15.11.2019, 12:27
Қараулар: 306
   ӘБІШ ӘЛЕМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

   ӘБІШ ӘЛЕМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Өткен аптада аудандық мектептен тыс тәрбие орталығы және білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен  халық  жазушысы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың есімін ұлықтап, шығармаларын насихаттау, кемеңгер тұлғаның рухани мұрасына шәкірттердің сүйіспеншілігін арттыруға арналған аудандық «Әбіш оқулары» байқауы өтті.  

Аталмыш шараға сайқындық өрендермен қатар Жәңгір хан, Б.Жәнекешев, Қ.Сағырбаев, Ш.Жексенбаев, Т.Масин атындағы білім ордаларының зерек те білімпаз  шәкірттері қатысып, төрт кезең бойынша өз білімдерін байқатты. «Ақын шығармаларынан иллюстрациялық суреттер» аталымы  бойынша сынға түскен оқушылар арасында жәнекешовтік Нұрдәулет Мұхтарұлының  жұмысы үздік деп танылса, екінші және үшінші орындар аудандық мектептен тыс тәрбие орталығының тәрбиеленушісі Нұрсая Табылды мен жексенбаевтық Ерасыл Сатыбалдиевтерге бұйырды.  «Ақын шығармаларын зерделеу»  аталымында Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығының  көркемдік ерекшеліктері мен құрылымына тереңдей еніп,  зерттеу жұмыстарын ұсынған шәкірттер де жүлдесіз емес. Мәселен, Ә.Кекілбаев шығармаларындағы теңеулердің қолдану ерекшеліктерін бүге- шүгесіне дейін сауатты талдау жасаған Ш.Жексенбаев атындағы мектептің оқушысы Зада Бақтығалидың жобасы бірінші орынды иеленсе,  «Тасбақаның шөбі» әңгімесіндегі әзілмен әрленген әрлі сөз бен рухани құндылықтың маңыздылығын жеткізген Б.Жәнекешев мектебінің өрені Айшуақ Асқар екінші, Әбіш өлеңдеріндегі ой орамдары мен  бай тіліне шолу жасаған жәңгірхандық Ділназ Сағындыққызы үздік үштікті түйіндеді. Ал, ақын шығармаларынан сыр шертер оқиғаларды сахналау кезеңінде қазылар алқасы  оқушылардың сахна мәдениетін меңгеруі, сахналық киімдері, сөйлеу мәнеріне, қойылымның құрылымына да  аса мән бергенін айта кетелік. Ш.Жексенбаев атындағы білім ордасының өнерлі ұл-қызы «Аңыздың ақыры» әңгімесін  шебер сөйлетіп қана қоймады,  актерлік импровизацияларымен де  ерекшеленіп, жеңісті қанжығаларына байлады. Бұлай жарқын өнер көрсетулері  аталмыш мектептегі «Сахна саңлақтары» атты драма үйірмесінің жүйелі жұмысының еңбегі деп ұғындық.  Қалған жүлделі орындарды өзара бөліскен жәнекешовтік және масиндік жас таланттар да  көрермендерін тәнті етті. Әбіш мұрасын насихаттаушылар «Ақын шығармаларын мәнерлеп оқу» кезеңінде де прозалық, поэзиялық туындыларды нақышына келтіре орындады. Бабажановтық Ақырыс Романқызы бірінші орынды иеленсе, жәңгірхандық Айжан Ақтөреева екінші, жексенбаевтық  Яна Сағын үшінші орынды жеңіп алды.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жеңімпаз шәкірттерге облыстық кезеңге жолдама берілді.

Өз тілшіміз