24.03.2020, 11:31
Қараулар: 238
«АЛАУЫЗДЫҚ ПЕН АШКӨЗДІКТЕН САҚТАСЫН!»

«АЛАУЫЗДЫҚ ПЕН АШКӨЗДІКТЕН САҚТАСЫН!»

Аудандағы жалғыз майдангер Нәсіпқали Жұмағалиевке арнайы барып, көрісіп, Ұлыстың Ұлы күні,  Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңындағы елге деген тілегін біліп қайтқан едік.

  • Қарсыз қыстың соңы жайсыз жаңалықпен жалғасып жатыр. Коронавирус деген ғасыр тажалы боп кетпесе жарар еді. Қытай, Италия сияқты Еуропаның алпауыт елдеріне ауыз салған бұл тажал адамзат бар барлық жерге жетіп қалды. Пандемия деп тұрса, тажалдың қарқыны қатты боп тұр-ау. Түбі бір қайырын бергей дейміз ғой. Тек дүрбелең тудырған дүрмекпен жағдайды ушықтыруға болмайды. Саяси астар іздеп қажеті жоқ. Тек қазақтың басына бұлт үйіріліп тұрса, «саясаттың ойыны, құрбаны болдық» дер еді. Коронавирус деген әлемнің бас ауруы боп тұр. Ана еврей сияқты әріден ойлайтын елдер вирус шыққан күннен бастап, шекарасын жауып, етек-жеңін жинап, әліптің артын бағып отыр. Ал, біздің қазақ қамсыз, той-томалақ, барыс-келістен тыйылып, сақтық шараларын жасаудың орнына сөзбен ойнап, дүкендегі бар азықты таласа тармасып, бағаны аспандатуға жол беріп отыр. Сабырлық сақтасақ, сақтық танытсақ, бұдан да өтерміз. Ең бастысы, алауыздықтан, ашкөздіктен сақтасын. Алауыз боп, әр сөзден астар іздеп, даурықпасақ, ашкөздік танытып, екі теңгені артық табуға тырыспасақ, елмен көрген ұлы той болар. Бұл да болса, елді сабасын түсіріп, тәубесіне келтіретін сынақ деп ойлаймын. Ұят кетті, дүниенің байлығын астымызға басамыз деп, арды ұмыттық. Ысырапшылыққа жол бердік. Бұл сынақ әр адамға Қаратаудай қазына жинасаң да, қаза келсе, бәрі харам екенін ұқтырып тұр ғой. Самарқанның көк тасы жібейтін Ұлыстың ұлы күнінде тәж тажалының да мысы басылып, беті әрмен болсын! Бар тілегім осы!

Тағы бір айтпағым, төтенше жағдай жарияланғалы бері мейрам, түрлі шараның бәріне тыйым салынды. Бұрын жұрт наурызға да, мамыр мейрамдарына да мән бермейтін еді. Жұмысқа бармаса болды еді. Осындай жағдайдан кейін әр нәрсенің мәнін білер деп ойлаймын. Елде тыныштық болса, тек мерекелік емес, әр күннің мәні сол болмақ. Той-думанның, шекараның бәріне тыйым салып, шектеу қойған мұндай төтенше жағдайдың алды-арты осы болғай!