19.11.2020, 16:04
Қараулар: 331
САЛА МАҚТАУЛЫЛАРЫ

САЛА МАҚТАУЛЫЛАРЫ

Төл валютамыздың туған күнінде кәсіби мерекелерін тойлайтын қаржы саласының мақтаулыларын атап өткеніміз де артық етпес.

Біле білсеңіз бухгалтер мамандығы күллі әлемде ең жоғары құзыретті, құрметті әрі талап етілген мамандықтарының бірі. Шағын жеке кәсіпорыннан бастап, ұлттық холдингтер мен мемлекеттік құрылымдарға дейінгі кез келген компания үшін бухгалтерлердің қызметі аса қажет. Бухгалтерлер есеп, қаржы және материалдық-техникалық құндылықтар бақылауы сияқты маңызды салаларға жауап береді.

Осындай маңызды жұмыстарды ұршықтай үйіріп, өз жұмысын дөңгелетіп отырған мықтылардан кім бар десеңіз, осы саланың ісін парықтай білетіндер Гүлмира Каримова мен Гәкку Қойшекенованы айтады.

Гүлмирамыз  – аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы. Еңбек жолын бас есепшіге көмекші боп бастаған Гүлмира лауазымдық сатымен көтеріліп, бүгінде миллиардтаған қаржының айналымын реттеп, соның есебін шығарып отыр.

Аудан бюджетінің 75%-ын иеленетін білім саласының есеп-қисабын жүргізіп отырған Гәкку Берікқызы өз ісіне мығым, жас та болса мықты маман санатында.  Бас есепшілік қызметті атқарғалы үш жыл болса да, өзіндік есеп-қисаптың, оның электрондық нұсқасын өте жақсы меңгерген бұл маман еңбек жолын 18 жасында осы аудандық білім бөлімінен бастаған. Гәкку Берікқызын тарыдай бап келіп, таудай боп өсіп келе жатырған білікті маман деп айтуға толық негіз бар.

Сөзімізді осы саланың білгірі,  ауданымыздың бас қаржыгері, аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Раушан Абдоллинаның өқттықтауымен тәмамдасақ, артық айтып, кем түспесіміз анық. Сонымен бас қаржыгер әріптестеріне:

Есепшілердің алдында тек сандар болғанымен, олардың артында атқарылатын игі істер, қызметкерлердің еңбекақысы, сайып келгенде бірнеше адамның тағдыры жатыр. Есепшілердің есебінде дәлдік болмаса, қай іс те алға баспайды. Сондықтан кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріме, есептерінде мін болмай, баланстарыңыз бұзылмасын,-дейді.

иә, дебит пен кредиттің теңдігі, жетістік пен сәттілік балансы бұзылмасын!  Тоқсандық есеп толымды, жылдық есеп жетістікті болсын!