26.02.2021, 18:35
Қараулар: 227
ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Ақпанның 24-інде төтенше  жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті. Отырыс күн тәртібінде төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері, көктемгі су тасқыны қауіпсіздігі, жылыту маусымы мен мал қыстағының өту барысы сияқты келелі мәселелер қаралды. Жиынға ауылдық округ әкімдері түгелдей «Zoom» қосымшасы арқылы қатысып, сауалдарға жауап беріп, мәселеге үн қосты.

Өткен жылы өрт қауіпсіздігін сақтаған тиісті тұлғаларға қомақты мөлшерде айыппұл салыныпты. Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы баяндады.

  • Аудандағы 12 білім беру нысандарының өрт қауіпсіздігі тексерілген. Он екінің он екісінде де өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағаны анықталып, 12 тұлғаға 282 165 теңге айыппұл салынған. Бұдан басқа он азамат орын алған өрт оқиғасы үшін 1 166 760 теңге айыппұл төлеген. Былтыр өрт туралы 28 хабарлама түскен. Оның 12-сі өрт, 10-ы даладағы жану фактісі болса, 6-уы қоқыстың жануына қатысты орын алған. Өрт оқиғаларынан зардап шеккендер жоқ,-дейді азаматтық қорғаныс капитаны Ақылбек Сағитов.

Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында да тиісті шаралар қабылданған. 15 техника бірлігі, 5 инженерлік техника, 16 су соратын мотопомпа,  1000 дана қапшық, 1000 литр Аи-92 бензині, 2000 литр дизель отыны мен 42 тиісті тұлға бұл шараға сақадай сай дайын тұр.

Мал қыстағының өту барысы туралы аудандық ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин хабарлама жасады. Оның айтуынша, «мал азығы таусылды. Көмек керек»  деген ешқандай дабыл түспеген.

  • Қазіргі таңда 43 900 тонна мал азығы бар. Қор жеткілікті. Құмда мал тоқтаған жоқ. Мал иелері қосымша жем сатып алуда. Жем бағасы айтарлықтай өсті. Бұрын 2 800- 2 900 теңгеден алса, қазір бір қап жем 3 000 -3 200 теңгеден ұсынылуда. Жалпы, мал қыстағы бір қалыпты өтуде, – дейді бөлім басшысы.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұркен Сабиров, аудандық аурухана басшысы Анарбек Белисанов пен аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жалғас Ташуов өз салалары бойынша мәлімдеме жасаса, Мұратсай ауылдық округі әкімі Мейрамбек Ғилманов суға кету қаупінің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар турасында баяндады.

Отырысқа төрағалық еткен аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов:

  • Санаулы күндерде көктем шығады, бізде айтарлықтай үлкен су көзі жоқ қой деп арқаны кеңге салмайық. Жауын-шашыны болуы мүмкін, ала бораны болар, сақтықтық шараларын күшейтейік. Ірі шаруа қожалықтары өз малына қор жинап, қамдарын жасап отыр, жеке тұрғындардың жайы қалай болып жатыр. Соны ескерейік, -деп ыждағаттады. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев:
  • Теледидар, ғаламтордан еліміздің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан өрт оқиғасынан бәріңіз де хабардарсыз. Адам шығыны орын алып жатыр. Соның ішінде қараусыз қалған сәбилеріміз өрт құрбаны болуда. Қауіп қайдан демейік, осы жайтты да басшылыққа алған артық болмас. Әлеуметтік жағдайы осал топтар бар, есепте тұрған отбасылар, жалпы ауыл тұрғындарының үй-жайын аралап, газ сигнализаторымен қамтамасыз етілуін бір тексеріп шығайық, -деген ұсынысын айтты.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ