13.03.2020, 10:57
Қараулар: 783
ДОМБЫРА САБАҒЫ ЕНГІЗІЛСЕ…

ДОМБЫРА САБАҒЫ ЕНГІЗІЛСЕ…

Күй – көне заманнан  күні бүгінге дейін халқымызбен  бірге жасасып келе жатырған киелі де сұлу өнер. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Қазақтың 1000 күйінің» жинағы басылып шыққанын білеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елордада өткен ұлттық домбыра күні мерекесінде: «Халық болып, ұлттық аспаптан шыққан күйдің құдіретін, қуатын сезіндік. «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері ұлттық рухымызды көтерді. Асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалар бастаған күйшілік дәстүрді еліміздің дарынды жастар жалғастырып келеді»,-деген. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мектептерде домбыра сағатын өткізуді ұсынды.

Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл қазақтың қасиетті домбырасына берілген әділ баға. Домбыраны жан жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Сондықтан мектепке домбыра үйрету сабақтарын енгізу қажетті әрі дұрыс бастама. Бұл рухани жаңғыру жолының негізгі арқауы дер едім.

«Үш қоңыр» республикалық газетінде  Қазақстан Президенті төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекеттің айрықша назарында болатынын айтқан әрі қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз керектігін мәлімдеген.

Жалпы, біз қазақтың дәстүрлі әнін, күйін елімізге ғана емес, әлем жұртшылығына танытып жүрген өнерпаздарға лайықты қолдау көрсеткен абзал. Домбыра бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін теңдесі жоқ мәдени мұрасы. Сондықтан аудан мектептерінде домбыра сыныбын ашқан жөн-ақ. Елбасымыз нұсқаған рухани жаңғыруды жүзеге асыру үшін де күй өнерін насихаттап, дамытуымыз шарт.

Есенболат ШӘПЕНОВ,

штаттан тыс тілші,

Т.Масин ауылдық округі

Редакцияға хат

Басқа да мақалалар