26.02.2021, 18:04
Қараулар: 307
Лавр ХАЙРЕТДИНОВ: «ЕЛ БІРЛІГІМЕН ЕҢСЕЛІ»

Лавр ХАЙРЕТДИНОВ: «ЕЛ БІРЛІГІМЕН ЕҢСЕЛІ»

Бұл ағамыз елмен біте-қайнасқан елжанды адам. Кесек сөйлеп, кесіп айтып, көп мәселені айтып жүр. «Бөкей хандығының 220 жылдығы, Жәңгір мектебінің 180 жылдығы – жай той емес, сын-той. Елдігімізді көрсетейік» деген пәтуалы сөзді де осы ағамыздың аузынан жиі естисіз. Басшылық қызметімен емес, парасат-пайымымен елге тұтқа боп жүрген Лавр Хайретдиновтің елге келген жұмыс сапарын сәтті пайдаланып, азды-кем сұқбат құрған едік.  

 

–Шежіресі бай Орда  ауылының  сан  қатпарлы  тарихында  Сіздің  де  ізіңіз айқын  екен.  Өткен  уақыт  биігінен  көз  салсаңыз. Тындырған  дүниеңіз, бастамашы  болған  жақсы  істер  туралы  айтсақ.

  • Осы ауданның төл тумасымын. Мектепті Ордадан бітіріп, еңбек жолымды осы ауылдан бастадым. Атам Хайретдин Танауов елге  сыйлы адам болған екен. 1952 жылы аудан  таратылып  басшылар  жан-жаққа  кеңселерімен көшіп кеткенде елде қалған  басшылардың  бірі.

Сол адамдармен араласқан, сыйласқан елдің зиялыларын көріп өстік. Ф.Тәжетдинов, Ғ.Зарипов, Ш.Сиранов сияқты аталарымыздан елдің тарихи әңгімелерін  тыңдап  сол  уақыттағы  ұрпақ  өсті, қалыптасты. Мен солардың біреуімін. Анам Айнаш Жабасова тарих  пәнінің  мұғалімі  және  өзіме  сабақ  берген тарихшы  мұғалімдер  Сатыбалды  Иманғалиев, Сисен  Байзоновтар  өлке  тарихына  деген  қызығушылықты  оята  білді  деп  есептеймін. Сондықтан, тындырған  істерімнің  ішінде  рухани  мәселелер  басымдылық алды  деп  ойлаймын.

Мен 1996 жылы  қаңтар айында, дәл 25 жыл  бұрын  аудан  әкімі  болып тағайындалдым. Сол кезде Бөкей хандығы жөнінде елде көп айтылмайтын еді, сол кеңестік  идеологиямен  қалыптасқан  бағыттағы  тарихымызды  айттық, оқыттық. Тіпті  Орда  ауылындағы  музей  «Орда тарихи-революциялық музейі» деп  аталатын. 1996  жылы  елде  қалыптасқан  жағдай  өте  күрделі  еді.

Реформалар  тиісті  деңгейде жүрмей, ел экономикасы дағдарысқа тап болған кез. Әлеуметтік, экономикалық, саяси, психологиялық күйзеліс басталды. Бірақ,  біз,  бұл  уақытша  қиындық  екеніне  сендік, халыққа соны түсіндіруге тырыстық. Ауыл  шаруашылық  саласындағы реформаларды кідіртпей  жүзеге  асырдық. Әрине, бұл шаруаларды атқару бізге де, елге де оңай болған жоқ.

Нәтижесінде, басқа  аудандарға  қарағанда, халыққа  онсыз да  азайып қалған қоғамдық  мал  үйлестіріліп  берілді. Бүгінгі  ең  малы  көп  аудан  болып  отырғанымыздың  негізі сол уақытта қаланғаны ақиқат. Ел бойынша мекемелер жабылып, ғимараттары тоналып жатырғанда, ауданда ғимараттар  негізінен  сақталып  қалды. Елде  жаппай  басқа жерлерге көшкен жоқ. Адамдар  бір  біріне көмектесіп,  ауыл  басшылары  барынша  елді таратпай, бірлікте  тәрбиеледі.

Бүгінгі  жағдайды  көріп  отырып, егер  сол  90-жылдардағы  жағдай қайталанса,  қазіргі  адамдар  ондай  елдікті, төзімділікті көрсете  алар ма  еді?

Осы  жылдары  біз  ең  бірінші  байлық – адамшылығымызды  жоғалтып алған жоқпыз ба?

Біз  1996  жылы  облыс  әкімі  Қабиболла Жақыповпен  келісіп, Бөкей Ордасының  құрылғанына  200   жылдық   мерейтойына  әзірлік  жөнінде  қаулыны  шығарттық.  Іс-шаралар  жоспарын  әзірлеп  сол  қаулымен  бекіттік. Осылай  мерейтойға  бес жыл  қалғанда  әзірлігімізді  бастап  кеттік.

Осы бекітілген  жоспар  бойынша  жұмыстар  атқарылды. Ел тарихы зерттелді. Кесенелер салынды, музейлер  ашылды, тарихи  кітаптар  жазылды.

Орда  орта  мектебіне  Жәңгір  ханның  есімі  берілді, Орда  ауданы – Бөкей Ордасы  ауданы  болып  өзгертілді.

Осы  шаралардың  арқасында  ауданымыз  тарамай  қалғанын біреуі білсе, біреуі білмейді. Қазір  Бөкей  Ордасы ауданы Қазақстандағы киелі жерлердің бірі. Түркістан, Баян  ауыл, Ұлы тау  сияқты  жерлермен  терезесі  тең  елге  айналды.

  • Иә, Бөкей, Жәңгір тақырыбы тарихи ақтаңдақ боп, ғалымдардың зерттеу нысанына, елдің назарына іліккені сол кез ғой. Кесенелер бой көтеріліп, үлкен шаралар қолға алынды. Сол шаруалар қалай жүзеге асты? Қаржы көзі қалай ұйымдастырылды?
  • Иә, сол кезде бұрын кеңестік идеология жоққа шығарған тарихи оқиғаларды, тұлғаларды қайтадан, ұлттық  тұрғыдан  қарап  баға  беру  дұрыс деп  есептедік. Сондықтан  жоғарыда  атап  өткен  мәселелермен  айналысуға тура келді. Сол  кезде  жаңадан  бірдеңе  ашу, жасау  емес, барды  сақтап  қалу  үлкен шаруа еді, бірақ біз болашақ  ұрпақ  үшін, еліміз  үшін  жаксы ат  бере қоймайтын жұмыстарға кірісіп кеттік. Талай сын, керітартпа  әңгімелер де айтылды. Уақыт төреші ғой,  бәрі  орын-орнына  қойылған  сияқты.

Бөкей хандығының  құрылуына  200 жыл  мерейтойына  республика,  облыс тарапынан жақсы көңіл бөлініп әзірлік жұмыстары жүргізілді. Аудан басшылығының  тиісті  деңгейде  ұйымдастыра алмағандығынан жетім  қыздың тойындай  өтті. Тіпті  облыстан  ешкім  қатыспады.

2001 жылы кесенелер салынып аяқталды, музей жөнделіп керек экспонаттармен  жабдықталды. Жаңа  ғимараттары  салына  бастады.

Музей жанындағы  негізінде  ұстаздарға салынған  үйлерді  иелерінен  сатып  алуға,  «Көгәлді» қоршауға,  «Шіркеу» бөгетін,  ханның  бау-бақшасын қалпына  келтіруге, тағы басқа  жұмыстарға  120 млн  теңге  қаржы  бөлінді, ол қыруар  қаржы  еді. Сол уақыттағы аудан басшылығы қаржыны игермей қайтарып жіберді. Яғни, әзірлеп берілген мүмкіндіктен айырылды.

Аудан, соның ішінде Орда ауылының тұрғындарымен, мекеме қызметкерлерімен түсінік жұмыстары жүргізілді. Жалпы  сол  уақыттағы елде қалыптасқан  ахуал  өте  мықты  болды. Елдің   адамдарында бір  рух  пайда болды.

1996  жылы мен жұмысқа кіріскеннен соң облыс әкімі Қ.Жақыпов телефон  шалып, «Дәулеткерей  күйшіге  полигонда  Қарамола деген  жерде  кесене  салу керек. Соған әзірлік мәселесін бастаңыз» деп тәртіп берді. Қаржысын, құрылысын жүргізетін   бригаданы «ҚазақГаз» мекемесінің   президенті  Е.Әзербаев  шешеді. Сіздің міндетіңіз жататын орын, тамағын, қосымша жұмысшылармен, көліктермен қамту  деп  айтты.

Тапсырманы алғасын  ойланып, есептеп  ақсақалдар  кеңесінің сол  кездегі төрағасы М. Сабировпен  кесенені  даладағы  полигонда  жатқан  күйшіге  емес Орданың  хан  зиратында  жатқан  Жәңгір  ханға  салу  жөнінде  ақылдастым.

Мекең ұсынысымды қолдады. Өңір басшысына телефон соғып ұсынысымды жеткіздім. Дәулеткерей сонда  қайда  қалады  деген сұрағына оны да ойластырып жатырмыз. Бәрі үйлеседі  деп  сендірдім.

Кесененің ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев пен халық жазушысы, мемлекеттік хатшы   Ә.Кекілбаевтің   қатысуы  ел  тарихындағы  үлкен  елеулі оқиға  болды. Ел болып қаржы жинап Дәулеткерейге кесене салып сүйегін  Қарамоладан  Ордаға көшірдік. Артынан облыстық бюджет есебінен ғалым-этнограф М.Бабажановқа кесене тұрғызылып,  хан  зираты  пантеонға  айналды.

Сол уақыттағы біздің арманымыз Волгоградтағы Мамаев курғандағыдай үш кесенені қосатын жол жасатып жанына атақты бөкейліктердің өмірдерегі жазылған ескерткіш плиталар орналастыру  еді. Өкінішке  орай  бұл  жұмыс  жүзеге  аспай  келеді.

Осы жұмыстардың үнемі басында болған барлық шаруаны ұжымдарымен жүріп  ұйымдастырған ел азаматтары, бүгін ортамызда жоқ – Есентай Нұрлыбаев, Темірболат Махимов, Нарынбек Мамаевтердің есімін айтып кеткен жөн деп есептеймін.

  • Сіз әкім болған кезде түйткілді мәселе боп, әлі күнге тіні тарқамай келе жатқан мәселелер бар ма?
  • Өмір болған  жерде  түйткілді  мәселелердің  болуы  заңды  құбылыс. Сол кездегі мәселелердің негізгісі – елдігімізді сақтап дағдарыстан аз шығынмен  шығып  кету  еді. Ол  орындалып  келеді. Елдің жағдайы айтарлықтай өзгерді.

Ауданға газ  келді, кәсіпкерлік  қалыптасты, тағы  басқа. Ал  орындалмай  келе  жатқан мәселенің бірі де бірегейі  – экология мәселесі. Біз сол кезде де бұл мәселемен мықтап айналыстық. Облыста «Нарын» қозғалысының жетекшісі, облыстық маслихат депутаты марқұм К.Көбейсінов, ауданда Ч.Қойшыбаев ағаларымызбен  бірлесіп  біршама  мәселе көтеріп едік. Күні бүгінде сол шаруаның оң нәтиже тапқаны − Жаңақаладағы  сауықтыру  орталығының ашылуы. Әлі күнге шешімін таппағаны  – полигонды  пайдаланғаны үшін РФ-ның жыл сайын республикалық  бюджетке  аударылып  отырған  миллиардтаған  қаражатты осы  полигоннан  зардап  шегіп  отырған  халыққа  бір  бөлігін ала алмағандығымыз. Онымен ешкім айналысып жатқан да жоқ….

Қасиетті  Нарынның  полигонның әсерінен  және шаруалардың  жүйесіз жерді  пайдалануынан, байлығымыз,  елдің  көркі қарағайлы орман, тал-терегімізді, шабындықтарымыз бен жайылымдарды  сақтап  қалу  жұмыстары. Құм өңірінде орналасқан ауылдардан қой — ешкі малдарын шығару жұмыстары.

Кезінде   шаруашылықтар  тарап, ауылдағылар пай  есебінен  алған малын  ауылда  ұстады. Ауылдарда  малдың  саны  күрт  өсті. Ол  қоршаған ортаға  әсерін тигізе  бастады. Ауыл  айналалары  құмға, шөл  далаға айнала бастады. Біз  есептік кездесулерде барынша  түсінік  жұмыстарын  жүргіздік, мамандар  аулаларды  аралап  жүріп  халықпен  сөйлесті. Сөйтіп  бос  қалған  қыстақтарға ауыл малдарының бағымы ұйымдастырылды. Ауыл ішіндегі мал қырға шығарылып аудан бойынша қыстақтар  сақталып  қалды. Сондықтанда  ең  қыстағы  көп  аудан – біздің  аудан.

Орда ауылы малын түгелге жақын қырға шығарды, ал бисендіктермен жұмысымыз  жалғасын  таппай қалды. Кейін бұл мәселе жабулы күйінде қалды.  Нәтижесін  көріп  отырсыз.   Шабындық пен жайылымдардың  өнімділігі  күрт  төмендеп  кетті. Осылай  жалғаса  берсе,  елді  асыраған  қасиетті  Нарын  шөл  далаға  айналатыны сөзсіз. «Қасиетті Нарында жанға жайлының бәрі бар!» деген ертегіге айналады. Ертеңін ойласам, жаным ауырады.

  • Бүгінде бас ауруымызға айналған қарағай, су мәселесі сол кездің өзінде даулы мәселе болды дейді ғой. Көзкөргендердің айтуынша, марқұм Марат Менеев суды көптің пайдалануына салсақ, құм асты ылғал азайып, қарағай құрдымға кетеді деп дабыл қаққан екен.
  • Мүмкін айтқанда болар,  Мәкең елдің үлкен жанашыры болды ғой.Қарағай, су мәселесі ертеден көтеріліп келе жатырған мәселе. Кезінде Волгоград облысынан егістерді суландырудан қалған суды Хаки сорына құю жөнінде  ұсыныс  болғанда басталған наразылық. Соңынан Аймекен су құбыры бастап  салынғанда  жалғасын  тапты.

Ауыл ақсақалдары – М.Зұлқашев, С.Минажев, Т.Карашевтар  бастаған  топ Сайқын, Жәнібекке су құбырын тартуға қарсы болды. Ел оларды қолдады. Бірақ  сол кездегі  билік  оларды  көндіріп,  қалайда  осы  су  құбырын іске қосты. Расында да, ол стратегиялық маңызы бар құрылыс еді. Халық өзіміздікі, сондықтан  ел  ағалары  түсінікпен  қарап  келісті. Бірақ  Аймекен  су құбыры  арқылы  алынған  судың  орнын  толтырып  тұру  мәселесі  сол уақытта да  көтерілді. Ол  үшін  Қопа  көліне  су  құйылып  сол  арқылы  жер  асты су  қоры  толықтырылып  тұру  керек  еді. Уақыт  өте  бұл  мәселе  ұмытылды, ал құмның тұщы  суы  40  жыл бойы үздіксіз алынып келеді. Тіпті 90 жылдары облыста  барлық  су  құбырлары  талан-таражға  кетіп  жатырғанда  біздің  ауданда  Орда, Искра  су  құбырлары  жұмысын  тоқтатқан  емес.

Су  мәселесін  ел  азаматтары  қайта-қайта  көтеруде, соның ішінде «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестік мүшелері бар. Нақ осы қоғамдық бірлестік орман тағдырына да қатты алаңдаушылықтарын білдіріп келеді. Бұқара мен үкіметтің назарын аудартып, мақалалар берді, облыс басшысының  қабылдауында  бірнеше  рет  болды. Орманымыз өліп жатырғаны да ақиқат. Осы мәселеге қатысты әрекет қолға алыну керек. Уақыт күттірмейтін мәселе. Салдарының қандай болмағы мектеп оқушысына белгілі ғой. Қопа  көліне су  түсіру  жөнінде техникалық негіздеме, жобалық-сметалық  құжаттар баяғыда әзірленуі керек еді. Бұған бірден бір мүдделі орган жергілікті билік екені белгілі. Айтсам, тізесін шығарып айта берді ғой дер, бірақ ыждағаттылық, тиянақтылық керек бұл іске. Ертең кешігіп қаламыз. Осы  жұмыстар  атқарылса,  экология  мәселесі  шешімін  табады  деп айтады сала  мамандары.

  • Су мен жерді айтып қалдық қой. Ауыл, ауыл мәселесіне қатысты жанайқайыңызды ұйып тыңдап отырмын ғой. Бірақ ел арасында «Лавр Жаңақалада әкім боп тұрған кезінде мұндай сөз айтқан жоқ. Қайта Құлшыққұмның суын Жаңақалаға тартқанымен қоймай, тұтас Ұялы мен Саралжынды да өзі басқарып отырған ауданға қосып алғысы келді. Астанаға шапқылап, құжаттарын да реттеді. Ауылдағылар да тұтастықты ойлаймай, бір табан жақынбыз ғой деп қойындарына еніп кетуге дайын отырды. Қарасу халқы бас көтермегенде округ саны кеміп, аудан мәртебесінен айырылып қалар едік» дейді ғой. Бұған не айтарыңыз бар?
  • Құлшыққұмнан Жаңақалаға су тартылғаны да, Ұялы, Құрманғазы ауылдарын Жаңақала ауданына қосу туралы сөз болғаны рас. Дәл осы кезде көршілес ауданға әкім болғаным да рас. Ақталып отырғаным жоқ, екі ауылдық окургті Жаңақалаға қосып алуды өзім ойлап тауып, өзім кесіп-пішкем жоқ. Өзің айтпақшы Қарасуды да Жаңақалаға қоспақшы болды. Бұл жергілікті деңгейдегі әкімдердің шешімі емес, Премьер-Министр К.Мәсімовтің қаулысы негізінде қолға алынды. Яғни, шеткері ауылдық округті жақындау орналасқан аудан орталығына қосып оңтайландырмақшы болды. Географиялық-тарихи деректерді негізге алсақ, бұл екі ауылың да кезінде Жаңақала аумағына енген. Ал Сүйіндік пен Балқұдық, Азғыр Орда аумағында болған. Көп алысқа бармай, Ұлы Отан соғысына қатысқан ұялы, не саралжындық аталарымыздың өмірдерегін ақтарсаң, бәрі де Жаңа әскери комиссариатынан аттанған.

Қарағайлардың құлап, орманның оталуына Құлшыққұмның қатысы бар ма? Қасындағы Ақмектепке де маңайламайды. Бөлек линза. Құлшыққұмның су қоры, мөлшері, қайта қалпына келуі, өндірілуі бәрі де төрт жыл бойы ғылыми зерттеуден өтті. Бисен Даумов бастаған білікті мамандар бұл іске жауапты болды.

  • Елдегі, жалпы қоғамдағы қандай мәселелеріне алаңдаулысыз?

Негізгі  мәселелерді  айтып  өткен  сияқтымын. Қоғамда азаматтық белсенділік кемшін. Бәрі де беймарал, селқос. Қарапайым ғана мысал, халықтың денсаулығымен тауып отырған  полигонның  арендалық  төлемақысы  бар. Соны  неге талап етпеске? «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігі атқарып жатырған шаруаларына, көтеріп  жүрген  мәселелеріне  аудан  тарапынан  қолдау  жоқ. Бірлестіктің айтып, дабыл  қағып  жүрген осы елдің  мәселелері емес пе?

Бұрынғы кеңестік жүйені жойдық, жаңа жүйеміз әлі қалыптаспай келеді. Бұрын басшының өсу алгоритмі болатын. Қарапайым зоотехник, агрономнан, ауылдың жұмысынан бастап, сатылап көтерілетін. Қазір аспаннан түсе қалады, яғни, тағайындала салады. Қолынан іс келетін жастар мемлекеттік қызметке қызықпайды. Көтеріліп отырған мәселелерді шешетін, елге адал қызмет жасайтын кадрлар. Шұғыл кадр тәрбиелеу  жүйесін  жолға  қоймаса  болмайды.  Жұмыс жасаған, көпті көрген, тәжірибелі басшылар, мамандар  көп  пе?  Жоқ!  Тек  жалақы  алу  үшін  жүрген  жандар және көп жерде солай.

Жас  ұрпақтың  тәрбиесі  алаңдатады. Жұмыс  жасағысы   келмейтін,  білімге  құштарлығы  жоқ, тек  маған   «әкел!», «бер!» дейтін әзір асқа тік қасық ұрпақ  келді. «Тұтынушылар қоғамы» орнап болды. Әрине, мен  көпке  топырақ  шашып  бәрі  жаман  деп  айта  алмаймын  бірақ  көпшілігі  солай.

Имандылық, азаматтық, отансүйгіштік қасиеттердің бағасы төмендеді. Алладан  да, заңнан да  қорықпаймыз. Кешегі  Исатай  мен  Махамбеттің  рухы  қайда кетті? Бірінші  кезекте экономика деген бағытымыз дұрыс болды ма? Тамағымыз тойды, жыртығымыз  жамалды. Ал  тәрбиеміз  қайда  қалды? Аш, жалаңаш жүріп аталарымыз елді қорғады, болашақ үшін қызмет атқарды, ұрпақтары жақсы өмір сүретініне сенді. Ал қазіргі  ұрпақ  елін қорғай ма, осылай  қызмет  жасай ма, болашағына сене ме? Сондықтан  елдің  болашағы – ұрпағымыз  десек, кешігіп  қалмай, бесігімізді  түзеу  керек  деп  есептеймін.

  • Бөкей хандығының  құрылғанына  220 жыл,  Жәңгір  мектебіне  180 жыл  деген  мерейлі  даталар  тек  аудан  үшін  емес, тұтас  облыс  үшін  сын той  емес  пе? Басқа  облыстарда  мұндай  шаралар  ЮНЕСКОНЫҢ  деңгейінде,  не республикалық деңгейде өтеді. Тек хан болмай, ағартушы ретінде, реформатор  танылған  Жәңгір неге өгей? Үлкен өзгерістерді сол ақтаңдақтан бастау керек емес пе? Әйтпесе, Бөкей, Жәңгір Бөкей ордасы ауданының  ғана  аумағынан  аспай  жүргендей  ғой.
  • XXI ғасырдың  21- жылы  Тәуелсіздігіміздің  30  жылдығын  айтпағанда бөкейліктер  үшін  мерейтойларға толы  жыл болмақ.

Бөкей хандығының құрылғанына 220, Жәңгір хан негізін қалаған мектебімізге 180 жыл. Осы даталарды пайдаланып 5 жылдан кейін келетін хандықтың  225,  Орданың 200 жылдық мерей тойына  әзірліктерді  бастап  кеткен  жөн. Жалпы Бөкей ордасының тарихы тиісті деңгейде көтерілмей жүргені жасырын емес. Күні  кеше    Абайдың  150  жылдығы  дүркіретіп  өткізілді.

Жәңгір  хан  мектебін  ашқан  жылы  дүниеге  келген  Ы.Алтынсариннің 180  жылдығына  әзірлік мықтап жүріп жатырғаны БАҚ беттерінен көріп отырмыз. Бір  тұлғаның  айналасындағы  шаралар  осындай  деңгейде өтіп  жатырғанда  тұтас  бір  хандықтың, «Тұңғыштардың  Отаны»  аталған  елдің тарихының  кенже  қалуы  ел  ағаларына  да,  халқымызға  да  сын.

Сондықтан, қайталап  айтамын – мерейтойлық  шараларға  бес  жыл  бұрын кіріскен  дұрыс. Тиісті  құжаттар  қабылдансын,  іс-шаралар  жоспары  барлық деңгейде жасалынсын, қаржы қарастырылсын. Кітаптар, фильмдер шығарылсын. Форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылсын, ашық  сабақтар, кездесулер, көрмелер, дөңгелек  үстелдер өткізілсін. Атақты  бөкейліктердің  аты  шағын аудандарға, көшелерге, оқу орындарына  берілсін, ескерткіштер  қойылсын. Осындай ұсыныстарымды біздер қолымыз жеткен жерлерде айтып, хат жазып  жүрміз. Бірақ  нәтиже  бар  деп  айта  алмаймын…

Осындай көзқарастың себептерінен Атыраулықтар арыстарымызды меншіктеп кетті емес пе? Ел тарихы арқылы елден шыққан атақты адамдар арқылы  елдің  даңқы  алысқа  жетеді. Ұрпақ  тәрбиеленеді. Осы  ауданымыздан шыққан қоғам қайраткерлерімізді, ақын-жазушыларымызды, күйші-композиторларымызды  құрметтеу, олармен  байланыста  болу, мерейтойларын өткізу,  тіпті  соңғы сапарына шығарып  салуға қатысу бізде  қалып барады. Б.Жұманиязов, Ш.Қажғалиев, Т.Шәмілов, Ж.Набиуллин, Қ.Жұмағалиев сияқты  қайраткерлеріміз  елмен  қатынасын  үзіп, өмірден  аттанды. Осындай  мәселелер  айта  берсе  аз  емес. Жұбанды, Қадырды,  Хамзаны  елдері  қалай  дәріптегенін  көріп риза боласың. «Ұлым»  дейтін  елі  болмаса, «елім»  дейтін  ұлды  қайдан табасың» деген  мақалдың жай айта салдым емес, терең мағынасы бар мақал, бағытқа алар қағба сияқты тәмсіл екенін ұмытпағанымыз жөн.

  • Елдігімізге сын боларлық тойымызды ұйымдастыру жағынан қандай шаралар іске асты? Кімдерге жауапкершілік жүктелді? Жылдың  бір  айын  «жеп» тастадық, нүктесі қойылған шаруа бар ма?
  • «Бөкейліктер» қоғамдық бірлестігі бұл мәселені басты назарда ұстап келді. Былтыр аудан әкіміне хат жолданып, облыс әкімінің қабылдауында болды. аудан көлемінде қор құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Бірақ ыждағаттап, белсенді түрде қолға алынып, біткені жоқ. Сырттай тон пішіп отырғаным жоқ, тиісті мекемелер, жауапты азаматтармен хабарласып отырамыз ғой. Әзірше әңгіменің  төркінінен  шыға  алмай  жүрміз. Мектеп  ұжымы  тарапынан да  белсенділік  көрінбейді.

Осыдан 30 жыл бұрын, мектептің 150 жылдық  мерейтойына  сол  кездегі мектеп  директоры  Күләш Құрманғалиеваның  жоқтан  бар  жасап  өткізгені  еске  түссе,  көзімнен  жас шығады. Енді   сол   адамдар  тәрбиелеген   жастарды   көрсем, жүрегім   ауырады.

Қысқасы,  уақыт  өтіп  жатыр  ал  әзірліктеріміз  қарқын алмай отыр. Қиын  кезде, 1997  жылдың өзінде  дүркіретіп   той  өткізген  ордалықтар  ұятқа  қалмаса  екен  дейміз. Елдігімізге, бірлігімізге үшін сындарлы сын-той тиіп-қашып, үн қосуды көтермейді, шындап, бел буып, жұмыла кірісуіміз керек.

  • Елге іс-сапармен  келгенде  уақыт  тауып біздің сұрақтарымызға жауап  беріңізге рақмет! Аман жүріңіз!
  • Сіздерге де рахмет! Туған топырағымыз – қасиетті Нарыннан тек жақсы хабар  алып  отырайық. Еліміз  аман,  жұртымыз  тоқ  болсын!

 Сұқбат құрған Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ