12.03.2020, 17:42
Қараулар: 234
ШЕНДІЛЕР ШЕБІНДЕГІ АРУ

ШЕНДІЛЕР ШЕБІНДЕГІ АРУ

Шен тағып, әскери-құқық саласында жүрген нәзік жандыларымыз саусақпен санарлық. Жауапкершілігі жоғары, талабы зор мандатты арқалап жүрген жерлесіміздің бірі – Айман Оңаева (Әшенова).

Айманымыз елгезектігі, алғырлығы мен зейінділігі арқасында еңбекке ерте жастан араласады. Мектеп бітірсімен Орда аудандық кәсіподағы комитетіне қызметке тұрып, кейін  Орда аудандық әскери комиссариатына іс жүргізуші болып жұмыс ауыстырады. Осы жұмыс құқық саласындағы қызмет жолының баспалдағы болды. Саратов  қаласындағы Д.Курский атындағы заң институтына түсіп, жоғарғы білімді заңгер мамандығы атанды.

Тағдыр жолы 1983 жылдары Саратовта өзі секілді білім қуып жүрген жерлесі Марат Қайырлыұлымен табыстырады. Жырақта жүріп, шаңырақ көтеріп, сәбилі болған олар отбасылық өмірдің ащы-тұщысын бірге көрді.

Айман Оңаева 1986-1990 жылдар аралығында Саратов қаласының Ленин аудандық атқару комитетінің әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінде инспектор қызметін атқарған. Отағасының ұйғаруымен тоқсаныншы жылдардың басында отбасымен туған жерге оралуды ұйғарады. Саратовты он бес жылдай мекен етіп, елге келеді. Өз ісін жетік білетін маманның бағаланбайтын кезі жоқ. Тәжірибелі заңгердің кәсіби шеберлігіне көзі жеткен облыстық прокуратура жұмысқа қабылдайды. Бастапқыда Орал қалалық прокурорының көмекшісі, облыстық аналитикалық-ұйымдастырушылық бөлімінің аға прокуроры, жедел есеп және статистика бойынша облыс прокурорының аға көмекшісі, облыстық прокуратура жанындағы құқықтық статистика  және арнайы есептер орталығы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.

2002-2005 жылдары БҚО Құқықтық статистика және арнайы есептер орталығының бастығы, облыстық  прокуратураның аға прокуроры, бөлім бастығы, қадағалау бөлімінің аға прокуроры, зейнеткерлікке шыққанға дейін соттарда және мемлекеттің мүддесін қорғау басқармасының аға прокуроры қызметтерін атқарған.

Адамның мықты екенін, табысты болуын жетістіктерімен өлшеу жөн емес. Дұрысы, табысқа жетудегі жеңген кедергілерімен өлшеу ләзім. Осы тұрғыдан алғанда өзгелердің мойындауына мастанбай, әр ісінен сабақ ала жүріп, өз мамандығының биік белесіне жеткен Айман Сәрсенбайқызының ел мүддесіне қызмет еткеніне 35 жыл. Соның ішінде мемлекеттік қызмет, құқық қорғау органындағы 20 жылы отандық соттың беделін биіктетуге бағытталыпты. Прокуратура органдарында атқарған мінсіз еңбектері үкімет тарапынан жоғары бағаланып, мемлекеттік марапаттарға ие болған.

Бүгінде алпысыншы көктемін қарсылап отырған Айман Оңаева зейнеткерлікке шықса да, өзінің мамандығының қыр-сырымен бөлісіп, жас кадрларды дайындауда үлкен жұмыс атқарып келеді.

Лаура ТАИРОВА,

Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының маманы