6.11.2019, 18:45
Қараулар: 900
ТЫРНАҚТЫ БОЯП, ТАБЫС ТАУЫП…

ТЫРНАҚТЫ БОЯП, ТАБЫС ТАУЫП…

Киіктің лағындай Раушан Шапихованы көргенде, ол бір істің бастауында тұр деп мүлдем ойламайсың. Нәзік болмысы оны тек аялауға, қорғауға шақырып тұратындай. Бүгінде Раушанды сұлулық индустириясына нық қадам басқан жан деп толық айтуға болатын шығар.

Кейіпкеріміз жасөспірім шағынан тырнақ күтіміне ерекше назар аударатын қаланың қызы-тұғын. Сайқын ауылына келін болып түскенде де ол бұл әдетінен айнымады. Мектепті енді ғана бітірген, арнайы білімі жоқ Раушан тырнақ бояп, кәсіп қылуды кішкентайының күтімімен үйде отырғанда ойға алған. Оның талпынысы отбасы тарапынан да қолдау тапқан.

Жас келіннің отбасы осы іске бейімділігін байқаса керек, бірде енесі оған маникюрдің шағын жиынтығын алып беріпті.

-Мамамның алып берген жиынтығымен құрбыларыма, жақын-жанаптың тырнақтарын бояй бастадым. Өкінішке орай жиынтықтың сапасы нашарлау болып шықты. Анамның тырнақ күтімі саласында аса білмегендігін байқаған сатушылар сонысын пайдаланды ма деп ойлаймын. Ол бояу бір  апта ғана  тұрды. Десе де, қолымның шыңдалуына өз септігін тигізді. Пайдаға жарамай, күл-қоқысқа кетпеді дегенім ғой. Негізі сапасыз дүниелер клиентпен жұмыс уақытын алады. Әрі орындаушының өз жұмысына сенімсіздігін оятады. Кейде клиенттерімді көшеде кезіктіре қалсам, амандасқан соң бірден маникюрінің жағдайын сұрайтынмын. «Бәрі жақсы» деген бірауыз сөзді естігенде көңілім жайланып қала беретін. Бұл жағдай «кәсібімді бастасам, мына қарқынмен клиент таба аламын ба? Оның үстіне бұрыннан да тырнақ әрлеу қызметін ұсынып жүрген тәжірибелі шеберлер бар» деген бойдағы қорқынышты еселеген еді. Кейін Орал қаласына өзім арнайы барып, бояуларды, лактың астына жағатын негізгі құралды, қаттылығы әр қилы егеулер мен алуан түрлі маникюрлік қайшыны, т.б. керек-жарақтарды алып келген болатынмын. Осыдан бастап ісім қарқын алды демесем де өзіме біртіндеп клиент жинай бастадым. Сәбиім болғандықтан бір жыл шамасында үйден қызмет көрсеттім. Кейін шаштараз Данагүлмен «бизнес орталығынан» бір бөлме жалдадық. Ол  бөлмеге өз қалауымызша жай жөндеу жүргіздік. Шаш қиюмен, бояумен ғана емес шаш үлгісін де жасайтын әріптесім кеңдеу бөлме жалдауға ниет білдіріп, бұл орын менің қожалығыма қалды, -дейді Раушан Шапихова. Раушан алған бағытынан қайтпай, «Бизнес бастау» жобасына қатысып, кәсіпкерліктің алғышарттарын сала мамандарынан меңгерді. Табандылығының арқасында мемлекет тарапынан берілетін 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді.

Соған тырнақты әрлеу үшін қажетті құралдарды жаңалап алған. Маникюр саласында гель-лакты кептіретін ультракүлгін кептіргіш құралы негізгі аппарат саналады. Оның ең арзаны 15 мың теңге шамасында. Осы жолы Раушан ең қымбатын болмағанымен, тырнаққа кері әсері төмендеу LED аппаратты алған. Оған қоса жайлы орындық, арнайы шырақ, сөрелерді түгел меншігіне алған кейіпкеріміздің табысы да өзіне жетерлік. Өзінің айтуынша, күніне 3-4 адамды қабылдайды. Айлық табысына келер болсақ, бөлмені жалдау, электр қуатына, жылуға, бір сөзбен айтқанда, коммуналдық шығындарға және әр клиенке жұмсайтын бірреттік қолғаптар мен дымқыл сүлгілерді есептегенде шығыны 12-15 мың төңірегінде болады. Ал табысы осыдан төрт есеге еселенеді екен.

Ауданымызда сұлулық индустриясына бет бұрғандар қатары күн санап көбейіп келеді. Қуанарлық жағдай. Ол әлеуметтік желілерде жиі ұшырасатын жарнамалардан байқауға болады. Арасында үйге барып қызмет көрсететіндер де, қажет десеңіз Хан ордасы ауылына баруға мүмкіндіктері бар екен.

-Биыл «Бизнес бастау» жобасына қатысып, өз кәсібімнің несібесін табамын деген 80 жанның жартысына жуығы сұлулық саласында қызмет көрсетуді мақсат тұтып отыр. Бірі массаж жасаймын десе, енді бірі бет әрлемекші, шаш қиып, түрлі шаш үлгілерін жасайтын ойлары да бар. Арасында тырнақты әрлеуді кәсіп қылуға ниеттілер де жоқ емес. Айтқанымдай, сұлулық сервисін қазірдің өзінде 18 кәсіпкеріміз ұсынуда, тағы да он шақтысы өз жобаларын қорғамақшы. Істері қолдау тауып, грантқа қол жеткізсе, олар да салығын төлейтін, заңды талаптарды орындайтын кәсіпкерлердің қатарын толтырмақ,- дейді, жас кәсіпкерлерге сәттілік тілеген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы директоры Бибігүл Жұмағұлова.

Раушан кәсібін жаңа бастап, өз жолын енді бағытталып жүрген кәсіпкер болса, Айнаш Муталиева тырнақ әрлеуде он жылдай өтілі бар нейл-шебері.  Сайқындық жұрт оны көп балалы ана бола тұра сүйікті ісіне уақыт таба білетін іскер әйел ретінде де таниды.  Әрине, бұл екі бизнес ледилердің табыстарын салыстыруға келмейді. Дегенмен, Раушан алған бағытынан таймаса, дәл Айнаш ханымдай болады деген сеніммен Айнаштың да шығыны мен табысын, жалпы тынысын сұрастырып көрдік.

-Менің айлық шығыным 100-150 мың теңге шамасында. Табысым да қомақты деуге болады. Айына тек тырнақ әрлеуден 200 мыңдай теңге табамын. Бұл тек тырнақ бояуынан тапқан табысым. Одан басқа, шаш қию, шаш үлгісін жасау, қас, ерінге татуаж жасау, кірпік қондыру, т.б.  қызметтерді ұсынамын. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігіне қарай табысы мен шығыны әр қалай. Тырнақ бояуларын Шымкент қаласынан арнайы тапсырыспен алдыртамын. Онда сұлулық салондарға арналған кәсіби өнімдерді сататын үлкен дүкен бар. Ол дүкенмен байланыс орнатқаныма он жылдан да асып кетті. Шымкент қаласында сұлулық салонын басқарған кездегі кәсіби байланыс әлі үзілмей келеді. Сондықтан тұрақты тұтынушылары ретінде маған көптеген жеңілдік қарастырылған. Мәселен, бір флаконы 6 мың теңге тұратын лакты жарты бағасына, тіпті, 70%-дың жеңілдікпен алатын кездерім болады. Жалпы лактар шығарушы фирмасына, көлемі мен сапасына қарай бағасы да әрқалай келеді. Кей лактарды 3800-4000 теңгеге бағаланып жатса, жинағың  болса, қысқы түсті лакты жазда алсаң да айтарлық жеңілдікке ие  боласың. Соның нәтижесінде тырнақты әрлеуде ауыл тұрғындары үшін қолжетімді бағаны ұстап тұрмын. Негізінде тырнақты әрлеудің қай түрін де 2500 теңгеге атқарамын. Шын мәнінде, француз маникюрі қымбаттау тұрады. Бірақ ауылдық жердің әлеуетін ескеріп, тұтынушыларға ортақ баға қойғанды жөн санадым. Ал, клиент ерекше талап қойып, жұмысым күрделеніп жатса, ең көбі 500 теңге қосамын. Клиентке қызмет ұсыну үнемі өзін жетілдіруді, ізденісті талап етеді, әр маусым ұсынған түстерден, арт-дизайыннан қалыс қалмауың шарт. Орыстар айтқандай «в тренде» болуың керек. Өйткені қазір клиенттің талғамы өсіп, сұранысы көбейеді. Сұраныс  менде ешқашан толастамайды. Енді Жаңа жыл маусымы жақын, ол клиенттер легі толысатын уақыт.

Сайқынға келген алғашқы кезде тырнақты боятуға ниет білдірген сайқындықтардың үйлеріне барып, бояп беретін едім. Орталықтан сұлулық кабинетін ашқалы олар да алдын ала жазылып келетін болды. Алдыма келетіндердің 30%-ы менің тұрақты клиенттерім десем қателеспеспін. Яғни, клиенттер базасы жасақталып қалды. Олардың қалауларын да бір кісідей білемін.

Өз қызметтерімді көрсетіп, Хан Ордасы ауылына да бірнеше мәрте барғанмын. Ауданның өзге ауылдарына баруға өтініштер түсіп жатады. Алайда, отбасылық жағдайыма байланысты ауылдан әрмен кетуге ықылас танытпаймын. Қайта бүгінгі таңда сол ордалық клиенттерімде біраз үйреніп, өздері келіп, қалаған қызметіп алып жатады,- дейді нейл-шебері Айнаш Қонысбекқызы.

Хан ордасы ауылының тұрғыны Ұлжан Ғазезова:

-Өз басым тырнағымды Айнаш апаға бояттырамын. Үзбей боямаймын, әрине. Өйткені оны ара-тұра демалытып тұру қажет. Үлкен той не бір айтулы мерекелер алдында әсемденетінім бар. Сондайда Айнаш Қонысбекқызының алдына барамын. Ең алғаш гель-лакпен бояуға ниеттенгенім есімде. Онда осы шебердің жерлестеріме істеген жұмысына тәнті болып, осындай әсемдікті өзімнен де көргім келген. Әйел сұлу болады көркіменен. Келіскен ажарыңа қолың сай болса жақсы емес пе?! Осы ретте тырнақ күтімінің де алар орны ерекше.

Сайқын ауылының тұрғыны Гүлмира Какимова:

— Жас болса да ісіне ұқыпты қарайтын Раушанға өз тырнақтарымды сеніп тапсырамын. Оның жұмысы өз алдына айналасын таза ұстап, кейде әңгімеге тартып, көңілімді аулайтыны өзіне тартып әкетеді. Сондықтан шығар мен оның тұрақты клиенттерінің сапындамын. Шыны керек, оған барғанда бір демалып қайтамын. Бояған бояуым да ұзақ тұрады. Қаншалықты үй тірлігін күйттеп, ыдыс жуып, сағанды сыммен қырып жатсам да бояуым 35-40 күнге дейін түрін бұзбайды. Не керек, оған төлеген ақыма өкінбеймін. Бояуы түсе бастағанда қайта Раушанға барамын. Ол өзі бояған бояуды тегін кетіріп береді.Өзге де жеңілдіктер жасайды. Соңғы рет қазанның басында жасатқан едім. Бір ай артта қалды, ал менің бояуым міз бақпастан әлі тұр.

Бүгінде қол, тырнақ күтіміне көп көңіл бөлінуде. Көріп отырғаңыздай ісін жаңа бастаған жас та, тәжірибесі толысқан шебер де алдына келген жанның көңілінен шығуға барын салуда. Жалпы, сұлулыққа деген ұмтылыс «Шын ханымды қолынан тануға болады» деген қағидадан туса керек.  Қолдан келсе неге сұлу болмасқа?! Бұл ретте «сұлулық сыйламасқа» деген дұрыс болар. Ендеше, Мұқағали ағамыз айтпақшы, «Әдемілік бізге көптік етпейді».

Раушан БАҚЫТОВА