19.05.2015, 7:29
Қараулар: 374
Қоғамдық қабылдауға СОҢҒЫ ҮМІТПЕН КЕЛЕТІНДЕР БАСЫМ

Қоғамдық қабылдауға СОҢҒЫ ҮМІТПЕН КЕЛЕТІНДЕР БАСЫМ

IMG_2612[2]


«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының кезекті қоғамдық қабылдауы «Әділет кеңес береді» атты республикалық акция аясында ұйымдастырылды. Қоғамдық қабылдауды облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов бастаған тәжирибелі мамандар және БҚО бойынша адвокаттар алқасының адвокаты Қоңырбай Сейдазимов, «Алимент төлемдерін өндіру жөніндегі аумақтық бөлімі» филиалының сот орындаушысы Райымбек Ищанов өткізді.


Қоғамдық қабылдауда Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер Дәріжан Иманғалиева өзінің 11 жылдан бері бюджеттік ұйым-ның қызметкері ретінде үй кезегінде тұрғанын, Орал қалалық әкімдігінің тұрғын үй бөлімі басшылығының үй кезегінен шығарайын деп жатқанын айтып, кеңес сұрады. Білікті адвокат Қ. Сейдазимов зейнеткерге азаматтардың тұрғын үй кезегіне түрлі санаттар бойынша қойылатынын, сондықтан оның кезектен шығарылмай, тек санатының ауысуы мүмкіндігін ескертті. Бұл жайында қала басшылығына жазбаша арыз түсіруге кеңес берілді.

Қоғамдық қабылдауда қаланың кірісі аз азаматтары да кеңес алды. Бірінші топтағы мүгедек Нұржамал Зұлқашеваның қызы Самал Мазанованың айтуынша, анасы «Қазақ соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігінің оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС-дан жұмыс істеген кезінде ауданы 42 шаршы метрлік пәтер алған. «Қазір сол пәтерде екі отбасы болып тұрамыз. Табыстың азды-ғынан пәтерді жекешелендіре алмадық. Анам 2007 жылы Орал қалалық әкімдігіне үй кезегіне тұрды, одан еш өзгеріс жоқ. Бүгінде анамыз жұмыстан қысқарып қалды, енді бізге пәтерді босатыңыздар деп жатыр», — деген жас қыз екі көзге ерік берді. Хамидолла Құсдәулетов Самалдан өткен жылы қалалық әкімдіктің жалға берілетін үйден пәтер беріледі дегенінде анасының табысы жетпегенін, отбасының өзге мүшелерінің табысының ескерілмегенін сұрап білді. Сондай-ақ Н. Зұлқашеваға соқырлар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорны басшысының оны үй алғанша және өз қалауы бойынша тұрғылықты жерін ауыстырмайынша пәтерден шығармайтынына берілген кепілдік хатымен де танысты. Көзі көрмейтін мүгедек ананың қызы Самалға анасының атынан сенімхат алып, осы мәселе бойынша шұғылдануға бағыт-бағдар берілді. Анасы Н. Зұлқашеваның бірінші топтағы мүгедек ретінде БҚО бойынша адвокаттар алқасы кеңсесіне барып, адвокаттың тегін көмегіне жүгіне алатыны айтылды.

Еңбек ардагері, қарт ана Дариға Досымғалиева 16 жылдан бері мүгедек ретінде екі бөлмелі пәтерге кезекте тұрады. Тағдырдың жазуымен қарты мен ұлы қайтыс болған. «Әкімдіктегілер маған тіркеуде жалғыз өзіңіз болғандықтан, кезегіңіз келгенде бір бөлмелі аласыз дейді. Оған келіспеймін, немерелерім өсіп келеді, соларды қалада оқытсам деймін. Кезекте 42-ші болып тұрмын», —  деді ол. Заңгерлер әжейге 18 жасқа толған немересін отбасы мүшесіне қосуды сұрап, қалалық әкімдікке арыз жазуға кеңес берді. Сонымен қатар еңбек ардагері Көшім ауылындағы келіні Б. Батыроваға қайтыс болған ұлы Н. Батыровтың атындағы үйін оның атағына аударуға тегін көмек көрсетуді сұрады. Қабылдауды өткізушілер мәліметтерді жазып алып, тегін көмек көрсетілетінін жеткізді.

— Үй кезегінде тұрғандарға пәтер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша ұсынылады. Сондықтан сол банктен шот ашып, соған 200 мыңдай ақша салып қойыңыз. Тұрғын үй бөлімі пәтерге кезегіңіз келді деп банкке жолдама бергенде, алдымен соны сұрайды. Есепшоты болмай, санын соғып қалғандар баршылық. Айына бір рет екінші аптаның сәрсенбісінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның облыстық филиалы басшылығы қабылдау жүргізеді. Соған келіңіз, — деді ақ шашты анаға қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжан Мұқтарқызы. Меңгерушінің айтуынша, айына бір рет аптаның бірінші дүйсенбісінде азаматтарды қоғамдық қабылдауда республикалық заңгерлер одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айман Оңаева қабылдап, заңгерлік тегін кеңес береді.

Қоғамдық қабылдауда болған партияның Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазез кеңес сұрай келді. Оның айтуынша, тасқалалық зейнеткер Г. Қапанованың үй құжаттарын рәсімдеуде салықты артық төлеген. Бір зейнетақыға қарап отырған Г. Қапанованың артық төленген салығын қайтару жолдары түсіндірілді. Зеленов ауданындағы Рубежка ауылының тұрғыны Татьяна Капралова 1929 жылы туылған анасының тыл ардагері мәртебесін ала алмай, талай табалдырықты тоздырғанын айта келді. Ал қоғамдық қабылдауда оралдық Сәния Искариева өзінің үй кезегінде 15 жыл тұрып, кезегі келгенде бір бөлмелі жатақханасы барлығынан үй ала ал-май жүргеніне налыды. 12 шаршы метрлік бөлмеде үш қызымен тіркелген ананың үй жағдайын жақсартуға құқылы екендігі айтылып, тиісті кеңестер берілді.

«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжан Мұқтарқызының айтуынша, қабылдауға тұрғын үй кезегі, үй салуға жер алу мәселелері бойынша келетіндер басым. Тиісті сатылардан өтіп, заңды көмек-қолдауын көре алмай торығып келетіндер де аз емес. Олардың барлығы «Нұр Отан» партиясының қабылдауына қолдау көрсек, кеңес алсақ деген соңғы үмітпен келетін көрінеді. Акция шеңберінде қоғамдық қабылдауда болып, дұрыс бағыт-бағдар алған 10 азамат заңгерлердің қабылдауынан «қанаттанып» шық-қандай көрінді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар