14.05.2020, 10:38
Қараулар: 100
COVID-19: САУАЛ – СІЗДЕН, ЖАУАП – БІЗДЕН

COVID-19: САУАЛ – СІЗДЕН, ЖАУАП – БІЗДЕН

11 мамырдан бастап елде төтенше жағдай тоқтатылды. Алайда, мамандар карантиндік режим сақталады деуде. Ендеше, осы бір жағдайда аудан тұрғындарына емін-еркін дүкендерге, басқа да қоғамдық орындарға баруға болады ма? Бұл режимнің талаптары қандай? Осы және т.б.  сауалдармен ауданның бас санитары Света Рамазановаға хабарласқан едік.

  • Төтенше жағдай алынуына байланысты облыс бойынша Орал қаласы мен Бөрлі ауданындағы блок-бекеттерден өзгесі жұмысын тоқтатты. Нақтырақ айтсақ, ауданаралық қатынас толықтай ашылды. Яғни, тұрғындарымыз көршілес аудандарға баруға болады. Тек қалаға жол түзеген жерлестің себептері әлі де сол штаб отырысында қарала береді. Яғни, шұғыл шаруамен болмаса, өзгелей себеппен қалаға баруға болмайды. Ал, облыстан шығуға рұқсат жоқ.

Дүкендерге келер болса, ауданымыздағы барлық сауда нысаны жұмысын бастады. Тек карантиндік режим, яғни, бұрынғыдай екі метр арақашықтықты сақтау, маска кию, мүмкіндігінше залалсыздандыратын сұйықтықты пайдалану немесе қолғап пайдалану тәртібі сақталады. Шаштараз, фотосалон сынды қызмет көрсету орындары да іске қосылды. Тек барлығының жұмыс уақыты 10.00-18.00 аралығында болуы тиіс. Балалар ойын алаңдары да ашылды. Барлығына маска кию тәртібі ортақ, арақашықтықты сақтау да солай. Әзірге, мектептер мен балабақшалардың жұмысы тоқтап тұр. Олардың ашылуы қазіргі карантиндік режимде вирустың таралу ахуалына байланысты. Демек, осы тұста тұрғындарымыздың санитарлық тазалыққа, маскалық режимге, денсаулыққа деген жауапкершілігі сынға түседі. Алдағы апталарда жаман індет таралмаса, 25 мамырға дейін созылған карантиндік режим сатылап жеңілдетіледі. Бұл жайында облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Арысбаевтың қаулысында кеңінен айтылған. Ескертетін жайт, карантиндік режим тоқтатылғанымен, маскалық тәртіп Covid-19 вирусы жойылғанша сақталуы ықтимал. Сондықтан масканы шешуге асықпаған абзал. Тіпті оны да ұялы телефондай айнымас серікке санаған жөн.

Дайындаған Раушан БАҚЫТОВА