29.07.2021, 11:41
Қараулар: 58
ҚАЗАҚ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ АТАСЫ

ҚАЗАҚ МЕДИЦИНАСЫНЫҢ АТАСЫ

Шешек ауруының емін тапты деп ағылшын дәрігері Эдуард Женнерді айтып жүрсек, 350 жыл бұрын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы тәжірибе жасап, шешек ауруының емін тапқан, кеңінен қолданып, талай қазақтың өмірін алып қалған екен. Салқын суға түсудің пайдасын П.Ивановтан бұрын осы атамыз айтып кеткен.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388–1478) – қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік-саяси өміріне жүйрік тарихшысы. Райымбек ауданы, Шалкөде жайлауында ғұмыр кешкен. Адам ағзаларында кездесетін кейбір кеселдерді емдеу үшін төрт түлік малға тәжірибе жасап, шипа дарыту амалдарын тапқан. Соның нәтижесінде жазған «Шипагерлік баян» атты еңбегі 7 рет көшірілу арқылы бүгінгі күнге жетіпті деген дерек бар. Бірақ Өтейбойдақтың төл еңбегі екенін дәлелдейтін факсимиляциясы (авторлық қолтаңба нұсқасы) сақталмаған. Кітап тұңғыш рет 1994 жылы Үрімші қаласындағы (ҚХР) «Шыңжаң ғылым-техника» баспасынан жарық көрді. 1996 жылы оны жалын баспасы шығарды. 2002 жылы емшіге Шалкөдеде ескерткіш белгі орнатылған.

Өтейбойдақ атамыз заманында Жәнібек хан, Жиренше шешен сияқты тарихи тұлғалармен бастас болып, ел қамы, халық тағдырына қатысты келелі істерге араласқан қоғам қайраткері.

Шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ХV ғасырда қазақтың Әз Жәнібек ханына ұрпақ тазалығы мен денінің саулығы үшін: «Жеті атаға толмай үйленбеу, жөн-жөнсіз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау» туралы ұсыныс айтып, ол хан Жарғысының шығуына ықпал етті.

 

Сіз білесіз бе?

Басқа да мақалалар