15.01.2021, 17:46
Қараулар: 237
ОТБАСЫЛАР ДОДАҒА ТҮСТІ

ОТБАСЫЛАР ДОДАҒА ТҮСТІ

М-С.Бабажанов атындағы ЖОББ мектебінде «Жыл отбасы – 2020»  отбасылық байқауы ұйымдастырылды. Қашықтан өткен байқау  таныстыру; «Табиғат аясында» тақырыптық отбасылық сурет; өнер сайысы; интеллектуалды сайыс; жағдаяттарды шешу сияқты бес кезеңнен тұрды. Байқау шарттары отбасыларға алдын ала хабарланды.

Байқауға 10 отбасы қатысты. Байқау шартына сай отбасылар бастапқы кезеңдегі өз бейнероликтерін және екінші «Табиғат аясында» кезеңі бойынша отбасылық фотосуреттерін инстаграм парақшасында #jylotbasy2020 #МСБабажановмектебі хештегімен және @babazhantimes парақшасын белгілеп салды. Бірінші кезең бойынша ұйғарымды қазылар өздері шығарса, фотосуреттерді бағалау жүйесі 50/50 болды. Яғни, бағалаудың 50%-ы әлжелідегі лүпіл санымен бағаланды. Екі кезең қорытындысы бойынша іріктелген отбасылар «Өнер сайысы» бойынша додаға түсті. Үш кезең бойынша  жоғары балл жинаған төрт отбасы интеллектуалды деңгейлері тексерілетін келесі кезеңге жолдама алды.  Бұл ретте қатысушыларға А.Құнанбаев, Әл-Фараби, Ж.Молдағалиев, Тәуелсіз еліміздің және өлкеміз Бөкей Ордасының тарихы туралы сұрақтар қойылды.

Сайысымыздың соңғы сынағында отбасыларға алдын ала жағдаяттар берілді. Отбасы мүшелері толықтай қатысып, әр жағдаят бойынша әкесі мен анасы жеке жауап берді. Қазылар отбасыларды жеке бағалап, кезең бойынша қорытынды  шығарды.

Алғаш рет қашықтан өткен «Жыл отбасы – 2020» байқауының  қорытындысы бойынша: Бас жүлде – Ертарғын  әулетіне (1а-сыныбы) бұйырса, І орын – Аққойшиндер  отбасы (4б— сыныбы), ІІ орын – Нұғмановтар отбасы (1в-сыныбы), ІІІ орын – Халиевтер отбасы (3в— сыныбы) иемденіп, дипломмен және сыйлықтармен марапатталды.  Мектепішілік «Жыл отбасы – 2020» байқауына  үшін аудандық білім беру бөлімінің  кәсіподақ қолдау көрсетті.

Жұлдызай Қойшекенова,

мектеп тәлімгері