9.05.2020, 10:55
Қараулар: 198
«КИІЗ БАСЫП», «ҰЛТТЫҚ ОЙЫН» ОЙНАЙТЫНДАР КӨБЕЙДІ

«КИІЗ БАСЫП», «ҰЛТТЫҚ ОЙЫН» ОЙНАЙТЫНДАР КӨБЕЙДІ

 

Иә, иә, ауылдағы ағайынның арасында «киіз басып», «ұлттық ойын» ойнайтындар көбейді. Тура мағынасында түсініп, «е, е, жақсы бопты», «бәрекелді» деп құптауға асықпаңыз. Дәл осылай айтылса да, бұл ұлттық өнер, ұлттық ойынды емес карта ойынын айтып отырмыз. Алты  қағазға арбалғандармен бір дастархан бөлісе қалсаңыз, «кииіз басу», «кілем қағу» және «ұлттық ойын» дегенді сіз де естіп жүргеніңіз анық.

Преферанс, сека, храп, бура, т.с.с. Біреуге мәлім, біреуге беймәлім карта ойындарының атауы бұлар. Бұрын-соңды  ерлер ғана карта колодаларын шебер меңгерсе,  бүгінде әйелдер қауымы да картаға құмар боп барады. Анау-мынау емес, бәлендей сомада ақша тігеді.  Немересіне ертегі айтатын әжелеріміздің өзі күн ұзаққа  «валет», «дамасы» үшін ақ тер, көк тер болып, жер сабалап,  ымырт түсе төсегіне жетіп жығылғанын көріп, қалайша көңіл қынжылмасын? Емізулі баласын жанына жайғастырып, жанталаса ойнауға кірісетін келіншектерге не жорық? Сәбиін ешкімге сеніп тапсыра алмайтыны бар екен, бұндай жын-ойнақтың арасына періштесін неге әкеледі? Әлде құмарлықтың шырқау шегіне жеткенінің көрінісі ме бұл? Қайткенмен, құмар ойындарын ойнау қазағымның әп-әсем қыз-келіншектеріне жараспайтыны анық.

Жаратушы иеміз пенде атаулыны өзге мақұлықтардан дәрежесін жоғары қойып, «ақыл» атты ұлы нығметіне бөледі. Тура жолдан тайқымай, харамнан сақтануымызды бұйырды. Харам нәрсеге жоғарыда айтып өткен құмар ойындарынан бастап, алкоголизм, нашақорлық, жеңіл жүріс дейтіндей өзге де  рухани кеселдерді жатқызуға болады. Әттегенайы, көк жәшіктен ғана көріп-білген келеңсіз көріністер  аядай ғана ауылымызға таңсық болмай барады.  «Кім ішпейді, кім тартпайды, кім ойнамайды, бұны әңгіме етудің не жөні бар» деп  аталмыш тақырып төңірегінде бас қатырғысы келмейтіндер де бар. «Картаны тыю керек, әйелдер бұзылып барады, ақ жаулықты әжелеріміз де азартқа берілген» деп қынжылған ерлер де жоқ емес. Қалай деп ақталуға тырыссақ та, карта ойындары Алланың алдындағы ең ұнамсыз істердің бірі. Шариғи түсінік бойынша жеңіл жолмен мал табу дегенге пара-пар. Сахаба Абдулла ибн Омардың ﴾р.а.﴿: «Құмар ойын – еңбексіз, оңай табыспен келеді», – деген сөзі бар. Ал Мәкхуль бұған қатысты: «Жеңіл жолмен келетін табыс – құмар ойын саналады, ал құмар ойын – ақша табу немесе ақшаның жеңіл әрі қиындықсыз және әділетсіздікпен жұмсалуы», – деп құмар ойындарына анықтама берген екен. Бұл турасында ауданның бас имамы Қуандық Беріков:

–Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91-аяттарында:«Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» деген. Ойынға араласқан барлық ойыншының мақсаттары – тек қана ұту.  Жеңіліс тапқандар ашу-ызаға булығады, дөрекіліктерге жол береді, арам ойларға ерік береді, сонымен қатар ащы судан сіміріп отырады. Жіберген ақшасын қайтарып алу үшін қалтасындағы бар тиынын ортаға салады. Сөйтіп, қарызға қалай кіргенін байқамай қалады. Рухани азып-тозудың анық көрінісі осы болса керек-ті. Отбасындағы берекенің өздігінен жоғала бастауы, денсаулыққа кері әсері, достыққа түскен сызат т.б факторлар осынау құмар ойындарының кесірінен орын алуда. Әлбетте, болашағына бейқам қарамайтын адамдар карта ойындарынан, ақшаға бәс тігуден сақтанады деп сенемін»,- дейді.

Құмар ойынының салдарынан  бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық, қарызға бату сияқты ауыр жәйттер аз кездеспейді.  Бұдан да сорақысы құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін, т.б. қажеттіліктерін бәске тігушілердің де кездесетіндігі жасырын емес. Бұған мысал болатын жерлестеріміз де жеткілікті. Баспанасын картаға салып, нәпсісін тыя алмаған пақырыңыз пәтер жалдап, отбасын қаңғытып қойғанын ауылдағы ағайын жақсы білетіні анық.

Ұлт тәрбиешісіне, ұрпақ бойына бар жақсыны қалыптастырушы тұлғаға баланған әйелдер қауымының «азартқа» беріле бастағандары ойлантарлық жағдай. Әсіресе, самайын ақ шалған апа-әжелеріміз картаның соңына түсіп алды. Қонақтықтарды асыға күтеді. Көптен көріспеген ағайындармен жүздесіп,  арқа-жарқа болу үшін емес, карта соғып, құмарын қандыру үшін. Ойынға әбден берілгендері сондай, «бес-он тиынынан» айырылып қалған сәтінде эмоциясын жасыра алмай, дөрекіленгендерін де көз көрді.

Қонақтықты былай қойып, еске алу, жан садақаларының өзі карта ойынысыз өтпейтіні белгілі. Сорақысы сол, о дүниелік болған ағайынға күзетке кеп отырып, уақыт өлтіру үшін карта ойнайтын болдық.

Осы тақырып төңірегінде бірнеше адаммен тілдесіп көрдім. «Карта ойыны жалықтырмай ма,  қаншалықты жиі ұтасың…» деп әңгімені алыстан бастадым.  «Азартный ойын ғой, ұтқан сайын ұта бергің келеді. Жеңіліп қалсаң  жіберіп қойған ақшаңды қайтарып алуға ұмтыласың. Бір түннің ішінде 30 мың, одан да көп ақшамнан қағылып қалған күндерім болды.  Күйеуіммен сол үшін жиі ренжісетін болыппыз» дейді. Алайда, картаға деген «сүйіспеншілігіне» тоқтау салар емес. Айтуынша, араларындағы «мықты картожниктерден» қарымталарын қайтару үшін  жиі бас қосады екен. «Арнайы қонақтықтарды күтпейміз» деген танысым аты-жөнін жалпыға жария қылмауды өтінді. Тағы біреуі «Жиі ұтамын, храп, преферанс ойындарын жақсы көремін. Жолдасым  мен сияқты профессионально ойнамайды, любитель ғой. Көбіне балаларға сол қарайды, тамағын береді дегендей. Әжептәуір ақша тауып әкелгесін үндемейді» дейді масаттана. Омыраудағы сәбиі бола тұра карта ойындарынан қалмайтын келіншектердің ерсі қылықтарын әңгімелеудің өзі артық.

Осыдан бес-алты жыл бұрынғы танысымның басынан өткен оқиға есіме түскені. «Жас кезінде ойна да күл» деп жаттанды жауабымен ығыр қылатын сол танысым картаға құмар еді. Жоғары білімі, маңызды қызметі бола тұра құмар ойындарға әбден беріліп кетіп еді. Өзі де  «Фортуна үнемі менің жағымда» деп есіруін қоймайтын. «ВИП» орталарда ғана ойнаймын деп кеудесін керетін. Ащы суға біртіндеп әуес болды.  «Виски», «коньяк» дейсіз бе, ұрттайтыны қымбат ішімдік.  Ұзын сөздің қысқасы, уақыт өте келе картаға әйелі де әуес болғанын естідім. Картаға баулыған өзі екен. Өйткені, жеңіл бизнес, жеңіл ақша. Әйелі де қарсылық білдірместен, келіседі. Ақшалары молая түседі. Алайда, қаржы ұлғайғанмен, отбасындағы берекелі күндері берекесіздікке ұласа бастайды. Әйелі ойынға әбден құмартқаны сондай бала-шаға қараусыз қалды. Ұрыс-керіс көбейеді, әйелден сүйкімі кеткен соң ері де жайлылықты сырттан іздейтін болды. Танысымның шаңырағы көп ұзамай шайқалды. Жаза берсек, күнәлі ойыннан зардап шеккізген мысалдар  жетерлік…

Айтпақшы, сұқбат алу барысында «Шахмат, тоғызқұмалақ, биллиярд туралы неге   айтпайсыздар,  бұларға да бәс тігеді» деп өздерін ақтап алуға тырысқандар да болды. Бас имам былайша жауап берді.

  • Имам Әбу-Ханифа мазхабы бойынша карта ойындары харам ойынға жатқызылады. Бір картаның ішінде қаншама коллода бар.  Бұларды тарата бастағанда қайсысы сізге түсерін білмейсіз ғой. Әйтеуір, көместі білмесе де айла-шарғыға салып, бір-бірінен қулық асыруға тырысады. Ақша тігіледі. Ұтса – қуанады, ұтылса– ашу-ызаға булығады, бейпіл сөздердің айтылатыны белгілі. Ал, шахмат, биллиярд, дойбы, тоғызқұмалақ секілді спорттық ойындарда ереже айқын, стратегия арқылы жүзеге асады. Қарсыластары өзара тең отырады. Шахмат тақтасында фигуралары, тоғызқұмалақта — құмалақтары, биллиярд үстелінде шарлар қарсыластардың көз алдында тұрады. Ешкім қолының астына салып, жасыра алмайды. Ақыл-ой, есеп жүйріктігі керек. Биллияр ойнаушыларға қолдың күші мен геометриялық білім керек. Әлбетте, мына жәйтті ескерейік. Бұл ойындарды да ақшаға салып ойнау дұрыс емес. Бәс тігіп, таңның атысы кештің батысы ойынмен уақытын құрту мұсылманға тән емес. Сондықтан, спорттық дәрежеде өткізіліп, жарысқа қатысу, достық негізде ойнау бөлек әңгіме. Бәс тігу, лас тірлікпен ұштастыруға мүлдем болмайды».

Айтпақшы, елімізге есімі белгілі әнші, «Жігіттер» тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымов жуырда «Ақ пен қара» кітабын жарыққа шығарды. Сөйтсек, әнші бауырымыз да кезінде құмарға елітіп, қарыздың құлы атана жаздаған екен. «Өз өмірімді мысалға келтіре отырып, кітап жазуға бел будым.  Ол уақытта жас болғандықтан, жиналып алып құрдас жігіттердің үйіне барып карта ойнайтынбыз. Бірте-бірте ақша тігіп ойнауды үйрендік. Сонымен, көп көлемдегі ақшамен ойнайтын ортаға тап болып, әрмен қарай күнәлі іс жалғаса берді. Отбасымнан береке қашты. Үйдегі уақ жандықтар, тіпті ақыр соңында сауын сиырды да түн қараңғысында жүк көлігіне тиеп сатып жібердім. Сөйтіп  былыққа бата бердім. Ең қорқыныштысы карта ойнаушылардың арасында әйелдер де көбейіп келеді. Бірақ, оның жетегіне кетпей дер кезінде тоқтауымыз тиіс» деген ол жұртшылықты карта ойнаудан бас тартуға шақырады.

«Ақылды адам өз қателігінен, данышпан адам өзгенің қателігінен сабақ алады» деген тәмсіл бар ғой. Картадан ұтылып, қарызға белшесінен батып, отбасын ойран қылған жандардың тірлігі бізге көп нәрсені ұғындырғандай. Карта ойнау – абырой әпермейді. Алты қағаздан ақша табуды мұрат тұтқан ұтпайды, ұтылады. Күнәлі іске құмартпаңыз!