20.06.2015, 6:38
Қараулар: 415
«Қазақтың батыр қыздары»

«Қазақтың батыр қыздары»

IMG_8529


Жұма күні  облыстық қазақ драма театрында «Қазақтың батыр қыздары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп  ұйымдастырылған конференцияға ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Л. Ахметова, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының докторы А. Ахмет, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Әміров және жергілікті зиялы қауым өкілдері  қатысты.

Қазақтың батыр қыздары туралы көрсетілген деректі фильмнен соң Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық академиясының доценті, тарих ғылымдарының  кандидаты Бақтылы Боранбаеваның «Ұлы Отан соғысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының қазақ  қыздары» атты кітабының таныстырылымы болды. Конференцияда сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко отты жылдарда ерлігімен ел есінде қалған батыр қыздармен қоса, тылда еңбек еткен әйелдердің жанкештілігі мен қайсарлықтары туралы айтып, 1989 жылдан бері құрылып, бүгінде қатары сиреп қалған «Фронтовичка»  клубының  жас толқынды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі  қосқан үлесінің зор екенін атап өтті.

Ұлы Отан соғысында майданға өз еркімен аттанып, Жеңіске сүбелі үлес қосқан Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановалардың ерлігіне тоқталған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова бүгіндері облысымызда 170-тей майдангердің қалғаны туралы тілге тиек етіп, олардың үнемі назарда болатындығын жеткізді.  Отты жылдарда қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш қыз, 300-ден астам  жауынгерлік ұшу сапарын орындаған Хиуаз Доспанованың ұлы Ерболат Әміров отбасында анасының мейірімді, қарапайым әйел болғандығын әңгімелеп,  жалпы қазақ қыздарының майданда көрсеткен қайсарлығы туралы ойын ортаға салды.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар