19.12.2019, 10:35
Қараулар: 410
БӘЙТЕРЕКТЕГІ БАСҚОСУ

БӘЙТЕРЕКТЕГІ БАСҚОСУ

«Жайық Пресс» медиахолдингі жанындағы бас редакторлар клубының V көшпелі отырысы Бәйтерек ауданында  өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков:

– Бүгінгі күн ауданымыз үшін сындарлы күн деп айта аламын. Бір емес он екі ауданның редакторына қоса, Алматыдан арнайы келіп отырған журналисті қабылдау оңай емес. Сырт көз сыншы демекші, аз отырып, көп нәрсенің көңілге түйіп кететін сыншыл қонақсыздар. Көңілдеріңізден шығуға тырысып бағамыз. Отырыстарыңыз өзекті мәселелердің тінін тартқан, жөн бағыт берген келелі отырыс болсын,-деп игі тілегін білдірді.

Бірден айтайын, бұл жолғы отырыстың орны бөлек болды. түйткілді тақырыптар талқыға түсіп, үш айлық жұмысымыздың кем-кетігі сарапқа салынды.

Өз кезегінде сөз алған медиахолдингтің Бас директоры Рауан Сәбитов:

– Бүгінгі шарамызға төбе-төрін ұсынып отырған байрағы биік, байтақ аудан басшылығына алғысымыз шексіз,-деп ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, сөзін медиахолдингі тірлігімен өрбітті. «Жайық Пресс» ЖШС-нің кірісі мен шығысын таразылап, жазылым науқанының нәтижесі, газет материалдарының сапасы,  мамандардың жұмысына дейін саралап берді.

Аудандармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев аудан газеттерінің соңғы үш айдағы қорытындысына сараптама жасады. Аудан басылымдарындағы маңызды, проблемалық материалдардың берілуінен бастап, әр тілшінің қарым-қабілетіне дейін айтып өтті.

Түстен кейін отырысымыз белгілі журналист, Ұлттық  аударма бюросының бас редакторы, PhD докторы Мұхтар Сеңгірбайдың шеберлік сағатымен жалғасты.  Кавказдан бастап, Шотландия, Ұлыбритания, АҚШ-та оқып, тұрып келген Мұхтар Жанұзақұлы ойлыға ойға түйерлік байыпты бағыт, көшелі кеңес берді. Батыс көрген демекші, ел көріп, жер таныған, бірнеше тілді терең меңгерген Жанұзақұлы білімінің тереңдігімен сүйсінтті. «ХХІ ғасырдағы қазақ журналистикасы» тақырыбындағы шеберлік сағатынан қазіргі журналистикадағы заманауи трендтерді білдік, қазргі оқырман талғамындағы ақпарат қандай болу керектігін ұқтық.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ