25.06.2015, 7:44
Қараулар: 380
Поэтикалық ой қуаты

Поэтикалық ой қуаты

DSCN0030-6


(Қазақстанның  халық  жазушысы,  Мемлекеттік  сыйлықтың  иегері, аса  көрнекті     ақын  Қадыр  Мырза  Әлінің  поэзиясы жайында) Ұлы  адам  дегеніміз – бағыт-бағдар  сілтеуші

Стефан ЦВЕЙГ


1970 жылдардың басында қазақ поэзиясының жаңа дәуірлеу кезеңі басталды. Ұлы Абай жырларынан бастау алған көштегі жампоз ақындарымыздың жырларынан нәр алып рухтанған халқымыздың бойында туған жеріне, еліне деген ерекше сүйіспеншілігі оянғаны хақ. Жұртының жан дүниесін отты жырларының жалынына ораған Мағжан ақынның да шығармаларын зиялы қауым қолдан-қолға тигізбей оқып жатты. Біз, сол жылдары Мәскеуде білім алып жүрген студенттер, қазақ ақын-жазушыларының жаңа шығармаларын іздеп жүріп оқитынбыз. Қазақтың керемет ақындары шоғырланып шыға бастаған кезең еді. Бізді бірде романтик ақын Төлеген Айбергенов тебірентсе, бірде тұнық та сыршыл өлеңдерімен Мұқағали Мақатаев тамсандыратын, Жұмекен Нәжімеденовтің парасатты, жігерлі поэзиясына тәнті болып, Тұманбай Молдағалиевтің шуақты жырларымен жанымызды жылытатынбыз, Өтежан Нұрғалиевтің шілдедегі нөсердей селдеткен ақ өлеңдері тынысымызды ашатын, Сағи Жиенбавтың жырлары қазақтың майда қоңыр мінезіндей елітетін, Фариза Оңғарсынованың пәрменді, отты жырлары жанымызды алаулататын. Қазақтың әрбір дарынды ақынының жинақтары елден жырақта жүрген біздің жанымыздың азығы еді. Ал Қадыр Мырзалиевтің жырлары бойымыздағы қазақтығымызды қоздатып, рухымызды биіктететін. Оның мына өлеңін, айдалып кеткен Алаш зиялыларының рухына арналған деп түйсініп, жаттап алып, бас қосқан жерде өзара айтатынбыз:

Осы өмірдің өзінің азсынғандай азабын,

Ойлап тапқан зұлымдар  неше түрін жазаның.

Бірақ соның бірі де  жасытпаған батырды,

Бірақ соның бірі де  жасытпаған ақынды!

Сосын патша оларды  қанатынан қайырып,

Жер аудара бастаған туған жерден айырып.

О, зұлым-ай, зұлым-ай!

О, ант атқан, ант атқан!

Осал жерін ерлердің  қалай ғана дәл тапқан!

«Чем выше поэт, тем больше принадлежит он обществу, среди которого родился, тем теснее связано развитие, направле-ние и даже характер его таланта с историческим развитием общества», — деп орыстың ұлы сыншысы В. Белинский айтқандай, ақын Қадыр Мырза Әлінің де тағдыры, өзінің қатарластарыныкі сияқты, туған халқының, елінің, қоғамының басынан өткен небір күрделі тарихи кезеңдерден өрілген. 1935 жылы қаңтар айында, 1932-33 жылдардағы ашаршылықтан екі жыл ғана кейін туған, Қадыр ақынның басынан кешкен тауқыметі мен азабы, Ұлы Отан соғысының қасіреті мен қайғысынан қаңсыраған жұртымыздың жан ышқынысы, түйдек-түйдек көз жасы болып, оның жырларында тұнып тұр:

Бір кісідей соғыстың

Біз де азабын тарттық қой,

Тылда істеген көп істі

Балалық пен қарттық қой.

Бармақтай боп сол күнде

Жатпаушы едік дем алып,

Әр маяның түбінде

Қалды біздің балалық.

Кеште бәрі адамның

Бір жерге кеп қонатын:

Орталығы ауданның —

Нан дүкені болатын.

Бақыт еді ол күнде

Шығу деген нан алып

Сол дүкеннің түбінде

Қалды біздің балалық.

Өстіп оны кез келген

Жерге біздер тастаппыз.

Ал өмірді біз бірден

Азамат боп бастаппыз!

Тағы да:

Егілсем сол бір кезді есіме алып:

Ең жасы, ең кәрісі — осы халық!

Ел арқан сияқты еді екі шетін

Жалғаған ортасын мол кесіп алып.

Кешқұрым жиналған соң  отбасына,

Қасірет шығып алған жотасына

Қарайтын қарттар бізге  қарағандай

Сағынған ұлдарының  фотосына.

Не керек солар бізді  қасына алып

Тұрмыстың тепкісіне  жасымадық.

Жетімдік көрген жоқпыз – өзімізді

Өзіміз әке болып асырадық! –

Міне, Қадыр Мырза Әлінің ақындық бастауының қайнары! Ұлы Отан соғысы басталғанда алты жасар баланың отбасының, ел-жұртының қасіретін бірге көтеруі, қайғыдан бүгіліп, қалт-құлт етіп жүрген қарттар мен аналарға тірек болып, ер арқалар жүкті мойнына артуы – бұл сәби табиғатына жасалған қиянат! Бірақ осындайда адам баласының екінші тынысы ашылатын болар. Сол кездегі алапаттан аман қалған ұрпақтың, оның ішінде көркем дарын иелерінің жүректерінде түйдек-түйдек мұң қалғанымен, олар тірі жанның қадірін, өмірдің қымбаттылығын біліп қана қоймай, оның салтанатын арттыру, туған жерін, жұртын, Отанын жан-тәнімен, бар болмысымен сүйіп, халқының еңсесін көтеріп, санасын нәрлендіру үшін өз тұлғалығын, азаматтығын, рухани әлемін сомдап, дамыта түскен. Осыған орай болгарлық әдебиеттанушы Михаил Арнаудовтың «Психология литературного творчества» атты кітабында айтқан мына пікірі еске түседі: «И надо наглядно представить себе, какие препятствия, труднопреодолимые иногда, встают на жизненном пути некоторых значительных художников и мыслителей, чтобы правильно понять как гений, оплодотворенный духовным движением среды, находит в себе необыкновенную силу и непоколебимую веру для самопроявления». Бұл пікірді Қадыр Мырза Әлінің мына шумағы да айғақтап тұрғандай :

Біреулер бар асып туған тұстастан,

Туа сала тағдырымен ұстасқан,

Бар өмірі, о Туған жер, олардың

Мәңгілікке өзіңменен ұштасқан, – иә, әрбір дара, дарынды жанның өмір жолында кезіккен қақпан тұзағы кездейсоқтық емес, ол шыңдалу, жүрек қазынасын байыту үшін берілетін сынақ деп білу керек. Бала кезінен жалғыз ұл болып, әкесінен айырылып, жаны күйзеліп өскен сәби көңілін ұғу үшін Қадыр ақынның мына өлеңіне зер салайық:

Өмірімді ойлаймын күнімен де,

Өмірімді ойлаймын түнімен де,

Мен жалғызбын –  жоқ жалғыз аға менде,

Мен жалғызбын – жоқ жалғыз іні менде.

Өмір неге тарылды тарылмасқа?!

Кінәлі емес бұған, дос, тегінде ана,

Кінәлі емес не ажал – өлім ғана…

Ағасы жоқ адамда жеңге де жоқ,

Інім де жоқ, жоқ содан келін бала!

Жалғыз ана, сол маған сүйеу ғана,

О да болса қайғыға тиеулі ана!

Өмірдің бір қызығы  туысқан ғой,

Осылайша мазалар  тоғысқанда ой…

Соның бәрі, о достар, әке жоқтан,

Әке жоғы кешегі соғыстан ғой! – Осы өлең оның бүкіл болмысының лейтмотиві іспетті. Әрбір ұлға өзіне сүйеу, тірек болатын ер-азамат, әке, бауыр керек, әйтпесе, ол өзін әлсіз, панасыз қалғандай сезінеді. Құдырет ерлерге артығымен күш-қуат, қайрат беріп, өмірдің ауыр жүгін көтеретін етіп жаратқан. Ал қу соғыс халықты сондай ерлерден айырып, тәлтіректетіп жіберді. Жалғыздық жарасынан арылу қиын, ол қансырамаса да, сыздайды да тұрады адам жүрегінде. Бұл күйзеліс жанды жегідей жеп бітіреді немесе ол басқа бір құбылысқа айналуы керек.

Қадыр Мырза Әлінің жан әлемінде ол трансформацияланып елжандылыққа ұласты да, халқының бойына пәрменді ой, тасқынды жырлар болып құйылды! Жанында кептеліп қалған от-жалынын, сүйіспеншілігін, ой-арманын поэзиясы арқылы ол жұртына беріп, өзінің де, оқырманының да рухани кеңістігін құнар-ландырды.

Бүкіл жаратылыс қуат алмасу арқылы дамитыны хақ. Қадыр ақынның туған жерге арналған әрбір өлеңіндегі көңілді марқай-тар, сүйіспеншілікке толы жүрек лүпілінен жанымыз нұрлана түсіп, қасиетті мекенімізге деген ынтызарлығымыз бен мақтаныш сезімнен  көңіл  шалқиды:

Қайда жүрсем сен менің арымдасың,

Рухымда, жадымда, қанымдасың, тағы да:

Екі нәрсе мәңгілік: Бірі өзің де,

Бірі мендік махаббат саған деген!

және:

Бар асылым, өмірім өзіңдікі,

Өзіңдікі өлген соң сүйегім де!

енді:

Уа, Туған жер, көңілдің сенсің төрінде,

Сені ғана жоғалтқан жоғалтады бәрін де!

сосын:

Жер ғана емес, аруанасың жүз желін,

Сені емгендер аңсап тұрар түз желін.

Қасиетсіз болсаң саған сіңгендер

Ұмытар ма өз жерін?! – Осындай сеңгір сезімдер оқырман жанын қалай тебірентпесін!

Ақын-жырауларымыз туған жұртының қасиетін, елге, жерге деген мейірбандығын арттырып, қаншама өшпес рухани мұра қалдырып кеткен! Сонау біздің дәуірімізге дейінгі ғасырларда ғұмыр кешкен ежелгі сақ тайпаларының жалғасымыз десек, олар өздерінің елжандылығының арқасында байтақ жерге ие болды. Халқымыздың бойындағы сол бабаларымыздан, олардан кейінгі ғұн, түркілерден қанмен берілген ержүректік пен елге деген ерекше сүйіспеншілікке толы батырлық дастандар ауыз әдебиетіміз арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, олардың жүректерінде туған жұртына, мына ұлы далаға деген махаббат отын лаулатқан.

Қадыр Мырза Әлінің де ақындық шабыты мен тынысын ашқан ата-бабаларымыздың бойындағы сол өжеттік пен арыстан жүректі айбаттылық, елге деген ынтызарлық пен адалдық, оның қадір-қасиетіне  жете  білгендік.

Қиын сәттерде халқына жырларымен рух беріп, ел-жұртының азаттығы, бақыты үшін күрескен әлемнің еңселі де ержүрек ақындары Шандор Петефи, Адам Мицкевич, Тарас Шевченко, Салауат Юлаев сияқты қазақтың от жүректі батыр ақыны Махамбет Өтемісұлының жырларынан қуат алып, рухтанған, жыраулар өрлігі мен даналығын бойына сіңіріп өскен ұрпақтың бірі, өзінің қуатты, ойлы жырларымен қазаққа қазақты сүйгізе білген, архар болмысты ақын Қадыр Мырза Әлінің де азаматтық және поэтикалық кредосы осындай тамыры терең, көрегенділік дүниетанымнан өрілген. Поэзия әлеміне халқына, жеріне деген өзінің өзегін өртеген ынтызарлығымен кірген ол:

Туған жердің тылсым сырын ұғып көр:

Теңіз кешіп шың басына шығыпты ер,

Көре тұра мына ұлы даланы,

Қалай кіші боламыз, ей жігіттер!

Көкжиекке көзің ғана жақындар,

Бұл даланы жерұйық де  хақың бар.

Бұл далада өседі екен құлпырып

Қызғалдақ пен ақындар! – деп көңілі марқаяды,

сөйтіп:

Бұл далада өседі екен қасқайып

Сексеуіл мен батырлар! – деп шаттанған шайыр көңілі тағы да: дархандық даналықпен ұласқанда

Даланың ұлдарынан ұл асқан ба! – осылай ол ұлт бойындағы асыл қасиеттерді асқақтата отырып, ерді қанаттандырады.

Енді:

Ел дегенде ар қандай, намыс қандай,

Тау мен тасқа соғылған  маңдай қандай!

немесе:

Өзім үшін күрестен жеңілсем де,

Елім үшін күрестен  жеңілмеймін!

және:

Ер еңкейсе, еңкейеді жалғыз-ақ

Туған жердің топырағын сүйгенде! – деген ақын өзі де елімен бірге іріленіп, оқырманын да арқаландырады.

Жоғарыда айтылғандай, қазақтың ұлтжандылығы, халыққа қамқорлығы мен жанашырлығы сонау көне заманнан ата-бабалар қасиетімен, өнегесімен, ақын-жырауларының қалдырған рухани мұрасы арқылы берілсе, Еуропа халықтарында мұндай бетбұрыс әдебиеттегі қозғалыс болып ХVIII  ғасырда Германияда басталған. Осы кезеңдегі француз жазушысы, философ Жан-Жак Руссоның қарапайым адамның жан дүниесіне бойлап, жоғын жоқтап, мұңын ұғу, сөйтіп қоғамның оған деген мейірімін ояту идеясын И. Гете, И. Шиллер сияқты немістің ірі жазушылары қолдап, кейін оны ойшыл, жазушы Иоганн Гердер дамыта түсті. Сөйтіп, қарапайым еңбек адамының табиғатына қызығушылық, оған деген жанашырлық прогрессивті ойшыл гуманистер қатарын толықтыра түсті. Бұл ағым сол кезде Ресейдің ақын-жазушыларына да жетіп, Н. Чернышевский, А. Герцен сияқты демократ-жазушылар орыс жұмысшысы мен мұжығының ауыр халін айтып, дабыл қақты. Осы қозғалыс кейін дүниежүзілік әдебиетте де, өнерде де шығармашылық ізденістер шеңберін кеңейткені бар.

Ұлы Абай бастаған қазақтың көрнекті ақын-жазушылары орыс тілі арқылы әлем әдебиетінің шығармаларын қазақшаға аударып, өздерінің де халқымыздың да жан дүниесін байыта түсті. Солардың қатарында Қадыр Мырза Әлі де бар. Ол көптеген елдердің ақындарының жырларын тәржімалаған, соның бірі бауырлас венгр халқының ұлы перзенті Шандор Петефидің (1823-1849) ұлтына деген ерекше тебіреніс пен махаббатқа толы өлеңдерін бойды шымырлатар ыстық сезіммен қазақшалаған еді. Қазақ пен венгрдің генетикалық түпкі туыстығын, мадьяр халқының басынан өткізген сұмдық ойран кезіндегі болгарлардың олардан кек алып, ерлері жорықта жүргенде бүкіл құрсақ көтеруге жарайтын әйелдері мен қыздарын түгел қырып салғанын Қадыр ақын өзі қазақ тіліне аударған Ш. Петефидің «Махаббат пен бостандық» атты кітабындағы алғысөзінде: «Бұл қан мен жан туыстығының айғағы! Шандор Петефидің мына жырын еуропалық ақын жазды деуге бо ла ма:

Түзде тудым, тудым дауыл, бораннан,

Зәулім биік үйлеріңде  тұра алман.

Туған далам – Альфельд маған қарайды,

Менің пірім – азынаған қара айғыр.

Мінемін мен қара айғырға ер салмай,

Өз еркімде, қайда, қалай барсам да…

Жылқышыға жайдақ атта  жарайды,

Менің пірім – азынаған қара айғыр.

Қызыл гүлім, сақтай гөр деп сұқ көзден,

Маған жейде тігіп бердің  ақ бөзден.

Жар боласың, жазғы таңдай арайлы,

Менің пірім азынаған қара айғыр, – бұл жыр өмірден өрімдей жас кеткен, бойында көне қыпшақ қаны бар венгр халқының қайталанбас ұлы ақыны Шандор Петефидің бар болмысымен, жаратылысымен, рухымен қазақпен үндес, бауырлас екенінің тағы бір дәлеліндей!» – дейді ол мақтана да, шаттана.

Сана түкпіріндегі ой қатпар-қатпар қуыстарға тығылып алып, жанды жегідей жегенде, әрбір шығармашылық иесі жүрек қазынасына жүгінеді. «Көзбен көре алмайтынды, жүрек қана көреді» дейді француз жазушысы Сент-Экзюпери өзінің «Кішкентай ханзадасында».

Ойдың ұшқырлығы сезім қуаттылығымен толықсып, көркем туындыға айналатыны мәлім. Ал сезім, көбінесе, мына жарық дүниенің, болмыстың, адам табиғатының, өмірдің тылсымдылығына бойлай алмай болдырып, адамның ойы сан-саққа жүгіріп әуре. Сондықтан әдебиеттегі, өнердегі модернистік ағымдар, әсіресе, оның ішінде экзистенциалистер шынайы өмірден қашып, сана түкпіріндегі, көбінесе, әртүрлі күңгірт ой ағымдарын шығармаларына арқау етеді. Ал біздің қазақ ақын-жазушылары соцреализм құрығында жүріп-ақ, қазақтың кең дүниетанымын, адамдық ірі қағидаларын, ұлттық ерекшеліктерін, қазақтың мінезі мен рухын, туған жерге деген ынты-зарлығын, бабалар ерлігін көркем әдебиет шығармалары арқылы бере алды, сөйтіп, ұлт көңілінің бәсеңсіп, құлазып қалмауына зор әсер етті, олардың бойындағы бұғып қалған тұлғалықты оятты.

Сөнген, өшкен жанартаулар – даңқты,

Атылмаған жанартаулар қауіпті! – дегенде Қадыр ақын жұртын іштен тынып, өздерін болымсыз сезінуден сақтандырғандай.

Немесе: Өзін-өзі тапқан адам бақытты,

Жоғалтпаған бақыттырақ одан да! – мұнда да адамдық ұстанымдарды сақтай білуді осылай жүрекке қадалатын жебедей жеткізу – бұл Қадыр Мырза Әлінің бүкіл поэзиясындағы шеберлік пен ұшқырлықтың жетістігі деп білеміз. Жалпы, ол асау ойды, асқақ сезіммен ауыздықтап шымыр тұлпар-жырға  айналдырған  ақын.

Әрбір саналы жан өзінің тұлғалылығын қалыптасытырып, дамытатын орта іздейді, ол жетілген білім, дарын иесіне зәру. Өз заманының көңілі қырағы да ұлағатты ақыны Қадыр Мырза Әлінің:

Жамап жүрмін көңілдерді сөгілген,

Жамап жүрмін көңілдердің жыртығын, – дегені өзінің ақындық, адами парызын жақсы білгендігінен.

Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әлі сияқты қазақтың ақындарының егіліп, елін сүйген жүрегінен шыққан жырларынан қуат алып, намыстары қайралған, «елім, жерім, қазағым!» деп жаны шырқыраған жастарымыз кешегі 1986 жылғы 16-шы желтоқсанда көтеріліске шығып, еліміздің тәуелсіздігі жолына өздерін құрбан етті!

Жұртымның болғанменен тегі мықты,

Жанына батса керек-егіліпті,

Ұлт болып ұйып келе жатқан  кезде

Сан рет сүт күйінде төгіліпті!.. – Қадыр ақынның бұл жырларынан қай қазақ боздамасын, қалай жаны ышқынбасын!

Қадыр Мырза Әлі ойшыл, философ ақын, туған халқының ой өрісінің өркендеуіне зор ықпал еткен ол, француз жазушысы Сент-Бев айтқандай, туған халқын рухани қалыптастырушылар қатарынан.

Жылап тұрған алыпты,

Жұбататын сөзімен,

Жандарымыз даңқты

Жыр-өлеңнің өзімен, – дейді ол ақынды адам жанының шипагеріне балап, жұртының ақындық туралы дүниетанымын кеңейте түсіп.

Таптыра ма оңайлықпен арман-ой, Таптыра ма найзағайдың сынығы?! – дегенде Қадыр ақын жүрек пен жанға асау толқындай әсер ететін ой мен сезімді тоғыстырудың қиынның қиыны екенін айтады. Бұл – әрбір дарын иесінің шығармашылық азабы.

Өмір өзі суарған

Ой деген де ну орман, – бұл өлеңінде ол ой кеңістігінің күрделі де, орамды, тұңғиық әлем екенін шебер бейнелеген. Оның жырларындағы қазақ жаны, мінезі, ой-түйсігі, жұртымыздың өмірге көзқарасы мен адами қағидалары дала философиясымен астасып, ақындық, перзенттік зор сүйіспеншілікпен оқырманның тамырына ұлы махаббат сезімі болып құйылады. Сондықтан Қадыр Мырза Әлінің жырлары әрбір қазақтың жанын марқайтып, қуаттандырады,  шаттандырады:

О далам, менің байтағым,

Далам деп өлең айтамын.

Ұлың боп ойлап барам да,

Құлын боп ойнап қайтамын.

О далам, менің байтағым,

Далам деп өлең айтамын.

Солған Ай болып барам да,

Толған Ай болып қайтамын.

О далам, менің байтағым,

Далам деп өлең айтамын.

Көл болып тұйық барам да,

Сел болып құйып қайтамын! –

деп ол оқырманын туған даласының құдіретіне табындырады, елжіретеді, өзі де еркелеп, мауқын басады, сосын нәрленген, шарықтаған ақын жүрегінен өршіл де, өміршең жырлар селдетеді.

ХХ ғасырдың француз жазушысы Ромен Роллан өзінің «Рамакришна» атты кітабында: «В жилы Индии вливался европейский поверхностный рационализм, вызывающий, иронический, ничего не знающий о глубинах индийского духа», – деп жазған екен. Қазіргі біздің қоғамның басынан өткізіп жатқан жағдайды айтқандай! Осындай кезеңде қазақтың Қадыр Мырза Әлідей арда ақын-жазушыларының рухты да парасатты, елге, жерге, ұлтына деген мызғымас сүйіспеншілікке толы шығармалары жұртымызды ата-бабаларымыздың биік ұстанымдары мен құнды қағидаларына баулып, ерліктің, елдіктің қадіріне жеткізе берері хақ.

Қадыр Мырза Әлі, шын мәнінде, өр даланың дана перзенті, ұлт ақыны.

Теңіз, дала, тау емес –

Жердің көркі –

Теңіз адам, дала адам, тау адамдар! — деп өзі айтқандай, ол халқымен бірге  еңселене  бермек!

Жадыра ДӘРІБАЕВА,

ақын,

«Алаш» әдеби сыйлығының иегері


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар