15.01.2021, 17:57
Қараулар: 314
ЖОЛДАУМЕН ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

ЖОЛДАУМЕН ЖАҢА ӨЗГЕРІСТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

 

Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылдың 19 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойылды.

Жаңа өзгерістерге сәйкес  прокурор қылмыстық іс бойынша жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндеттенеді.

2021 жылдан бастап қылмыстық істер бойынша прокурорға адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндеті заң арқылы берілді.

Аталмыш міндеттер осыған дейінгі қылмыстық-процестік заңнамада болған жоқ. Яғни, тергеу органдары қылмыстық істер бойынша төмендегі  процессуалды шешімдерді міндетті түрде прокуратура органдарымен келісуі тиіс. Олар — азаматтарды күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, тергеп-тексеру мерзімдерін үзу.

Сонымен қатар, қылмыстық іс немесе қылмыстық қудалауды тоқтату, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы процестік шешімдерді, қылмыстық теріс қылық туралы хаттаманы бекіту үшін прокурорға жолдау көзделген.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет» екендігін аса назарға аударды.

Қызметтің озық әдістерін, әсіресе халықаралық тәжірибелерге бейімделу мүмкіндігі, азаматтардың жаңа сұраныстарына орай, құқық қорғау органдарының алдында жаңа талаптар қойып отыр.

Қазіргі таңда елімізде дамыған елдердің тәжірибесін басшылыққа ала отырып, қылмыспен күресте азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін, жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін, құқық қорғау органдарының ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру жүзеге асырылуда.

Жоғарыда қабылданған заңнамалық өзгерістер осы мақсатты орындауға бағытталған қадам болып табылады.

Қанәбіл ТӨРЕМҰРАТОВ,                                                            

аудан прокуроры