22.11.2019, 11:21
Қараулар: 640
ӨТІНІШТЕРМЕН ЖҰМЫС ТӘРТІБІ

ӨТІНІШТЕРМЕН ЖҰМЫС ТӘРТІБІ

Биылғы тоғыз айда аудан әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан  148 жазбаша өтініш түсті. Атап айтқанда, тұрғын үй мәселесі бойынша 16, коммуналдық және абаттандыру жайында 8, әлеуметтік  мәселелер жөнінде 31, еңбек және еңбекақы туралы 20, жер мәселесі  жөнінде 26, басқа мәселелермен 47 өтініш түскен.

Өтініш берушілердің ішінде: 28 көп  балалы ана, 15 зейнеткер,  8мүгедек, 4 кәсіпкер және  басқа  категориядағы  93 адам болды. Арыз-шағымдар мен  өтініштердің 148-і белгіленген мерзімде қаралып,  жауап берілді.

Айта кетелік, жазбаша өтініштерге төмендегідей талаптар қойылады. Өтініште жеке тұлғаның тегі, аты, қалауы бойынша әкесінің аты, пошталық мекенжайы болуы қажет болса, заңды тұлғаның өтінішінде – оның атауы, пошталық мекенжайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі. Өтінішті арыз иесі қол қою не электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуы тиіс.

Шағым жасалған кезде шағым жасалып отырған субъектінің атауы, лауазымды тұлғаның лауазымы, тегі және аты-жөні, өтініш жасау себептері мен талаптары көрсетіледі. Субъектіге, яғни тікелей жазбаша өтініш жасаған арыз берушіге тіркелген күні мен уақыты, өтінішті қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон берілді.

Иесі бүркемеленген (иесі бүркемеленген өтініш – ол бойынша авторын анықтау мүмкін емес, онда қолтаңба не электрондық цифрлық қолтаңбасы, арыз берушінің почталық мекенжайы болмайды) және мәселенің мәні баяндалмаған өтініштер қарауға жатпайды. Аты-жөні көрсетілмесе де өтініш мәтінінде дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар не мемлекеттік, қоғамдық қауіпсіздікке кесірі туралы мәліметтер, мемлекеттік органдардың құзыреттеріне сәйкес оларға дереу жіберілуге тиіс жағдайларды қамтыса, олар жіті тексеріледі.

Талабы жоқ өтініш күнтізбелік он бес күн ішінде қаралса, талабы барлар отыз күн қаралады және шешімі қабылданады.

Қосымша зерделеу немесе тексеру қажет болса, қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап етсе, онда ол түпкілікті орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылады. Бұл туралы арыз берушіге күнтізбелік үш күн ішінде хабарланады.

Егер өтініште қойылған мәселелерді шешу құзыретіне кірмейтін субъектіге немесе лауазымды тұлғаға келіп түскен болса, өтініш үш жұмыс күннен кешіктірілмей арыз берушіге хабарлай отырып, тиісті субъектілерге жіберіледі.

Өтініштерге берілетін жауаптың да өз талаптары бар. Жауап мемлекеттік немесе өтініш берілген тілде қайтарылады.

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемінде бір рет жеке қабылдау  өткізуге міндетті. Арнайы бекітілген кестеге сай, аудан әкімі әр аптаның жұма күні, аудан әкімінің аумақтық-экономикалық және отын-энергетикалық мәселелері жөніндегі орынбасары әр аптаның бейсенбі күні, аудан әкімінің әлеуметтік сала және қоғамдық саяси даму мәселелері жөніндегі орынбасары әр аптаның сәрсенбі күні, аудан әкімі аппаратының басшысы әр аптаның сейсенбі  күні сағат 14.30-дан 17.00-ге дейін жеке қабылдау өткізеді. Жеке қабылдау алдын-ала 8 (71140) 21100, 21104 телефондарына жазылу арқылы жүргізіледі. Биыл аудан әкімі және орынбасарларының  қабылдауында 166 азамат болып, 68-інің өтініші оң шешімін тапты, 63-іне түсініктеме берілді, 35-і мемлекеттік органдардың  бөлімшелеріне және басқа ұйымдарға жолданды.

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің ресми сайтында «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау» атты жеке бөлімі жұмыс істеуде.

Арыз-шағымдарға уақтылы жауап беруді қадағалау аудан әкімі аппараты құжаттармен қамтамасыз ету және қаржы-шаруашылық бөліміне міндеттелген.

Бекбол ЖҰМАБЕКҰЛЫ,

аудан әкімі аппаратының құжаттармен қамтамасыз ету және

қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы