12.12.2019, 18:00
Қараулар: 477
ПРОБАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ПРОБАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 Бөкей ордасы ауданы әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға консультативтік-кеңесші орган отырысы өтті.

Отырыс барысында «Қылмыстық жазасын өтеп келген адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша жұмысқа орналасуға қолдау көрсету» және «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында қайта қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізу» туралы мәселелер талқыланды.

-Қазіргі уақытта, пробация есебінде 35 азамат тіркелген.  Соның ішінде бас бостандығын шектеу жазасына сотталған 22 адам болса, екі адам шартты түрде сотталған. Ал белгілі бір қызметпен немесе белгілі бір іс-әрекетпен айналысу құқығынан айырылған 11 адам есепте. Бұл санаттағы азаматтармен профилактикалық жұмыстар өткізіліп, түрлі тақырыпта дәрістер оқылуда.

Үстіміздегі жылы үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе атқарылған іс-шаралар өз дәрежесінде деген ойдамын. Ал, келер жылдың жоспары аудан әкімшілігінің заңгерімен ақылдаса жасалатын болады,- деді өз баяндамасында аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Жайдарбек Ысқаков.

Жұмыспен қамту орталығының басшысы Исатай Оздың хабарлауынша, пробация есебінде тұрған азаматтардың жұмыссыз ретінде тіркелгендердің  саны 11 адамды құрайды. Орталық басшысы аталған санаттағы  азаматтарға түгел-дерлік көмек көрсетілгенін жеткізді.

-Орталығымызға жұмыссыз ретінде тіркелген 11 адамның бесеуі тұрақты жұмысқа тартылса, үш адам қоғамдық жұмыста. «Бастау бизнес» жобасының сертификат иегері атанған осы санаттағы бір азаматымызға өз ісін бастауына қайтарымсыз қаржыға қол жеткізуге жәрдемдестік. Енді бір азаматымыз «Жастар практикасы» бойынша қызмет етті.

Десе де статистикалық есепте олардың жұмыспен қамту үлесі төмен. Оған себеп – пробация есебіндегілердің дені жұмыссыз ретінде тіркелмегендігі. Яғни олар аудандық жұмыспен қамту орталығына жолықпай отыр.

-Бұл азаматтармен алда да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп, қоғамға бейімдеу мақсатында ақылы қоғамдық жұмысқа тарту күн тәртібінен түспейді,- дейді Исатай Алиұлы.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ