Аттар серейіп ҚҰЛАП ЖАТТЫ…

1217770974_f0042


Уақыт ақшам жамырап жатқан кез еді. Облысымызға белгілі кәсіпкер, әдебиет, мәдениет, спорт жаңалықтарына елеңдеп жүретін, мал жайғанда, етігінің қонышына газет-журналдарды қыстыра жүретін Қайырқомов Нәсіпқали ақсақал телефон соғып тұр. Даусынан әлденеге мазасызданғандықтың, қайғырғандықтың лебі сезілді. «Інім, көрші облыста өткен бір шараға байланысты сол жаққа барып келіп едім. Ондағы көргенім жанымды күйзелтті… Сол оқиға бізде де қайталанбасын деген оймен хабарласып тұрмын… » – деді үні қамығып. Сол бойда кездесуге келістік. Келесі күні таңертең, ертемен ақсақал редакциядағы бөлмемде, қарсы алдымда отырды.


— Асқар Шораев деген кезіндегі атақты спортшы ағаларыңызды жақсы білесің ғой. Өзі менің құрдасым, осы Оралда тұрады. Сол азаматтың «Бірге барайықшы» деуімен Ақтөбенің Қобда ауданына барып келдім, осы кеше. Барғандағы мақсат – қазақтың қаһарман қызы, Кеңестер Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 90 жылдығына орай шаралар өтіп, соның ішінде үлкен ат бәйгесі болады екен, соларды тамашалайық деп бардық. Асқар да, мен де ат жалында өскен ауыл баласымыз ғой. Республиканың біраз облыстарынан жүйріктер қатысатын доданы “әй, бір көрейікші” — дедік. Асқар құрдасым қасына бәйбішесі Ләйланы ерте шықты. Біздерді жағамызды ұстатқаны ат бәйгесі болды… Атырау, Қызылорда, біздің облыс бар, Ақтөбенің өзі бар, тағы да басқа облыстар жүйріктерін қосып жатыр дегенді естідім. Жалпы, нобайы 100-ге жуық ат сол күні жарысқа қосылды. 18 маусым болатын. Күн аспан айналып жерге түсердей болып тұрды десем, артық айтпағаным. Асқар екеуміз мұны көріп, «Апырмай, аттарды күн қызбай тұрып жіберсе», — деп қылпылдап отырдық. Қайда?.. Жорға бәйге (7 шақы-рым), тоқ бәйге (15 шақырым) және ақтөбеліктер өздері жергілікті бәйге (15 шақырым) деп атаған қашықтықтарға жүйріктер түске дейін шапты. Қырық градустан кем болмаған ыстық аттарға оңай тимеді. Жанымыз ашып-ақ, отыр. Оның үстіне жарысқа қосылып жатқан жүйріктерді қарап, тексеріп жатқан мал дәрігері көзімізге түспеді. Ол болуы керек қой. Етектеріне сүрініп, алашапқын болып жүрген біреулер. Айқайлап, бажылдап шабандоздарға өздерінше нұсқау беріп, қызыл танау. Күн әбден шыжыған шақта аламан бәйгеге, яғни 25 шақырымға кезек берді. Біздің күн мынандай шыжып тұрғанда, жүйріктерді жіберуге болмайтынын айтқанымыздан ештеңе шықпады. Атам қазақ ешқашан ыстық қайнап тұрғанда, әсіресе, аламан сияқты алыс қашықтыққа жүйріктерін қоспаған. Таңертеңгі салқындықпен немесе кешке қарай ыстық қайтқанда малға да, жанға да жайлы кезде жіберген. Елеуреп алған ұйымдастырушылар да, қызыққа жиналған халайық та тыңдамады, құлақ аспады…

Аламан бәйгеге, яғни 25 шақырымға 27 ат кетті. Жүйріктер шабатын жолақтың бір айналымы 2,5 шақырым еді. Анау 27 жүйрік соны он айналып шығуы керек. Бірінші айналымда-ақ, үш ат өкпесін қағып теңселіп қалды. Екінші айналымда 4 аттың өкпесі өшті. Аттар айналып шабатын ипподромсымақтарына ең болмаса, жұқалап су себу керек қой… Ол да жоқ. Көрермендер отырған маңайға ғана су бүркуден әрі аспады. Жүздеген тұяқтан көтерілген қою шаң айналадан ештеңені көрсетпей қалды. Үш айналмай жатып, 9 ат мұрттай ұшты… Тоғызыншы айналымда үш ат қалып, оның екеуі оныншы айналымды зорға бітіргенде, біреуі әлі тоғызыншы айналымда құр сүлдесін сүйретіп келе жатты. Ал бұл кезде алаңда не болып жатты дейсіз ғой?.. Аттар серейіп құлап жатты, кейбіреулерін қорқыратып бауыздап жатты… Біреулердің «пышаққа ілінбей кетті», — деп айқайлап жүргенін мына құлағыммен естігенде не болғанымды білмеймін. Асқар құрдасымның бәйбішесі қасапханаға айналған мына көріністен жүрегі айнып құсты. Ауылда өскен жан ғой, шеттерінен мұрттай ұшып, пышаққа түскен жылқыларды көріп, аяғаннан көзіне жас алып, «Қайдан келдік» – деп өкінді. Аяқтары кетіп, ақсап қалған жылқыларда есеп жоқ. Жүйріктердің дені ащы тері мұқият алынып, жарысқа мүлдем жаратылмай немесе шала жаратылып әкелінгені көзге бадырайып көрініп тұрды. Оның үстіне атқа салмағы жеңіл, бұрыннан шауып жүрген, киіктің асығындай лыпып тұрған жас балалар шаппаушы ма еді?.. Мұнда соқталдай жігіттер шапқанын көзіміз көрді. Сосын бәйгеге қосылғандардың арасында қазақы жылқылармен бірге ағылшынның таза қанды жүйрікте-рі бірге шапты. Оны тексеріп, безбендеп жатқан ешкім болмады. Осылардың бәріне шыжыған күн қосылып, бейкүнә жануарларды жамсатып салды… Олардың обалы кімге?.. Аяғы қанқасапқа айналған бұл жарысқа кім жауап береді?.. Шетелде жануарларға қатыгездік жасағандарды заң оңдырмайтын көрінеді. Ондай заң бізде де бар. Ендеше, Қобдадағы сол оқиға заңмен безбенделіп жатса, болашақта сабақ болар. Менің айтайын дегенім, әрине, оның жолын аулақ қылсын, алда-жалда облысымызда дәл осындай аламандар болып жатса, сақ болайықшы! Сосын тағы — оны ұйымдастыратындарды, өткізетіндерді, басы-қасында жүретіндерді жылқының жәйін бес саусақтай білетін атбегілерінен, шабандоздардан, мамандардан,  ғалымдардан және жөн-жосықты жатқызып, тұрғызатын ақсақалдардан мұқият таңдайықшы демекпін, — деп барып, Нәсіпқали ақсақал «тізгінін» зорға тартты-ау!.. Күйінішпен айтты, өкінішпен айтты…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Оқырмандардың құлағына алтын сырға:

Жетпістің бесеуіндегі Нәсіпқали Қайырқомов ақсақал «Нұр Тілек» шаруа қожалығын басқарады. Ақжайық ауданының құрметті азаматы. Меншігінде 307 ірі қара, 203 жылқы, 316 қой, 42 түйе бар. Қымыз ашытып, шұбат өндіреді. Сауапты істерден шет қалмайтын елгезек жан.

55 жыл қол ұстасып келе жатқан Қоңырша апамызбен 4 ұл мен 4 қыздан немере-жиен сүйіп отыр.