған бабаларымыздың осы мәдениетін қазіргі заманның ақылдылары ескеріп жүрсе игі еді.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ