20.06.2015, 6:57
Қараулар: 318
Энергетика ардагерлері ОРАЛҒА КЕЛДІ

Энергетика ардагерлері ОРАЛҒА КЕЛДІ

IMG_8351


Маусымның 18-і күні Оралдағы қазақ драма театры ғимаратында Қазақстан энергетика ардагерлерінің республикалық VII форумы болып өтті. Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев қатысты.


Жиынды сөз сөйлеп ашқан Қазақстан энергетика ардагерлері кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов осындай алқалы басқосуды ұйымдастырған облыс әкімдігіне, еліміздің әр облысынан, сондай-ақ көршілес Ресей мен Қырғызстан елдерінен келген қонақтарға шын жүректен ризашылығын білдірді.

Келесі сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Алмаз Бадашев форумға қатысушыларды исі мұсылман қауымы үшін қасиетті Ораза айының басталуымен құттықтап,  өңір басшысының игі тілегін жеткізді. «Аталмыш үлкен форумның Ақ Жайық өңірінде өткізілуі тегін емес. Себебі, біз іргедегі Ресей Федерациясының шекаралас бес облысымен бірыңғай энергетикалық жүйеде ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» энергетика саласын заман талабына сай қайта жаңғырту, жетілдіру қажеттігін қадап айтты. Энергетика – экономиканың негізгі салаларының бірі, мемлекеттің жан-жақты дамуына қосатын үлесі өлшеусіз. Электр қуатын берудегі аз ғана үзілістің өзі мекеме-кәсіпорындардың, жалпы халықтың өміріне қаншалықты қолайсыздық әкелетіндігі баршамызға белгілі. Осыны ескере келе, Батыс Қазақстан облысының энергетика саласында соңғы жылдары күрделі бетбұрыс орын алды. Мысалы, 2001 жылға дейін облыста электр қуатын тек қана Орал жылу-электр орталығы өндіріп келді. Өзіміз облысқа қажет қуаттың бар болғаны 10  пайызға жуығын өндірдік. Күні бүгін жағдай түбегейлі өзгерді. Қуаты 160 Мвт болатын Қарашығанақ ГТЭС, Оралдағы жылу-электр орталығында қуаты 28,5 Мвт құрайтын жапондық газтурбиналық қондырғы, қуаты 54 Мвт болатын ГТЭС іске қосылды. Қазір «Батыс Пауэр» кәсіпорны қуаты 200 Мвт құрайтын жаңа ГТЭС-тың құрылысын жүргізуде. Алғашқы кезеңі биыл аяқталады. Нәтижесінде импорттық электр қуатына тәуелділік деңгейі елеулі төмендеді», – деді Алмаз Бекетұлы.

Форумда сөз алған ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық бақылау-қадағалау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов Елбасы тапсырмасымен «Солтүстік-Оңтүстік» электр желісінің үшінші кезеңі аяқталғандығын хабарлады. 2018 жылы құрылыс түгел біткесін оңтүстіктегі қуат жетіспеушілігі толығымен жойылады. Күні бүгін елдегі электр желілерінің жалпы ұзындығы 270 мың шақырым құрайды.

Форум барысында қатысушылар өзара пікір алмасты.

Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар