19.02.2021, 17:23
Қараулар: 412
ЖАСЫН ҒҰМЫР

ЖАСЫН ҒҰМЫР

15 ақпан. Бұл күн – Ауған соғысынан аман келген ардагерлері үшін көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр күн. Бұл күн – сол кездегі елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні. Дәл осы күні жер-жерде ауған ардагерлерін шақырып түрлі басқосулар, үлкенді-кішілі шаралар өтеді. Бұл дәстүрге айналған. Кандагар сияқты алапат қырғыннан аман келсе де, соғыс салдарынан көпке ұзамай қайтыс боп кеткен, әлі күнге сол сұм соғыста көргенінен ес жинай алмай жүрген құрбандар қаншама?!…

Отызына жете алмай опат болған оғланның бірі – Серік Жанғазиев. Аңдыған оқ пен тұтқиылдан жарылған минадан аман келген ағамыз Жайықтың ұйығына жұтылып кете барған екен.

ОТ ЕДІ, СУҒА КЕТІП, ЖОҚ БОЛДЫ…

Бауырымның ғұмыры келте болды ғой. Ұл балалардың үлкені еді. Екі әжеміз бен атамыз болды. Мейірімге шомып, ерке өсті. Еркелеп шолжаң болмады, есті боп өсті. Әкемнің бауыры Фазыл Әбдірешев ағамыз «әкесіне серік болсын» деп атын Серік қойған еді. Артынан қос бірдей ұл ілесті. Серік елгезек, бауырмал, мейірімді еді. Әнге, өнерге жақын болғандықтан шығар, жаны нәзік болатын. Ата-әжелеріміз болғасын әке-шешемізді аға-жеңгедей көріп, анамыз Нұрзияны қайныларына ілесіп «Нөкес» деп кетіп едік. Жалғыз Серік қана «мама» деп өтті. Ол кезде мектеп оқушыларын спортқа баулу мықты ұйымдастырылатын еді ғой. Қыс басталды, мұзайдын дайындалып, бала біткен хоккей ойнайтын, футбол, волейболың тағы бар. Серік сол үйірменің бәріне қатысып, бәріне үлгеретін. Ғұмырының келте боларын сезгендей бәріне үлгеруге тырысыпты-ау. Жақын туысымыз Уахит Сариевке үйірсек болды. Уахит ағамыз Жәнібек, Ордаға өнерімен, композиторлығымен танылған жан ғой. Серік те ән айтты. «Нарын» ансамблінің мүшесі болды. Мектеп бітірген соң пединституттың физика-математика факультетіне тапсырып еді, жолы болмады. Ауылға қайтып келіп, мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп жүрді. Сөйтіп жүргенде әскер қатарына шақырылып, Өскеменге аттанды. Ауылдасымыз Марат Досқалиев та сол Өскеменде Отан алдындағы борышын өтеп жүреді.  Марат ауылға келді, Серіктің жағдайын сұрасақ, сөзден қашып, мардымды ештеңе айтпайды. Серіктен хат келмей қалды. Қазіргідей байланыстың дамыған кезі емес. Ата-анамыз кәдімгідей абыржып уайымға салынды. Кейін білдік қой, Марат Серіктің әскери борышын өтеп жүрген мекенжайына барса, ұшты-күйлі жоқ дейді. Құдды бір ешқандай әскери бөлімше болмаған сияқты. Бізге не айтарын білмей дағдырған екен ғой.

Содан үш айға дейін бір хабарын біле алмадық. Айдың, Күннің аманында әскерде жүрген ұлының өлі-тірісін біле алмау ата-ана үшін қандай азап болғаны айтпаса да түсінікті ғой. Серіктен көптен күткен хат келді. «Қайда екенімді, мұнда қашанға дейін болатынымды білмеймін. Бір білетінім Отан алдындағы азаматтық міндетім, әскери борышымды өтеп жүрмін. Аман-саумын. Уайымдамаңыз. Көріскенше» деп қысқа қайтарыпты. Содан соң да сирек болса да амандығын айтқан хаттар келіп тұр. Ешқандай фотосурет жолдамайтын. Фотоларын кейін көрдік қой. Ауған соғысына жіберілгенін бірден білмедік. Теледидардан да, басылымдардан да ол туралы айтылмады. Сол кезде менде жапондық магнитолла болды. «Голос Америки» деген радио толқынын тығылып тыңдайтын едік. Кеңес Одағы мен Ауған арасындағы қырғи-қабақ соғыс туралы ең алғаш сол радиодан естідік. Алла қолдап, бауырымыз ажалдың аузынан аман оралды. Елге келген соң мал дәрігері мамандығы бойынша Оралдағы ауылшаруашылығы институтына оқуға тапсырып, сырттай оқыды. Ауылда ел қатарлы жұмыс жасады. Үйленді, сәби сүйді.  Бір күні екі кештің ортасында «кеңшардың малын тиеп, іссапарға кетіп барамын» деп асығыс амандасып кетті.  Ол кезде диплом оқуды бітіріп, бір жыл қызмет жасағаннан кейін берілетін еді ғой. Сол барғанында диплом алатын бопты. Маусымның 6-сында диплом алып, группаластарымен атап өтпекші болады. Сол күні аптап ыстық боп еді. Мейрамханаға барса, бір айналып келулерін сұраған. «Ақжайық» қонақүйі Жайықтың жағасында ғой. Уақытты текке өлтірмейік деп жігіттер Жайыққа түспекші болады. Серік те суға қойып кетеді. Сол кеткені кеткен екен. Бірден таба алмадық. Қаладан бастап Тайпаққа дейін сүңгуірлер іздеп көрді. Бұлшықеті құрысып қалды ма, су астындағы балдыр, басқаға аяғы шырмалып қалды ма, кім білген? Оқтан, оттан аман келген бауырымның ажалы судан болды, от еді-ау, суға кетіп жоқ болды ғой,-дейді алыс күндерді еске алған кейіпкеріміздің біртуғаны Әлия апа Әбдірешева.

Көңілі босап, үнсіз қалған апамыз:

Адам тәубешіл болады екен. Сол Ауған соғысында қаншама жас жігіттеріміз қаза тапты, із-түссіз кеткені қаншама?… Серігіміз аман келіп, ұрпақ сүйді. Артында әкесінің отын өшірмейтін Мейрамбегіміз бар. Соған шүкіршілік етеміз, – деп сөзін жалғастырды.

Сүйікті ұлының Ауған барып, соғыс көрсе де, дін аман келгеніне қуанған ана жүрегі бұл қазадан ауыр соққы алды. Сол қайғы жүректі дерт боп алып соқты. Отадан өтті. Жасы тоқсанға таяған кейуана бүгінде облыс орталығында тұрады. Сағынышы шемен болған ананы мазалауды жөн санамадық.

«МІНЕЗІМЕН ЖҰҒЫМДЫ ЕДІ…»

Серік ағамыз 1979 жылдың 26 желтоқсанында Ауғаннан бір-ақ шығады. №51863 әскери бөлімде осы ауданның тумалары Исатай Хайырлиев, Елтай Қонақбаев, Мүслемедин Таубаевтармен бірге борышын өтеген. Кабул, Чирикар, Бамиян, Герат, Саланг қалаларында ізі қалды.

Серік бала жастан көпшіл, ортада белсенді боп өсті ғой. Мінезінің ашықтығы, көпшілдігінің арқасында кез келген ортада өзін еркін сезінетін. Жұғымды болды. Достары көп еді. Сауаттылығы ерекше еді. Басшылық Серіктің білімін, жауаптылығы мен ұқыптылығын ерекше бағалаған. Бөлімде іс жүргізуші болды. Ажалдың шеңгілінен, мылтықтың аузынан аман келсе де, марқұмның өмірі қысқа болды. Ауғандық сарбаздар ғана түсінеді, онда жүргенде құдды бір қылкөпірдің үстінде, пышақтың жүзінде жүргендей боласың ғой. Құлап кетуің де, туралып қалуың да әп сәтте. Ұмытпаймыз, өмірдің сондай қилы соқпағын бірге өткерген адамдар ұмытылмайды ғой, – дейді қандыкөйлек майдандасы Елтай Қонақбаев.

«ЖІГІТТІҢ СЫРБАЗЫ БОЛАТЫН»

Жігер Жанғазиев ағамызбен Советский көшесінде көрші тұрдық. Өнегелі, тату отбасы еді. Серік те, Рафхат та, Бауыржан да қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, жақсы тәртібі, адами қасиеттерімен өз орталарына сыйлы болды. Серік қайырқом, ақкөңіл еді. Гитарада ойнап, ән де айтты. Сол кезде «Советский спорт» газетін алдыратын едік. Серік пошта келген кезде сол газетті оқып тұратын. Оқуға алып кеткен газетін ұқыпты ұстап, бояуын жағып, күйелеш қылмай, тап-таза күйінде қайтаратын.

Титтей газет болса да, осының өзінен Серіктің ұқыптылығын, жауапкершілігінің жоғары, аманатқа адал болғанын көруге байқауға болады ғой. Жан-жақты жанып тұрған жігіт еді, жастай кетті,-деп еске алады Ерболат аға Таңатов.

«ӘКЕМНІҢ ӘНІН АЛЫП ҚАЛЫППЫН»

Серік  ағамыздың жары Гүлбахрам арысының артын күтіп, тұрмыс құрмады. Бүгінде жалғызынан көрген үш немересінің қызығын көріп отырған жайы бар.

Әкемнен не бары екі жасымда қалдым ғой. Өз жұртым мен нағашы жұртымның арасында тел өстім. Әкем оқыған М.Мәметова атындағы мектепте оқыдым. Кейін Оралдағы жоғары оқу орнында оқып, эколог мамандығын меңгердім. Бірақ қазір мамандығым бойынша жұмыс жасамаймын. Жеке кәсібім бар. Таразда тұрып жатырмыз. Айсұлу, Жансұлу деген егізім, Айару деген еркемнің әкесімін, Динара есімді өзіміздің батыстың қызының жұбайымын. Бар тірлігім осы, – дейді батырдың тұяғы Мейрамбек Жанғазиев.

Әкеңді танитындар жеті қырлы, бір сырлы жігіттің сұлтаны еді деседі. Әкеден ес білмей тұрып қалғаныңмен қанмен берілген қасиет-қабілет бар шығар? – деп сұрадық.

Иә, әкем туралы тек жақсы сөз естимін. Математиканы шемішкеше шаққан, жетістігі кәсіби спортшыдан кем емес шымыр, шыныққан, қоғамдық жұмысқа белсенді болған әкемдей болу қайда?… Әкемнің ән айтатын қабілеті ғана дарыпты. Достарымның арасында, отбасылық отырыстарда ептеп әндететінім бар, – дейді Мейрамбек.

Әкесінің рухына дұға бағыштап, туған топырағына кеп садақа беретін ұлы барда Серік аты өлмесі анық. Үш кесте тігердің артынан ат ұстар да келер өмірге. Өмір жалғасады.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ