28.07.2020, 0:13
Қараулар: 375
«СМЕНАДАН» БАСТАЛҒАН СҮЙІСПЕНШІЛІК

«СМЕНАДАН» БАСТАЛҒАН СҮЙІСПЕНШІЛІК

«Бізге — 90» айдарының бүгінгі қонағы – өмірінің он жылдан астамын аудандық газетке арнаған Исатай Лайхов. Исатай ағамыз суретпен сөйлеп, аудан тірлігін тарихқа таспалаған фототілші.

 

«СМЕНАДАН» БАСТАЛҒАН СҮЙІСПЕНШІЛІК

Исатай аға фото түсірудің әліпбиін Жәнібек ауылындағы Абай атындағы школа-интернатта оқып жүргенде үйрене бастаған. Жас буын оқырмандар үшін фотоға түсіруге үйренеді деген сөз тіркесі түсініксіздеу көрінер. Шындығында шалыс естімедіңіз, бұрындары фото түсіру, оны шығару екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс еді. Бүгінгідей компьютерге сала салып, принтерден дереу шығара салмайсын, оны әдейілеп оқитын. Суретті қараңғы бөлмеде өңдейтін, түрлі «закрепитель», «проявитель» деп өздерінше атайтын сұйықтықтарға малып, арнайы қыстырғыштармен ілгеннен кейін ғана ақ парақтардан сіз нысанаға алған бейнелер біртіндеп қылаң беретін еді.  Сен жұмыс жасап отырған қараңғы бөлмені ойда жоқта біреу ашып қалса да, пленканы дұрыс ашпасаң да, еңбегің зая кетті дей бер! Жанып кетеді. Тура мағынасында еңбегің еш болды, жанып кетті деген сөз. Ол кезде қазір ғана түсірген суретіңді тап сол заматта нәтижесін көре алмайтынсың.  Фотокорреспондент фотоны шығарып қана қоймай, оның клишесін, яғни, суреттің металдағы көшірмесін өзге жерден жасатуы қажет болатын. Міне, осы істі өз заманында Исатай Лайхов атқарып келді.

Бала кезінен аттың шабысын, достарын өзінің кішкентай ғана «Смена» фотоаппаратымен түсіріп, оны шығару үшін бес шақырым қашықтықтағы Есаға деп атаған көршілес ағасына баратын. Ен даладаға жалғыз үй. Электр жарығы жоқ. Ал, фотоны шығару үшін керекті құрылғылары өз алдына электр жарығы ауадай қажет. Өйткені күннің сәулесі суретті бірден  жояды. Балалар моторды тұтатып, содан таралған электр жарығымен сурет шығаратын. Осылай балалық қызығушылық кездескен кедергілерді елең қылмастан, одан әрі ұмсындыра түсті, ынтықтыра берді.  Сол кезде кейіпкеріміз фото түсіру өзінің кәсібі болар деп те ойламаса керек. Тек  аудандық мәдениет бөлімі басшысы болған Нарынбек Мамаев Исатайды өз қарамағына фотограф болуға шақырғанда ұсынысты бірден қабыл алады. Оралдағы ауылшаруашылық училищеден агроном-бақшашы мамандығын меңгерген жас маман үшін  өзгенің үйін паналап, Мұратсай ауылында қызмет ету оңайға соқпаса керек.  Фотоаппараттың тілін білетін жас жігітке аудан орталығына, бастысы өз үйінде тұрып қызмет ету жақсы мүмкіндік болды. Осылайша жас бақшашы өзін фотография саласында сынап көреді, бұл мамандыққа да машықтана,  мамандана бастады. Аз уақытта аудандық редактор Хамит Сүлейменовтен газетте қызмет етуге шақырту түседі. Кейіпкеріміздің тоқсан жылдық тарихы бар газетіміздегі еңбек  жолы осылай басталды.

«ФОТОҒА ТҮСІРУ ОЛ ШЫРТ ЕТЕ САЛУ ЕМЕС»

– Ол бір қол күші жетпейтін заман еді. Жыл сайын әр мекемеден әр түрлі жұмыстарға жұмсалатын едік. Бірі шөп науқанына қатысса, бірі қой қырқуға баратын. Мәселен, әріптесім журналист марқұм Мақсот Молдағалиев комбайн жүргізетін. Ал мен жыл сайын сақманға баратынмын. М.Мәметова атындағы кеңшардан Жанат Бақытов екеуіміз 45 күнге мал төлдету науқанына жіберілдім. 1983 жылдың 29 сәуір  күнгі кешкісін Тереңқұдық ауылының меңгерушісі Мәтеш ағай келіп:

  • Исатай, тез-тез жинал. Қазір Сайқынға мына көлік сені жеткізіп салады. Басшылықтың тапсырмасы солай, сен аудан орталығына жетуің шарт,-деді.

Түнделетіп жетіп, ертесіне ертелетіп редакцияға барсам, Балмолда Тоқсанов «Қашан келіп қалдың?» деп сұрай түседі де «басшылық тапсырмасымен Алматыға фотографтардың курсына барасың. Сенімен бірге «Орал өңірінен» Сырымбек Тұяқов баруы керек, алайда оны қазір шаруалары бар. Сен бара бер. Ол кейін қосылады» деп қолыма қаражатын, билетті беріп, ат басын тірер жерімді айтып шығарып салды. Алматыдағы мәдениет институты жатақханасына орналастым. Курсқа барсам, республика бойынша тек 7-8 ауданнан ғана фотограф келген екен. Онда жас мамандарға  көп нәрсе үйретіпті. Фотографтың жүрісінен бастап, аппаратураны тасымалдағанда, жиындарда жүргенде аяқтың дыбысын шығармауды үйретті. Лауазымды  адамдарды қалай түсіру қажеттігін, жиналыстарда, басқа да шараларда неге мән беру қажетігін түсіндірді. Негізі сөз сөйлеуші адамды қырынан түсірген абзал дейтін. Сала  мамандары фото ұтымды болу үшін күннің сәулесін де дұрыс пайдалану тәртібін қадап айтты.  Соған қатысты тапсырмалар беретін. Жиналыстар былай тұрсын, көл жағалауын, зообақты аралап кететінбіз. Әр сапарымыздан бес кадр түсіріп келу керек дейтін оқытушыларымыз. Ондағы көпті көрген Ким деген оқытушымыз сақ болуға да үйретті. Жұмыс бабымен ішімдік ішкен адамдарды түсіретін жағдайлар болады, сен түсірген адам жөнінде кейін фельетон жазылып, оған түсірген суретін жарияланып жатады. Сондайда ренішін жұдырықпен шешетін жайлар болатынын ескертті. Сонымен қатар әскери нысандарды түсіргенде де мұқият болуды тапсырды. Біздің өңірдің көп жері полигонға берілгендігін ескертіп, құпия нысан болып саналатын пункттерді түсірмеуге, жалпы фотографияны түсудің өзіндік қыр-сырларын да, одан келетін кеселді де үйретті. Бір сөзбен айтқанда, фотоға түсіру шырқ ерту емес, оның да өз нюанстары болатынын ұғындырды. Белгілі канадалық фотограф Юсуф Карш айтпақшы, «Объективті ашпас бұрын қара да ойлан. Өйткені шынайы объективтің камерасы ол сенің жүрегің мен санаң»,- дейді өткен күндерге ойша оралған кейіпкеріміз.

ТАУ ЕТЕГІНДЕГІ ТАНЫСУ

Тау таумен кездеспегенмен, адам адаммен кездеседі дегенді де осы Алматыға барғанда білдім. Осы фотографтардың курсының алғашқы күні әр кім өзін қай жерден, қандай газеттін келгендігін айтып таныстып жатыр. Бір кезде бір әріптесім өзін Қарғандыдан келгенін айтты да, туған жері Орда ауданы, Сайқын стансасы  демесі бар ма? Бет-жүзіне қарадым да танымадым. Десе де мен де дәл сол ауылдан келгенімді айтып, таныстарын сұрастыра бастадым. Сөйтсем ол, Гүлжиян апаны (Бисекенованы), Мәрия әжейді, Ертарғын Самиғоллинді, Боранбай Қонысбаевты, Сисемәлі Қуаншалиевті, Қанат Бекеевті, Ермек Қазиевті, Нарынбек Мамаевты, т.б. ауылдастарды таниды. Өзі «Нарын» оркестрін  алғашқы ұйымдастырушылардың бірі Серік Бұхаров деген азамат екен.  Сол кезде оның шетел асып, Германияға қоныс аударуға жоспарлап жүргеніне хабардар болдым. Оның зайыбы неміс екен. Жарын өз еліне шақыртқан екен. Тек онда Серікке фотограф болуға болмайды, яғни, фотограф боп газетте істеуге рұқсат етілмейді. Алайда, музыкант болуға жол ашық. Осылай ойламаған жерден Алматыдан ауылдаспен таныстым. Арада уақыт өткенде Сисемәлі ағам сол Серік әріптесімнің Германиядан жолдағанын сәлемін жеткізген еді. Қуанып қалдым. Айтпақшы Серік тұрған үй әлі де бар. Қазір кім тұратынын қайдам, әйтеуір бес-алты жыл турасында Бөкейханов көшесіндегі ол сол үйде Таңат Сәрсенбаев тұрып еді.

БІР ФОТОНЫҢ ТАРИХЫ

Белгілі аустралиялық балалар фотографы Анна Геддес айтқандай «Уақытқа қарамастан, қараған сайын өзіндік күшін, ықпалын жоймайтын фото ең жақсы болмақ». Исатай ағамыздың да қоржынында көптің санасында сақталған, газеттің бетінде жарияланған ұмытылмас суреттері бар. Соның бірі туралы газетіміздің ардагері Амантай аға Хамзин баяндап берді.

  • Жайлаутойдан қайтып келе жатырған кезіміз. Бір кезде өзіміздің Сейтқали ауылы маңындағы көлдегі қамыстан алдымен қос аққу артынша тағы бір жұп, одан кейін тағы… кезектесіп шыға бастады. Қызықтап санай бастадым. Өз көзіме сенбедім, тура отыз бір жұп аққу қалықтай шыққанда олар бізге түсініксіз би билеп жүр ме дерсің? Бүгінде суы тартылып кеткен осынау көлде қалықтаған алпыс екі аққуды өзіміз көргенбіз. Сол аққулармен суретке де түстік. Жұпар Жұмақаева, Ғайсағали Сейтақ, мен және шопыр жігіт бар едік ол суретте. Міне, осы ұмытылмас сәтті қағаз бетіне түсірген Исатай ағаң еді. Оның сол жайлаутойда түсірген тағы бір суреті бар. Онда ұлттық киім киген мұратсайлық шабандоз қыз арғымағын секіртіп тұр. Ал, жерде қанден ит оған тамсана қарап тұр. Оны бір сирек кездесетін кадрлар деуге әбден болады.

ЖЫЛЫ ҰЯСЫН ҰМЫТПАЙТЫН ЖАҚСЫ АҒА

Сонау тоқырау кезеңінде ағамыз да қысқартудың құрығынан қалыс қалмапты. Жаппай қысқарту жайлай бастағанда Исатай ағамыз өз арнасын табуға бел буады. Сөйтіп, 1991 жылы өз еркімен қара шаңырақпен қош айтысады. Бауырларыммен шаруашылық құрып, ата кәсіпті қолға алады. Келісті тірлік кешіп отырған ағамыз қыста қар қалың түссе, қардан қора жасаса, жазда шағын бақшасына қызанақ, қиярын егіп, өнімдерін кәдеге жаратып келеді. Әйгерім жеңгей екеуі бүгінде тұңғыштарынан немере сүйіп, одан кейін ерген екі ұлына келін түсіріп, жас отау  шаттығын көруді мақсат еткен кемел жаста.

Исатай ағамыз жылы ұясын ұмытпай, оқылымды мақала, бөлісер ой болса, арнайы келіп, «мынаны мықты беріпсіңдер» деп қошемет сөзін айтып, көңілімізді көтеріп отыратын тұрақты оқырман. Қызметтен кетсе де, ескі дағдыдан қол үзбей, газеттің әр санын қуана қарсы алып, тігінді ғып жинап отыратын тілеулес ағамыз.

 

Раушан БАҚЫТОВА