14.01.2020, 17:09
Қараулар: 270
ҮШТЕРЕККЕ СУ ЖЕТТІ

ҮШТЕРЕККЕ СУ ЖЕТТІ

Хан ордасы ауылдық округіне қарасты Үштерек елді мекеніне ауыз су өткізу жұмыстары өз мәресіне жетіп, су құбыры нысанының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов және бірнеше мекеме басшылары мен ауыл қонақтары қатысты.

Өз кезегінде Нұрлан Рахымжанов Үштерек ауылының тұрғындарын ауыз су құбыры ашылуымен құттықтап, жаңа жылда да осындай жарқын істер жалғасты болғай деген тілегін айтты.

–  Қазіргі таңда аудан бойынша таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі 82%-ды құрап отыр. Таратып айтсақ, 16 ауылға ауыз су тартылды. Бұл жұмыс биыл да жалғаспақ. Мұратсай, Ұялы ауылдық округтері мен Тереңқұдық елді мекеніне су тарту  жоспарланып отыр. Жалпы су құбырының ұзындығы 158 шақырым. Су жүйесі жеткізілген аула саны 2811 үй болса, яғни,  12 792 тұрғын таза ауыз суды тұтынып отыр,-деді өз сөзінде аудан басшысы.

Үштерекке су тарту жұмыстары тоғыз айға созылып,  211 млн 450 мың теңге қаражат жұмсалды.

–  Осы күнге дейін құдықтан су алып келіп едік. Оның да мәселесі көп. Қиындық тек құдықтан су тартып  алуда болса бір сәрі. Тұщы су шығады деп қазған құдық суы кейін ащы боп, кермек татып, әбігерге салатын еді. Бүгін ауыз су құбыры ашылып жатыр. Қуаныштымыз.  Газымыз бар, су келіп тұр. Қалалықтардан қай жеріміз кем? — деп қуануда  үштеректік Гүлмайра Айдаралиева.

Ал  салтанатты ленту кесу рәсімі «Nur Otaт» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамбек Аққалиев пен Үштерек ауылының ақсақалы Манарбек Абуғалиевке ұсынылды.

Еркебұлан БИСЕНҒАЛИЕВ