26.02.2021, 17:40
Қараулар: 199
АҚПАНДА «ҚАРҒА ҰЗАТЫЛАДЫ» ЕКЕН

АҚПАНДА «ҚАРҒА ҰЗАТЫЛАДЫ» ЕКЕН

 

 

Ақпанды «қарғалар» айы деп те айтады екен. Ол қарғалардың нақ осы айда жұптасатынынан шықса керек. Орнитологтардың зерттеуінше, жұптаспас бұрын «қарғаның қыз ұзатуы» деген кезең бар. Бұл, тіпті «Қарға жыры» деп,

Ақпан аппақ, мен қарамын,

аспан көк,

Ақпан жырын бастарда,

Қалқам,

сен де әнге қосыл, жасқанба.

Біздің неке қиылады

Жерде емес,

Аспанда, — деген ауыз әдебиетінде де көрініс тапқан.

Ұзақ қарғалар мен сауысқандар да ертең келетін көктемді күтпей, осы айда ұя салуды бастайды. Дұрысы ұя салуды емес, ұя тоқуды бастайды. Құс ұялары әрбір бұтақты, әрбір шыбықты, әрбір мамықты салмағына, түр-түсіне, иісіне, мықтылығына, майысқақтығына, ұзынды-қысқалығына қарай бөліп, бөлшектеп, шебер қиюластырып асқан ыждаһаттылықпен тоқылған инженерлік конструкция.

Халық жадындағы ақпан айы туралы көп мәлімет жылқыға байланысты сақталған. Ақпан қанша қаһарлы болса да, қыстың басқа айларына қарағанда  оның мейірім, шапағатқа толы сәттері көп. Иә, қанша қатыгез десек те бұл айдың өзіне тән жылылығы бар. Мысалы, сарышымшықтың тап бұлай сайрағанын сіз басқа кезде естіген жоқсыз. Әттең, тыңдағыңыз жоқ. Айдарлы самырқұстың дәл осылай дүр етіп ұшып, ұзамай топ болып қайта қонуын ақпаннан басқа қай айда көріп едіңіз.

Ақпан қазақтың «ақ ықпа», яғни боран деген сөзінен шыққан. «Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген бар. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады, аяз да күшейеді. Малдың жұтқа ұшырауы да осы айда басталады.