Жаналыктар

АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

Декреттiк демалыстағы отағасы…

Күні , 1 251 рет оқылды

555


Жақында бір қызық оқиға болды. Көрші облысқа қыдырып барған сәтімізде денсаулық саласында қызмет атқаратын танысымыз үйіне қонаққа шақырды. Құрбы-құрдастары болып жиылып, шақырған уақытында жинала қалдық. Үйге келсек, отағасы жоқ.


Жұбайы «Қазір келеді, жетіп қалды» деумен жарты сағат күттірді. Бір кезде отағасы есікті жұлқи ашып, ентігіп «Уф, жеттім-ау» деп кіріп келді. Бәріміз жамырасып сәлем беріп, сәлем алысып мәре-сәре болдық. Көптен жүздеспегенбіз. Бір-бірімізді көріп көзайым болып жатырмыз. Бір кезде алыстан ат арытып келген біреуі ренішін білдіріп, «Айына-жылына бір келгенде осыншама күттіріп қайда жүрсің? Келетінімізді айтып едік қой», — деп қалмасы бар ма?! «Ой, сол жұмыстан шыға алмай қалдым. Бір жігіт аяқ астынан «декретке» шығып кетіп, орнына адам таппай қалдым. Соның орнына маман тапқанша біраз уақытым кетті», — деп ақталып жатыр еді: «Не дейсің? Еркек «декретке» кетіп… Соқ өтірікті! Тапқан сылтауының түрін», — деді де әлгі танысымыз ал күлсін келіп. Оның күлгеніне басқамыз да қосылдық.

— Рас айтам, неге күлесіңдер? — деп ол шыр-пыр болса, танысымыз: «Егіз туып па? Атын Гита мен Зита қойды де» деп одан әрі күліп жатырмыз.

— Еңбек кодексінде ер-азаматтың сәби күтіміне байланысты демалысқа шыға алатындығы жазылған», — десе.

— Мүмкін, рас шығар. Бірақ құлаққа тосын естіледі екен, — деп уәж айтып бір тоқтадық-ау.

Бұл оқиғадан қоғамдық санада «декрет» сөзі анаға ғана телініп, «сәбиді өмірге әкелген ананың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуына болады» деген ұғым берік қалыптасып қалғанын тағы бір қайтара ұқтық. Сондықтан да декретке тек баланы дүниеге әкелген әйелдер ғана шығатындай көрінеді. Шын мәнісінде, бала тәрбиесі — анаға да, әкеге де ортақ міндет. Әлбетте, баланы табу Жаратқанның жазуы, табиғаттың заңы бойынша анаға жүктеледі, ал оны асырап-бағу — әкенің негізгі міндеттерінің бірі. Сондай-ақ әлемнің кей елдерінде декреттік демалыс алуға еркектер де құқылы. Мысалы, Норвегияда бала күтіміне байланысты ер-азаматтар 14 апта, ал нәзік жандылар 35 апта демала алады. Ең қызығы, демалыс алып, бала күтіміне мән беретін ер-азаматтарға өтемақы толығымен төленеді. Ер-азаматтарға декреттік демалыс беретін мемлекет жалғыз Норвегия емес. Еуропада ер адамдардың 20 пайызы декреттік демалысты пайдаланады екен. Немістер де бұл үрдістен құр қалмайды. Неміс азаматтарының үштен бірі жаңа туылған баланы күтіп-бағу үшін демалыс алады.

Украинада декреттің 2 пайызын ер-азаматтар рәсімдейді екен.

Әсіресе, жаһандану заманында ер-азаматтар жаңа туылған нәрестені күтіп-бағуға толығымен құқылы. Осы орайда Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары Жеңіс Беріковке жолыққан едік. Ол облысымызда жарық дүниеге көрінген сәбиді бағу үшін төрт ер адам демалысқа шығып, бала күтіміне байланысты табысынан айырылу фактісін растайтын құжатпен әлеуметтік төлем алғандығын айта кетті.

— Сондай-ақ жыл басынан бері жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған 2025 әйелге мемлекеттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалса, сәбидің бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне 3125 әйел әлеуметтік төлем алды. Демографиялық жағдайды өрбіту үшін әлеуметтік жәрдемақыны да басты назарда ұстаймыз. Әлеуметтік төлемнің ең төменгі мөлшері бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі жөніндегі ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінен кем болмауға тиіс. Яғни бірінші балаға 12685 теңге, екінші балаға 14997 теңге, үшінші балаға 17287 теңге, төртінші және одан көп балаларға 19600 теңге көлемінде төленеді. Әлеуметтік төлемдерден міндетті 10%  зейнетақы жарналары ұсталып, жинақтаушы зейнетақы қорына жіберіледі. Бала дүниеге келген соң үшінші перзентке дейін төленетін бір жолғы жәрдемақы 62255 теңге болса, төртінші және одан кейінгі балаларға 103758 теңге көлемінде болады, — деді Жеңіс Беріков.

Қарап отырсаңыз, азаматтардың декретке шығуын әр түрлі әлеуметтік себептермен байланыстыруға болады. Мысалы, украиналық мамандар ер-азаматтардың декретке шығуын жұмыссыздық дертінің үдей түскенімен байланыстырады. Жасыратыны жоқ, екі қолға бір күрек таппай, үйде отырған білектілер әлемнің біраз елінде ұшырасады. Бұл әлем елдерінде кеңінен қолданысқа енген гендерлік теңдік саясатының салдары да болуы мүмкін. Оның үстіне мансап қуып, жұмысын ойлайтын әйелдер үшін отағасының декретке шыққаны да қолайлы. Бірақ еркекті декретке жіберу отбасының тірегі мен қамқоршысы атанған ер-азаматтың ынжық, сылбыр болуына жол ашпай ма деген қауіп те жоқ емес. Жалпы, ер адамға декреттік демалыс алу керек пе? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?!

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Серкебай РАМАЗАНОВ,

облыстық қорғаныс істері  жөніндегі департаментінің аға әскери маманы,

психолог:

— Облысымызда бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан ер-азамат бар екенін білмеппін. Алайда бұл мәселені құптар едім. Перзент – ана  мен әкеге ортақ ұрпақ. Осы кезге дейін бала бағуды, оны тәрбиелеуді әйел адамға теліп қойдық. Алайда қазір қоғам өзгеруде. Гендерлік теңдік саясаты негізінде ана баққан перзентті әке де бағуы керек. Қазір материалдық жағдайларға келісе алмай ажырасып жатқан жастар көп. Қаржылық жағдайына тиімді болса, бала бағып, жұбайына көмектескеннің еш сөкеттігі жоқ. Алайда ер-азамат ең бірінші Отан алдындағы борышын өтеуі тиіс.



Тегтер: , ,

Пікір (1)

  • Гулбаршын

    |

    Әрине құлаққа жағымсыз естілгенмен ер азаматтың табатын табысы жолдасының табысынан төмен болса өз баласын бөтен адамға баққызғанша ер азаматтың еңбек Кодексінің 195 бап 1.1) сай бала күтімі демалысына шыққаны жөн гой

    Жауап беру

Пікір қалдыру


БҚО, Бөкей ордасы ауданы, Сайқын селосы, Ғ.Әзербаев көшесі, 10/1 үй
[email protected]

"Орда жұлдызы" газетінің
бас редакторы: 8 (71140) 21 5 30
Жауапты хатшы, тілшілер: 8 (71140) 21 8 42
Есіп және жарнама бөлімі: 8 (71140) 40 0 64