13.05.2021, 12:18
Қараулар: 201
ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА КӨРМЕ АШЫЛДЫ

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА КӨРМЕ АШЫЛДЫ

Мұратсай ауылындағы А.Құсайынов атындағы мектепте «Шығармашылық галереясы» атты ерекше көрме ашылды. Көрмеге өнерлі де  дарынды оқушылардың қол туындылары, жүректен жарып шыққан шығармалары, әсемдікке толы суреттері т.б тың дүниелер қойылды. Айта кетелік, көрменің ашылу салтанатына  аталмыш білім ордасының мұғалімдері, ата-аналар мен шәкірттер де  қатысты.

Мектеп директоры Асылбек Нұралиевтің айтуынша  көрменің ашылуының басты мақсаты талантты ұл-қыздардың қабілет-қарымын шыңдап, жан-жақты дамуына жағдай туғызу.

– Бұл идеяның дүниеге келуіне мектеп ұжымы, яғни ұстаздарымыз себепкер. Алдағы уақытта ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, қандай ма өнерге икемі бар өрендеріміздің жұмысын көрсеткіміз келеді. Әсіресе, мінезі тұйықтау болса да сурет салуға, өлең шығаруға құлшынысы жоғары оқушылардың еңбектерін елеусіз қалдырмауға, жарыққа шығаруға тырысамыз, – дейді.

Көрмеде 11 сынып оқушысы, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Гүлнұр Айбекқызының «Жауқазын жырлар» атты  өлеңдер жинағының тұсаукесері өткізіліп, шараға қатысушылар жас ақынға сәттілік тілеп, игі тілектерін жаудырды. 11 сынып оқушысы, жас суретші Ділназ Мұхамбетованың қолөнер бұйымдары мен қылқалам туындылары,  10 сынып оқушысы, әуесқой фотограф Нұрай Сисенбайдың «Туған жер» атты фотокөрмесі, 4 сынып оқушысы және ең жас қылқалам иесі Азиада Сәрсемәлінің суреттері де көптің көңілінен шықты.

Арайлым МАРАТҚЫЗЫ

Бөкей ордасы ауданы

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар