28.11.2019, 12:01
Қараулар: 793
Нұрлан және Самал РАХЫМЖАНОВТАР: «Бізді табыстырған музыка»

Нұрлан және Самал РАХЫМЖАНОВТАР: «Бізді табыстырған музыка»

Қарапайымдылық пен кішіпейілділік  адам бойындағы ең асыл қасиет екенін «Шуақты шаңырақ» айдарының кезекті кейіпкерлері Нұрлан және Самал Рахымжановтардың отбасына барғанымда тағы бір мәрте көз жеткізгендеймін. Лауазымым жоғары деп көкірек кермей, әкімнің әйелімін деп тәкаппарлық танытпаған зиялы жандардың әр ісі, әр сөзі көптің назарынан мүлт кетпесі анық қой. Ерлі-зайыпты Рахымжановтардың адами келбеті мен шынайылығы, парасаттылығы өзгеге үлгі-өнеге дер едім. Сөздерімді бұл кісілерді жіті  танитын жерлестерім жалған демес.

Қош, кейіпкерлеріммен өрбіген келелі сұқбатқа  өзіңіз көзайым болғайсыз…

Баланың қандай болмағы бесігінен

Білікті де білгір басшы болу  бір басқа, қызмет баспалдағымен   жоғары көтерілген сайын кісілік келбетінен, адамгершілік қалыбынан айнымау  қанмен берілетін, текті  тәрбиемен келетін қасиет болса керек-ті. Кейіпкеріміз – әкесі Сағынтай мен анасы Айжанның тұңғышы. Артынан ерген қос бірдей қарындасы мен інісі бар.  Әкесі техниканың тілін меңгерген инженер болса, анасы ҚАЗССР-нің құрметті ұстазы, математика білгірі. Кейіпкеріміз шәкірт шағынан келісті тәрбиесімен айналасына жұғымды, оқудағы ерекше ынта-зеректігімен  көптің көзіне іліккен сұңғыла оқушылар қатарынан еді. Бозбала Нұрлан мектепті тауыса сала әкесінің жолын қумақ ниетте  инженерлік салаға бет бұрады. Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған соң ауылға жас маман ретінде оралып, 1981 жылы «Чапаев» асыл тұқымды мал зауытының  машина-тракторлық шеберханасына инженер-механик болып қызметке тұрады.

– Ес білгелі әкемнің күрделі конструкциялы техникаларды шашып жіберіп, қайта құрайтын шеберлігін көріп өстім. Оның табандылығы мен қажырлы еңбегіне айналасы риза болып, үнемі алғыстарын жаудырып жүретін. Қандай ма сындарлы сынақтарды  бастан өткерсе де мойнына артылған жүкті көтеріп, азаматтық абыройының туын биік ұстай білді. Әлбетте әкемнің осындай айрықша қасиеттері менің тұлғалық дамуыма өз септігін тигізді. Не істеп, не қойсам да оның ақыл-кеңестеріне, ойларына жүгініп отыратынмын. Студент атанар шағымда инженер-механик боламын деген шешімге саналы түрде келдім. Әрине, әкеме ұқсағым келді, оның жолын қусам жаман болмасымды ұғынғандаймын,-дейді ағамыз.

Кейіпкеріміздің қызмет жолы қарапайым жұмысшыдан басталып, механик-бақылаушы, асыл тұқымды мал зауытының инженерімен жалғасып, мемлекеттік қызметпен өрбіді. Шағатай ауылдық округінің әкімі болған Рахымжановтың іскерлігі бағаланып, аудандық ауылшаруашылық бөлімі, кейін, Ақжайық ауданы әкімнің орынбасары лауазымдары сеніп тапсырылды. 2013 жылдың маусымында Ақжайықтан түлеп ұшқан азаматқа киелі Нарын құмына дәм айдап,  ордалықтармен қоян-қолтық  қызмет ету нәсіп болыпты.

Ағамыздың өмірлік серігі Самал Рахымжанова сол Шағатай ауылына қарасты Қоғалы түбек  жерінде  көп балалы отбасында дүниеге келіпті. Әкесі Ғалым мен анасы Керейдің жетінші перзенті. Әкесі саналы ғұмырын ветеринария саласына арнаған мал дәрігері, анасы үйдің жәйін, отбасы қамын күйттеді. Әдемі зор дауысымен тыңдарманның құлақ құрышын қандырған Самал кейіпкерім жастайынан ән десе елеңдеп отыратын. Өзінің айтуынша, әншілік қабілет оған туған анасынан дарыған көрінеді. «Анам таңдайына бұлбұл ұялаған талантты әйел болатын. Маған аяғы ауырлап, 5-6 айға жеткен кезеңінде кенеттен даусы жоғалып, түсініксіз жәйтке тап болады. Айналасындағы адамдармен сыбырласып қана сөйлесіп, қиналыпты. Дәрігерлер бұның себебін түсіндіріп бере алмапты. Кейін есейе келе менің қабілетімді байқай бастаған үлкен кісілер анама «сенің талантың, зор дауысың  қызыңа берілген екен. Самалың сахнаның адамына айналсын деп ақ баталарын жаудырады». Айтқандары айдай келді. Мектепте жүрген кезінде-ақ оқушы Самал ерекше қабілетімен көптің ықыласына бөленіп, жүрген жерін той-думанға кенелтеді. Анасы да оған үнемі «сені жетістіріп туғанмын» деп  мақтауын асырып, көңілін тасытып жүреді екен. Содан мектепті бітіріп, кәсіби тұрғыдан вокалдық білім алуды мақсат тұтқан Самал Рахымжанова  1984-1988 жылдары  Құрманғазы атындағы училищені,  2002-2005 жылдары М.Өтемісов атындағы оқу ордасында білімін шыңдайды.  Музыка саласындағы алғашқы ұстаздық қадамдары өзі туып-өскен жерінде басталды. «Маған дәріс берген мұғалімдерім Алматы шаһарындағы ұлттық консерваторияға түсіп, үлкен сахналардан көрінгенімді қалайтын. Десе де Оралымнан ешқайда алыстағым келмеді. Тек оқытушыларымның көңілдерін қимағандықтан, ар-намысымды жани түсіп Алматы қаласына аттанғанмын. Әйтсе де алып мегаполис, таулы аймақтың атмосферасы маған аса жақпады. Өздігінен тынысым тарылып, беймаза күй кеше бердім. Даланың қызымын ғой қайткенмен. Кішкентайымнан таң алагеуімнен оянып алып, әкеммен бірге сырттың жұмысына кірісіп, содан ерекше қуат жинайтынмын. Табиғатым еркіндікті, тазалықты, кеңдікті қалап тұрады. Ауылдың боямасыз өмірі, тыныс-тіршілігі менің жан сарайымды ашып, бақыттырақ ете түсетін.   «Қош, Алматы» деп еш өкінішсіз  Жайығыма қайтып келген болатынмын» дейді сол күндерді еске ала.

«Ер – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі»

Кез келген жетістікті еңсерген ердің артында болмысы мықты әйел тұратындығы әмбеге аян. Ауданның тізгінін қолға алған Рахымжанов мырзаның сыптай киініп, жайдарлы жүзін жоғалтпай, қызметін беріле істеуіне үйдегі жеңгеміздің де септігі зор десек жаңылыспаспыз. Жақсы жар – жарты бақыт деген бар емес пе?! Мемлекеттік қызмет дегеніміз уақытпен санаспау деген ұғыммен пара-пар. Үйге шаршап-шалдығып жеткенде алдыңнан жылы шыраймен қарсы алып, ас-ауқатыңды беріп, көңіліңді аулап отыратын әйелің болғаны қандай жақсы?!

– Шаңырақтағы жайлылықты орнатушы әйел адам.  Бұл тұрғыдан келгенде зайыбым Самал олқылық танытқан емес. Ризамын! Әйтсе де қызметім ауыр деген құр желеумен әйелдің басына әңгір таяқ орнатып, қысым көрсететін азаматтарды мүлдем түсінбеймін. Ерлі-зайыпты ретінде сыр шертісіп, ой алмасып, әңгіме-дүкен құру өзара сүйіспеншілікті, сыйластықты арттыра түседі. Кез келген ердің кеңесшісі, жақтаушысы, қолдаушысы – некелі жары ғана болуы тиіс,-дейді берекелі шаңырақтың отағасы.

«Бізді табыстырған музыка»

«Бір мектепте, одан қалды фортепиано сыныбында тәлім алдық. Самал өнерлі, алғыр, белсенді шәкірттердің бірі еді. Қашан көрсем де тап-тұйнақтай, басына ақ бантигін қонжитып алады. Концерттік бағдарламалар Самалсыз өтпейтін. Аудандық сахнаның сұлуына сырттай сүйсініп, үнсіз ғана ұнатып жүрдім. Бізді табыстырған музыкаға деген сүйіспеншілігіміз дер едім» дейді жастық шағының толқынысты сәттерін еске алған ағамыз. Самал Рахымжанованың  да классикалық музыкаға қызығушылық танытқан жігітке құрметі басым жүретін. Сыршыл музыка әлеміне  деген ортақ көзқарас екі жастың ішкі сезім үндестігі мен шығармашылық байланыстарын беки түседі. Мектеп қабырғасынан бастау алған ғашықтық хикаясы 1990 жылы неке жүзіктерімен алмасқан сән-салтанатпен әдемі түйінделеді. Бүгінде кейіпкерлеріміз Сайран, Кәмшат, Меруерт есімді үш қызды тәрбиелеп, қатарға қосты. Тұңғыштары Сайран ҚР Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарса, ортаншы қыздары Кәмшаты өзін-өзі тану және әлеуметтік педагогиканы меңгерді, Орал қаласындағы №46 мектепте мұғалімдік қызметте, кенжесі Меруерт арман қуып, Алматы асқан студент. Әр қайсысы бірнеше тілді еркін меңгерген, зерек қыздар.  «Қыздарымызға бай, дәулет, атаң-даңқтың артынан қумауды, білім-ілімге құштар, жан-жақты болуды қолымыздан келгенше үйреттік. «Білімді мыңды жығады» демекші, қазіргі таңда сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу адам ғана бәсекеге қабілетті, еліне пайдалы болмақ. Қыздарым өз күштерімен мемлекеттік гранттың иегері атанды. Алды жауапты қызметте, кенжеміз әлі студент. Ортаншымыз Кәмшат тұрмыс құрып, жиеннің маңдайынан иіскеген ата мен әжеге айналдық. Бастысы балаларымыз біз кешкен ғибратты ғұмырымыздан үлгі алуы тиіс. Әке, ана ретінде біздің қателесуге еш қақымыз жоқ»,- дейді кейіпкеріміз.

«Адамшылық қалпыңнан айнымау – арыңа сын»

«Әке, ана ретінде біздің қателесуге еш қақымыз жоқ». Түсінгенге тәлімі терең оң сөздер бұл. «Түйені түгімен, кемені жүгімен жұту» әдет болған заманда әдептілік кодексінен айнымайтын азаматтардың жоқ еместігін мойындауға тиіспіз. Сөздерімнің куәсі — кейіпкерлерім.

– Адамның жасағанын басқа адам да жасай алады. Тек ниет, құлшыныс қажет. Сондықтан қоғамдағы беделің, әлеуметтік мәртебеңнің қандай болғаны маңызды емес. Адамшылық қалпыңнан айнымау – арыңа сын. Ешкімді жолдан жұлып алып әкім етіп қоя салмайтыны  немесе ұйқыдан ояна сала дүкен ашып, жеке кәсібін бастап кетпейтіндігі анық. Бәрі де еңбекпен келеді. Қарапайым ғана қағида. Еңбегіңмен ғана еленесің,- дейді ағамыз.

Енесі мен келін одағы

Ақжайық,сұлуым,сырласым.
Ақжайық-кешегім,ертеңім,
Жағаңда жайылған өркенім.
Куәсің сан қилы тағдырға,
Бүгін сен-жыр,әнім,ертегім.

Бұл өлең шумақтары Самал апамыздың енесі Айжан әжейге тиесілі. Жастайынан өлең-жырға қанып өсіп, ақындық қасиетімен танылған кейуананың жырлары  жинақ болып басылып шықты да. Енесі мен келіннің шығармашылық одағы неден басталғанын тарқатып айталық ендеше. «Енем нақты ғылымдардың өкілі болса да өте сезімтал жан. Жайық өзенінің баяу ағысына қарап  үнсіз тұрды да «Мына Жайық көз тартар сұлулыққа ие болғанымен, қаншама пендені ажал құштырды. Сырлы да сорлы Жайық» деп айтып қалды. Үйге келген бойда «Ақжайық, сұлуым, сырласымды» қағаз бетіне түсірді. Содан оған сыр алдырмай  өлеңнің сөздерін ыңылдап отырып нотаға салып көрдім. Бірнеше сағаттың  ішінде жап-жаңа ән дүниеге келді. Сол кездегі енемнің  қуанғанын көрсеңіз ғой. Аудандық концерттерде орындап, елдің алғысына бөлендік».

Айта кетелік, Самал апамыздың өз анасының да суырып салма ақындығы бар. Ұл-қыздарына, туған-туыстарына арнап жүрекжарды лебіздерін шумақпен төге жөнеледі. Ол ол ма, қос құдағидың әр мереке сайын бір біріне өлең арнаулары сый-құрметтің зор үлгісі демей немене?!

700 сомнан бастау алған өнер жолы

Самал Рахымжанованың пианино аспабына деген қызығушылығы мектеп жасынан оянды. Дәлірек айтсақ, әкесінің қорадағы жалғыз ірі қараны 700 сомға өткізіп, қалаға қоныс аударған орыс отбасының  пианиносын сатып әпергеннен басталды десек артық айтқандық  емес.

— Әкем менің мектепішілік пьесада пианиномен музыкалық қойылымды ойнап бергенімді көріп, әсерленсе керек. Қорадағы малды сатып, баға жетпес сыйлық тарту еткенін  әлі күнге шейін ыстық ықыласпен еске аламын. Сол аспап қаладағы үйімізде   сақтаулы тұр. Сыры кетсе де сыны кетпеген жәдігер мен үшін. Кезінде ауыл жұрты «орыстың аспабы ғой, қазақтың әуені одан шығар ма» деп жақтырмайтын. Көрші-көлемдер әкемнің бұл қылығын түсіне алмай «Қалақаңның асып-тасығаны несі?! Малды қайдағы аспапқа айырбастап» деп сөкті де. Содан бірнеше жора-жолдастарымен пианиноны үйге әкеліп берді. Қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей тұр. Әкемнің достары «Қызыңның өнерін көрелік» деп қолқа салды. Асып-саспастан  Мариям Жагорқызын орындап бердім. Өнеріме бәрі дән риза болды. Әкем ағыл-тегіл жылап тұрып «Пианино — ғажап аспап екен. Қазақтың  әндері орындалмайды дегендері бекер екен» деп батасын берді. Өнерден қол үзбегенім әкемнің рухына тағзым еткенім. Бүгінде әулетіміздің алтын діңгеміз боп отырған қос анамыз Айжан мен Керей әжелер торқалы тоқсанды бағындырып келеді.  Солар бар да мерейіміз үстем, көңіліміз тоқ. Жаратқан әлі де ғұмыр бергей деп тілейміз,- деді Самал апамыз.

Әкесі үміт артқан балауса қыз бұл күнде талай шәкірттің жүрегіне от жаққан талантты ұстаз. Төкпе күйдің отаны саналатын Бөкейдің бүгінгі жас буынына классикалық өнерді үйретуде. Шәкірттері Орал, Алматы асып, Мәскеуге барып, жүлделі орын алып келді. Қоңыр күздің алғашқы күндерде шәкірттерімен бірігіп берген кереметтей концерті әлі күнге ел аузында.

Айтпақшы, газетіміздің осы нөмірі кейіпкеріміз Самал Рахымжанованың туған күнімен тұспа-тұс келіп тұр. Шаңырағының шуағын тасытып, қуанышын еселеп, әсем үнімен көңілді демеген Самал апамызға уыздай ұйыған тұрмыс-тіршілігінің жарастығы ұзағынан болғай деп тілейміз.

Арайлым ЕСМАҒҰЛ