17.09.2020, 10:13
Қараулар: 295
ҚАРЖЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛУДА?

ҚАРЖЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛУДА?

Бұл сауалға тиісті сала басшылары  қыркүйектің 14-інде өткен қоғамдық кеңес отырысында жауап берді. Отырыс күн тәртібінде бейбіт жиналыстар ұйымдастыру тәртібі мен мемлекеттік қызметтердің сапасына жасалған мониторинг нәтижесі таныстырылып, мемлекеттік сатып алу заңдылықтары, нысаналы индикаторлардың қолжетімділігі мен бюджеттік бағдарламалар орындалу барысы туралы  айтылды.

Сонымен қатар кеңес отырысында Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Жігерованың сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарған жұмыстары тыңдалды.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ажғалиев ҚР «ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңына сәйкес аудан орталығы мен ауданға қарасты ауылдық округтерде бейбіт жиналыстар өткізілуге рұқсат етілген арнайы орындармен, шекті нормаларымен таныстырды.

  • 2020 жылдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасымен орталықтандырылған мемлекеттік сатып алу жүйесі пилоттық режимде іске қосылған. Аудан бойынша мемлекеттік сатып алуды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі жүзеге асырып отыр. Биылғы жыл басынан бері тапсырыс берушілерден 66 өтінім түскен. Оның біреуі тауар, 41-і жұмыс, 24-і қызметке тапсырыс берген. 66 өтінімнің 20-сы кері қайтарылып, түзетулер енгізілді. Түзету демекші, мамандарға мемлекеттік сатып алу заңын түсіндіру мақсатында екі семинар-кеңес өткізілді. Жалпы алғанда, 357 млн. 404 мың 554 теңгеге конкурс өткізілді,-дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин.

Аудандық  сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қоблан Жанғалиев те бөлімнің жыл басынан бері игерген қаржысына қатысты мәлімет берді. Биылғы жылы қолға алынған жобалар мен жетіспейтін қаржы сомасын ғана айтып өтпей, келер жылы қолға алынатын күрделі нысан, ауқымды жобалар туралы да ақпар берді.

Ауданның бас құрылысшысының айтуынша, Сайқын ауылында 22 екі пәтерлік, екі қабатты 12 пәтер, Бисенде екі екі пәтерлі үйдің құрылыс қолға алынбақшы. Аталмыш нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ