26.02.2021, 18:23
Қараулар: 364
ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРІМІЗ ЖӘНІБЕКТІ ЖАҒАЛАП ЖҮР

ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРІМІЗ ЖӘНІБЕКТІ ЖАҒАЛАП ЖҮР

Перзентхана десек, ойымызға жүкті әйелдер мен іңгәлаған сәби оралары анық. Солай болуы заңды да. Бірақ бізде олай емес. Жүкті әйелдеріміз облыс орталығына жолданады. Аналарымыздың таңдауына байланысты алты жүз шақырымдағы перинатальдық орталық емес, іргеміздегі, нақтырақ айтсақ, Жәнібек аудандық ауруханасына барып жатады. Осыған қатысты сауалдармен тиісті мамандарды сөзге тартып, мәселенің байыбына барып көрдік.

«ПЕРЗЕНТХАНАМЫЗ ӨҢІРЛЕНДІРУДІҢ ҚҰРБАНЫ БОП КЕТКЕН»

2019 жылы ауданымызда 271 шақалақ дүние есігін ашса, 2020 ол көрсеткіш 311 болған. Бұл ауданның демографиялық көрсеткішінің артқанын байқатады. 2019 жылы 18 сәби, 2020 жылы 38 сәби аудан орталығындағы ауруханада дүние есігін ашқан екен. Яғни, дүниеге келген сәбидің он пайызы ғана аудандық аурухананың перзентханасында туған. Себебі неде?

Кәсіби тұрғыдан сараптасақ,  перзентхана — жүкті, босанатын және босанған әйелдерге, жаңа туған сәбилерге перзентханадан шыққанша көмек көрсететін медициналық мекеме. Перзентхананың құрамына стационар және әйелдер консультациясы кіреді. Бұдан басқа мұнда қабылдау блогы, ішкі абсервация, патология бөлімшесі, босанатын бөлімше, анестезиология, бөбектер бөлімшесі, босанғаннан кейінгі физиологиялық бөлімше, шығарып салу және емдеу мен басқарма шаруашылық бөлімері, сонымен қатар әйелдер кеңес орны болуы керек екен. Мұның барлығы қызметкерлер мен жүрегінің астында жаңа өмірді көтеріп жүрген анаға жағдай жасау үшін қарастырылған. Осы талаптар бізде орындалуда ма?

Осыдан бірнеше жыл бұрын перзентхана бөлімі бүгінде емхананың бір бөлігі мен есеп бөлімі орналасқан тұсында орналасып еді. Онда жоғарыда айтылған талаптардың барлығы да сақталып, тиісті көмек көрсетілді. 2015 жылдарға дейін біздің перзентханадан жылына жүздеген әйел  сәбилерін құшағына алып, жалқы боп келіп, жұп болып кетіп жатты. Оған аудан халқы куә. Ауданымызда екіқабатты әйелдер саны көп болғанмен, соңғы уақытта біздің ауруханадан бөбегін бауырына басып шығып жатқандар аз. 2019 жылы бізде 18 жүкті әйел босанса, былтыр 38 әйелді босандырдық. Бұл тек біздің аурухана қабырғасында босанған әйелдер. Перзентхана бөлімі жұмысының еселеп қысқаруына басты себеп Денсаулық министрлігінің Қазақстан Республикасындағы перинатальді көмекті өңірлендіруді жетілдіру жөніндегі №325 бұйрығы боп отыр. Оған сай біздің аудан өңірлендірудің І сатысына жатқызылды. Қазір перзентхана болғанымен онда тәулік бойғы акушерлік бекет қызмет етпейді. Жалпы жұмыс ауқымы қысқартылып, керует саны да шектеліп, шындығында перзентхананың емес, ол босандыратын блоктың міндетін атқарып жүр. Кереует саны бұрынғыдан едәуір азайды. Бұл күнде гинекологиялық патологияға 4 кереует, босанатындар үшін және босанған ана мен сәбиіне арналған 2 кереует бар.  Яғни, біз өңірлендіру бұйрығына сай енді денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ, тек дені сау жүкті әйелді босандыруға құқылымыз. Өкінішке қарай, толық дені сау әйел некен саяқ. Жүктілік әйел денсаулығының сыншысы деп жатады. Ол рас дер едім. Өйткені салт кезде білінбей жүрген дерттердің барлығы осы жүктілік кезінде бас көтеріп, көптеген қолайсыздықтар тудырып жататынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Денсаулықтағы бір кінәрат екіншісін жетектеп жүретіні тағы бар. Сөйтіп, қандағы анемия, қан қысымы сынды жүкті әйелдер арасында кең таралған аурулар нәрестетің қалыпты дамуына кері әсер етуі бек мүмкін. Нәтижесінде ана мен бала денсаулығына ғана емес, өміріне де қатер төнуі ықтимал. Міне, осындай өкінішті жағдайға ұрынбас үшін біз жүкті әйелдің 80%-ын жоғары айтқан өңірлендіру бұйрығына сай екінші және үшінші сатыдағы медициналық ұйымға жолдаймыз. Яғни, негізінен облыстық перинатальды орталыққа алдын ала баруға кеңес береміз, – дейді аудандық аурухана акушер-гинекологы Күләнда Абдулова.

БӘРІ ДЕ АНА САУЛЫҒЫ, СӘБИ ӨМІРІ ҮШІН

Аудан гинекологы:

Мұндай сақтық шаралар үшін тұрғындарымыз еш ренжімеуі керек. Босану кезінде болуы мүмкін  барлық  тәуекелдердің алдын алу үшін екіқабат әйелдің орталықта болғаны абзал. Маманның айтуынша, өмір үшін таласқа түскенде әр сәт қымбат болады. Осындайда тиісті құрал не анестезиолог сынды маман болмай медициналық көмек көрсете алмасақ, ана мен балаға да, бізге де оңай болмасы анық. Өйткені біздің мақсат – ана мен бала саулығы, екі адамның өмірі. Сондықтан ондай сақтық шараларға түсіністікпен қараған жөн, – дейді.

Мамандар жүкті әйел ағзасында бақыт гормондары көптеп бөлінеді де «адамнан адам шығуы оңай емес» дейді баршаға белгілі тәмсілге үстірт қарайды. Жақсылыққа сенуге бейім келеді. Сондықтан да денсаулығындағы кей ақауларды болмашыға есептеп, отбасының қасында, ауылда болуды қалайды. Осы оймен жолдамамен перинатальді орталыққа барудан бас тартатын жайлар жиі кездеседі екен. Ондайда акушер мен дәрігер әр анамен жеке-жеке әңгімелесіп, жаймен дұрыс шешім қабылдауға үндейді екен. Жүктілік бойы барлық зерттеулері жақсы көрсеткіш көрсетіп, тәмам босанған шақта жасырын патологиялары сыр беруі де мүмкін екен. Осындайда мамандар біліктілігі, аурухананың материалдық дайындығы, мамандардың тапшылығы да сынға түседі. Әрине, дәл осындай қысылтаяң шақ боп жатса, мамандар қол қусырып қарап отырмайды. Тиісті шараларын, қажеттілік туып жатса, кесерь тілігін жасайды.  Алайда, ауданда ота кезінде болуы міндетті наркоз салатын анестезиолог маманның жоқтығы, жолдың шалғайлығын, ауа райының қолайсыздығы сынды сыртқы факторларды ескеріп, сақтық шараларын алдын ала алған абзал. Олай тәуекелге баруға болмайды. Десе де әйелдің жағдайын ескеретін ерекше жайттар да кездесіп жатады. Мәселен, жуырда сайқындық әйел материалдық жағдайына байланысты алтыншы сәбиін осы перзентханада босанған. Алла сәтін салып, ол аман-есен бөбегін бауырына басқан. Жүкті әйелдерді сұрыптау кезінде тек оның бүгінгі денсаулығы ғана емес, бұдан бұрын босанған балаларының жайы да, жасы, өзге гиникологиялық патологиялары, жалпы әйелдің денсаулық тарихы есепке алынады.

Перзетхана, нақтырақ айтсақ перзентхана құрамындағы әйелдер консультациясы кабинеті тек жүкті әйелдердің денсаулығын тексеріп қана қоймай, оған қажетті ем-дом жасайды. Сонымен қатар бала саулығын бақылайды. Бала саулығы үшін отбасының алдын ала жоспарлауға кеңес береді. Алайда, біздің қоғамда бұл мәдениет әлі қалыптаспаған. Әйелдер жүктілігін мәлімдеп келеді. Арасында жүктілігін жасырып жүретіндер де кезігеді екен. Ол далада мал бағып, жағдайы болмай жүрген әйел тарапынан болса, бір сәрі, оқығын-тоқыған, тіпті қаладағы ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) тексерістен өтіп, жүктілігін мойындамай, мамандардың профильді дәрігер қабылдауына шақыртуын құлаққа да ілмейтіндеріне налуда медицина мамандары. Ал мамандар болса, біз әр әйелдің денсаулығын тексеріп мейлінше дені сау сәби әкелуге жәрдемдесеміз деуде. Әрі олар УДЗ тексерісті қалаған уақытта істеуге болмайтынын айтуда. УДЗ негізі бала жынысын қарау үшін емес, жатырда жатқанда-ақ ондағы туабітті ауруларды анықтау үшін қажет. Ал, олар жүктіліктің 20 аптасында анық байқалады. Сондықтан осы кезеңде УДЗ-ға түсу өте маңызды. Медициналық көрсеткіштер бойынша сәбиде аурулар белгілері анықталса, мамандар жүкті әйелге 21 аптаға дейін аборт жасауға кеңес береді. Алайда мәжбүрлей алмайды. Егер ана босануға шешім қабылдаса, онда өз еркі. Алайда, жатырдан-ақ аурулы болған баланың дүние есігін ашқанда не бір бақытты балалығы болмайтыны, оны баққан ата-ананың да бауыр еті баласына қарап жаны жараланатыны белгілі.

КӨРШІДЕН НЕГЕ ҚАЛЫС ҚАЛУДАМЫЗ?

Бірін айтып, біріне көшіп кетіп жатырмыз. Жоғарыда акушер-гинекологымыз жүкті әйелдерді облыс орталығына жолданатынын айтты. Алайда, бірқатар бөкейлік ана көршілес Жәнібектен босанып,  перзенттерін құшағына алып келіп жатырғаны аян. Ойланып қарасақ, Жәнібектің де облыспен арақашықтығы бірдей деуге болар. Сырт көзге ауруханасы да біздің медициналық мекемемен дәрежесі бірдей. Сонда неге бізде ондай қызмет көрсетілмейді деген сауалға аудандық аурухананың бас дәрігері Анарбек Белисанов жауап берді.

Жәнібектік ауруханада ота жасаушы дәрігер бар. Сондықтан олар жүкті әйелдерді өз мекемелерінде босандырудан қашпайды. Өйткені уақытында медициналық көмек көрсете алады.  Бізде де оташы дәрігерлер бар, алайда анестезиолог міндетін де бірге атқарады. Ал ота кезінде екі қызметті қатар жүргізу бір адамға өте қиын. Сондықтан тәуекелдің алдын алуға мүдделіміз, -деді бас дәрігер.