25.06.2015, 7:20
Қараулар: 352
Әрекет қылмай, ауызша айта салу – ТІЛГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ ЕМЕС…

Әрекет қылмай, ауызша айта салу – ТІЛГЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ ЕМЕС…

IMG_8875


Өткен аптада облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп әдеттегідей облыс орталығындағы біраз мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданысын шолып шықтық. Алты ай бұрын сыналған біраз жердегі кемшілік түзетілген. Десек те, қалада әлі қатеден көз сүрінетін жерлер баршылық.


Бүрын бір сыналған Орал халықаралық әуежайы ғимаратының ішінде ілінген ақпараттар мен жарнамалардағы қателер түзетілген. Тек шекесіндегі «Орал халық…алық терминал» боп қазақшасының кетік болып кертіліп тұрғаны болмаса. Әуежай тасымалын ұйымдастыру қызметінің басшысы Гүлнәр Есмұхановаға олқылықты тағы бір ескерткенбіз, «Осы жазуды мүлдем алып тастаймыз, әріптері ұшып кете береді. Тек шығын ғана әкеледі», — деді. Ендеше, Ақ Жайықтың әуежайына қонғанда алдыңыздан аты-жөні жазылмаған «сақау» ғимарат қарсылап тұрса, еш таңғалмаңыз…

Банктердің көбі тілге сауаттылық таныта бастаған. Олардың ғимараттарының іші-сыртында тіліміздің заңын өрескел бұзып тұрған қателіктер байқалмады. Алайда банкоматынан тек бір тілде – орысша ғана чек шығаратындары әлі де бар.

Ірі сауда нысандарын аралағанымызда, әсіресе, электроника дүкендерінде тауардың сипаттамасы тек қана орыс тілінде жазылғанын көрдік. Ал шаһардың орталығындағы «Форум» сауда үйінде ғимараттың атауынан бастап, барлық жазу түгелге жуық орыс тілінде жазылған. Негізгі жарнамалары, ірі баннерлері, бағыттаушы сілтемелері тек қана орысша. Қауіпсіздік ережелері, жеделсатының нұсқаулары да сылт сол тілде. Соңғы айтылғандар тек бұл сауда үйінде емес, көп жерде сол күйде.

Мемлекеттік мекемелердің де дәліздеріндегі ілінген шұғыл және апаттық қызмет нөмірлері қазақша жазылмайтынын байқап жүрміз. Ғимараттың эвакуация жоспарын да мемлекеттік тілге аудармай іле салған мекемелер баршылық.

Мәселен, мына баннер халыққа қызмет көрсету орталығында тұр. Екі баннердің біреуінің жоғары жағында қазақша «Орал көлік прокуратурасы» деген жазу ғана бар. Қалғаны – орысша. Тап осының тұтастай қазақша басылған нұсқасы болар деп сенейік. Ал егер ол бар болатын болса – қазақшасы мұның тұсына ілінгені дұрыс.

Жалпы, рейд барысында көзімізге іліккен қатені сол мекемедегі жауапты адамдарға көрсетуге тырыстық. Кейбірінің ұлты қазақ болғанымен, әрең түсінеді. Иә, ана тілін өгей көретіндер, өкінішке орай, әлі де бар. Ондайларды көргенде, сол мекеме басшыларының «Осы – қазақ, бір білсе, осы білер» деп мемлекеттік тіл «мәселесін», әйтеуір, ұлты қазаққа тапсыра салған-ау деген ой келеді. Ал ондай сабазыңның кейбірі ана тілін қорлап отырғанымен хабары жоқ, қайта «Суретке түсіруге қандай қақыңыз бар?» деп өзімізге шапшығанын да көрдік.

Бізбен бірге жүрген облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнәр Әлжанова тілдерді қолданудағы мұндай теңсіздік жөнінде халықтан жазбаша арыз түспесе, қандай да бір шара қолдану қиын екенін айтты. Ал халықтың арасында кө-бінесе ауызша ескертулер жасағанымен, аяқтай жүріп арыз жазатындары жоқтың қасы. Яғни мемлекеттік тілдің өзгенің тасасында қалмай, өрісі кеңеюі үшін әрқайсысымыздың жанымыз шырқырап тұруы тиіс. Жанымыз ашып қана қоймай, тілді төбемізге көтеру үшін әрқайсысымыз тік тұрып қызмет жасауымыз қажет. Көрген кемшілікке немқұрайлылық танытпай, ол түзетілгенше әрекет қылмасақ, тілге жанашырлық бос әңгіме ғана…

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар