10.07.2021, 15:42
Қараулар: 80
ВАКЦИНА МА, ПТР ТЕСТ ПЕ?

ВАКЦИНА МА, ПТР ТЕСТ ПЕ?

Соңғы мәліметке сай елімізде 499755 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. Тек бір күнде бұл 2747 адам жұқтырып отыр. Бұл дерт күллі әлемді жайлады. Алайда, қарыштап басқан қадамын тежер емес. Бір күнде әлемнің 435 184 тұрғынында осы ауру анықталған. Жүз дауаның жүз бір емі бар деп сенген ақхалаттылар барын салып, бұл дертке қарсы екпе жасап шығарғаны белгілі. Еліміздің бас санитарының №31 қаулысы негізінде бірқатар қызметтегі азаматтарға 15 шілдеге дейін екпенің алғашқы компоненті алу міндеттелді. Тоқтала кетейік, екпе алу мәжбүрленген жоқ, міндеттелді. Алмаған жағдайда апта сайын ПТР тестті ақылы тапсыру арқылы жұмысқа жіберілуі қадағаланатын болмақ. Демек әр тұрғынның екпе алу не алмауы өз еркінде қала бермек.

«ЕКПЕГЕ СҰРАНЫС АРТТЫ»

–Несін жасырайық, екпеге сұраныс едәуір артты. Сандық ақпар бойынша өткен аптада 466 бөкейлік коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы компонентін алды. Оған тұрғындарымыздың екпеге деген көзқарасының өзгергені әсер етті ме әлде бас санитардың соңғы қаулысының ықпалы болды ма білмедім. Нақты белгілісі бүгінгі таңда вакцинаның алғашқы компонентін алған 2547 бөкейлік бар. Ал, 1728 аудан тұрғыны вакцинаның толық комплексін алып, оны растайтын вакцинация паспортын иеленуге мүмкіндік алды. Вакцина алғандар арасында жасы егде тартқан Хапез Қабиев, Каспи Жахатов аталарымыз, мектепті күні кеше бітіріп, енді студент атанған жастарымыз да бар. Тек осы сапта педагогтарымыздың белсенділік танытпай отырғаны алаңдатады. Ойлап қарасаңыз, олар еліміздің ертеңі саналатын – балалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Олар да медицина мамандары сынды елдің игілігін, ұлттың болашағын ойлайтын зиялы қауым өкілдері. Десе де мұғалімдеріміз ел денсаулығы үшін жасалып жатқан екпеден алшақ жүр. Оған қарағанда сол мектепте қызмет ететін басқа адамдардың, нақтылап айтсақ, техникалық қызметкерлер, лаборант сияқты қосалқы қызметкерлердің екпе алуға деген белсенділігі жақсы. Қазіргі таңда сұраныс «Хаят-вакс» вакцинасына көбейіп отыр. Оның бүгін-ертең келетін-келмейтінін кесіп айта алмаймыз. Алайда, біздің тарапымыздан төрт вакцинаның төртеуіне де сұраныс жіберілді. Қазір қоржынымызда Спутник V вакцинасы бар. Демалыс күндері оның 400 дозасы әкелінді.

Эпидемиолог ретінде айтарым, бүгінде коронавируске шалдығып, ауруханаға түскендер қатары жасарып келеді. Осыдан бұрын аудандық ауруханадан емделгендер 60 жас шамасындағы не одан жоғары болса, бүгінде дерттің ауыр түріне шалдыққандар 40 тіпті 30 жас шамасында, – дейді аудандық аурухананың дәрігер-эпидемиологы Сәния Харесова.

«АУРУДЫ БІРЛІКПЕН ЖЕҢЕМІЗ»

Дәрігердің сөзін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Света Рамазанова да құптап отыр.

–Коронавирус жұқпасына қатысты аудан ахуалы әлі күрделі боп тұр. Әсіресе, тұрғыны көп Сайқын мен Орда ауылдық округтеріндегі жағдай мәз емес. Бұдан бұрын айтқанымыздай, біріне бірі жұқтырып, отбасымен ауырып жатқандар бар. Несіне жасырамыз, коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен тығыз қарым-қатынаста қызмет ететін ақхалаттылар қатарында вакцина алғаннан кейін де ауырып қалғандар бар. Ол ең алдымен медициналық қызметкерлердің қызметімен байланысты дер едім. Ал, жалпы халық арасында екпеден соң бұл дертпен ауырғандар тіркелмеді. Тағы да ескертемін, вакцина алдым деп сақтық шараларды ұмытпау шарт. Вакцина дерттен қалқан емес, қорған ғана. Ал, ол қорғанды әлсіретуге болмайды. Сонымен қатар айта-айта санамызға жатталып қалған қоғамдық жердегі тәртіпті, көпшілік шақырыстарды ұйымдастырмау жөніндегі шарттарды ұстанған жөн. Шілде табалдырығымыздан аттағалы бір аптада 20 науқас жаңадан тіркелді. Бүгінгі таңда жыл бойына 172 бөкейлік осы дертпен ауырды. Осы аптада өлім де болып, жалпы биыл коронавирус дертінен төрт жан дүние салды. Осындай қорқынышты ақпар апта сайын құлағымыздан ұрып тұрмас үшін тұрғындарымыз саналы түрде вакцина алғаны абзал. Соңғы қаулыға сай көпшілікке қызмет ететіндер, сонымен қатар тағы да басқа көптеген сала қызметкерлеріне вакцина алу немесе жұмыс істеу үшін апта сайын ПТР тест тапсыру міндеттеліп отыр. Орындамаған жағдайда айыппұл қарастырылуда. Мұны дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені бұл ауруды тек бірлікпен жеңеміз, – деді ауданның бас санитары.

АЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЫЗ НЕ ДЕЙДІ?

Айнұр Ғұмарова, сұлулық салон иесі:

– Вакцинаны алу-алмау туралы ұзақ ойландым. Өйткені, адамдардың түрлі пікірлері, ғаламтордағы небір ақпараттар күмәнімді күшейткен еді. Алайда, жұмысым адамдармен тікелей байланыста болған соң «екпе алуым керек» деген шешімге келдім. Күніне бірнеше тұрғынға массаж, хиджама т.б процедураларды жасайтын болған соң сақтық талаптарына немқұрайлы қарамау қажеттігін ұғындым. Араб елінен өндірілген «Хайат» вакцинасын салдырдым. Екі-үш күндей дене қызуым көтеріліп, мазасыз күй кешкенім рас. Енді 15 шілдеде екінші компонентін алдырамын. Қайткенмен, аты өшкір кеселдің тезірек беті қайтып, бұрынғы қалыпты тірлігімізге оралсақ деген ниетіміз басым.

Ербол Бижанов, күзетші:

– Екпені жұмыста талап еткен соң алғанымды жасырмаймын. Жүрегім ауыратындықтан ауруханада арнайы тізімге алынғанмын. Бірнеше отаны да өткердім. Бірақ соған қарамастан вакцинациядан өтуіме тура келді. Екі күн бойына қызулаттым, бойымды әлсіздік биледі. Екпенің не пайдалы, не зиянды екенін айту үшін әлі уақыт керек шығар?!

Аслан Бижанов,

– Қоғамдық иммунитетті қалыптастыру үшін міндетті түрде екпе алу керек деп есептеймін. Сәуірде «Спутник V» вакцинасын алдым. Алғашқы компонентімен егілгенде сәл басым айналғандай болды. Одан басқа ауырсынулар сезілген жоқ. Екпе туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылып

жатыр. Бәріне сеніп, даурығуға жол бермейік. Өміріміз бен саулығымыз сыналған күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Сақтық танытпасақ болмайды.

Статистикалық мәліметке қарасақ, елімізде 3906643 тұрғын вакцинаның алғашқы компонентін, ал 2236062 қазақстандық екінші бөлігін де алған. Еуропа елдерінде екпе алғандар саны бізден еселеп артық саналады. Тек АҚШ-та 137,64 миллион тұрғын вакцинаны алған болса, ал канадалықтардың 68,9 %-ы екпе алғандар сапында. Медицинасы қарыштап дамыған Израиль елінің дені (65,6%) де екпе алуды жөн көріпті. Өткен санда айтқанымыздай, бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарған Еуропаның Исландия елі қазір барлық шектеулерді алып тастады, бетперделерді шешіп, еркін тыныстау мүмкіндігін алды. Бірлікті танытсақ, ол күн біз үшін де алыс болмас.