12.12.2019, 17:49
Қараулар: 274
ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ, ТОҢДЫРДЫ МЕНІ…

ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ, ТОҢДЫРДЫ МЕНІ…

Тілек БЕКЕСОВ:

— Сонау 1986 жылы қазақ жастары Колбинге қарсы көтерілгенде мен политехникалық институттың І курс студенті едім. Байланысшыға  оқып жатырғанмын. Алматы қаласына енді ғана үйренісіп жүрген ауылдың қара баласымын ғой. Менің оқу орным сол қанды қырғын болған Сәтбаев көшесінде  еді. 17 желтоқсан күні жұрт жиналғанда мен де топтағылармен бірге орталыққа беталдым. Алғашында бәрі де бейбіт болды. Көшбасшылар өз талаптарын айтып, жастардан құралған қалың жұрт оны құптады. Мен де сол көпшіліктің ішінде едім. Сол алаңнан ауылдасым Шолпан Хайрушеваны да көрдім,-деді сайқындық Тілек аға Бекесов өткен күндерге ойша сапарлап.

Күнде серуен құратын алаңға шыққанда, жерлесімен жүздескенде де жас жігіт бірнеше сағаттан соң бұл бейбіт алаң қорғансызға қару көтеріп, әлімжеттік көрсетілетінін қайдан ғана білсін?! Ойлағаны қазақтың қамы, армандағаны егемендік еді ғой. Алайда, ғасырлар бойы армандалған тәуелсіздік ол күні де қазағымның бағы болып, басқа қонбады. Тағы да жүректілеріміз жойылып, шенділердің соққысымен қазағымның сағын сындыруға тырысты. Осы бір зобаланды Тілек ағамыз ашып айтуға ықылас танытпады. «Осы оқиға туралы теледидардан көрсеткен қорлықты көргендерді де көрдім, таяқтың астында да қалдым»,- деп қысқа қайырды. Осы оқиғадан соң алпыс студент оқитын топтан жартысы қалғаны бір нәрсені меңзегендей… Өйткені билік басындағылар алаңда қолға түскенге жәбір көрсетіп қана қоймай, фото объективіне іліккендерді жатақханаларды аралай жүріп анықтаған. Тапқандарын жауаптың астына алған. «Күндердің бірінде сені алаңда болғаныңды біліп қояды.Сонда жағдайың қиын болады. Дұрысы ауылыңа кет» деген жанашырлардың сөзіне қарамай Тілек оқуын жалғастыра береді. Ол кездің жастары замандастарына көрсетілген қорлықтан соң бастан кешіргені туралы тіс жармауды үйренген. Сол тіс жармауымен 1988 жылы Тілек Бекесов әскерге аттанып кетеді. Екі жылдық әскери борышын өтеп, елге оралған соң, оны оқу орнына білімін жалғастыруға шақырады. Бірақ Тілек аға сол күйі ауылдан кетпейді.

Өзінің айтуынша, бұл мерекені көтеріңкі көңіл-күймен тойламайды екен. Ол үшін оған мүлден ренжуге болмайды. Әрине, сол ызғарлы желтоқсан оқиғасы бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастауы, дегенмен сол тарихи төңкерісте Тілек ағаның талай танысы тарыдай шашылып, адам төзгісіз қорлықтарды бастан кешіріп, шейіт де болып кеткен шығар. Ол жағы өзіне ғана мәлім.