21.10.2015, 11:40
Қараулар: 412
Мәнді де сәнді өмір

Мәнді де сәнді өмір

р-118Өтеғали Шеденов! Атағы айдай әлемге танымал академик, сонау Азғыр өңірінің төл перзенті. Бірнеше ғылыми еңбегі мен туған өлкесіне қатысты ой-толғамдары кітап болып басылған. Сол ардақты азамат өз қатарласы, адам жанының арашашысы һәм жерлесі Мұсағали Меңдіғалиев туралы жазған мақаласын редакциямызға жолдапты. «Ұлық болсаң, кішік бол» қағидасын ұстанған ардақты ағаның материалын жып-жылы күйінде біз де газет оқырмандары назарына ұсынып отырмыз.  

 Еліміздің денсаулық сақтау ісінің тарланы, қоғам қайраткері, танымал азамат Мұсағали Меңдіғалиев 1935 жылы 15 қазанда Орда ауылында дүниеге келді. Алпыс екі жылдан астам ғұмырын өзінің сүйікті мамандығы — денсаулық сақшылығына бағыштаған Мұсакең күні бүгінге дейін сол ісінен қол үзбеуде. Социалистік Еңбек Ері Меңдалиев Кенжебектің қамқорлығының арқасында балалар үйінің тәлім-тәрбиесін көріп өскен оның бойындағы ерекше қасиет – төзімділік пен қайсарлық. Осы екі қасиет кездескен қыруар қиындықтарды жеңуіне себепші болып, ақыры үлкен өмір жолына алып шықты.

1959 жылы Алматы мемлекеттік медицина университетінің емдеу факультетін бітірген М.Меңдіғалиев еңбек жолын Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасында аға инспектор болып бастады. 1960-1963 жылдары Еңбекші қазақ ауданының, 1963-1966 жылдары «Аяққалқан» курортының бас дәрігері қызметінде болды. 1966 жылы Кәсіподақтар курортын басқару жөніндегі Қазақ Республикалық Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. 1970 жылы №7 Алматы қалалық емханасының басшылығына ауысқан ол кейін №3 емхананың бас дәрігері және қаланың басқа да аудандарында жоғары санаттағы ұйымдастырушы-дәрігер міндетін атқарды. Осылайша, денсаулық сақтау ісінің нығаюына барынша үлес қосты.

Айта кетелік, оның тікелей басшылығымен «Алматылық тұрғындардың денсаулығын жақсартудың» 1998-2030 жылдарға арналған Алматы қаласы әкімінің стратегиялық жоспары да табысты жүзеге асуда. Поликлиникалардың бірқатар қызметтері қайта ұйымдастырылды. Бөлімшелер мен кабинеттер жұмысының практикасына еңбекті ұйымдастырудың бүгінгі әдістері енгізілуде, аумақ халқына, әсіресе, жасөспірімдер мен мүгедектерге қызмет көрсету нысаны жетілдірілуде. Күндізгі стационары бар шаруашылық есептегі бөлім де ашылып, емдеу-диагностикалық шаралардың сапасына бақылау да күшейді. Әрі медициналық кадрлардың тәжірибесін арттыруға жіті назар аударылуда.

«Мен өмірімнің әрбір кезеңінде алдыма мақсат қойдым. Балалар үйінде өссем де, қиындыққа мойымадым. Оқи жүріп, жұмыс та істедім. Алайда, басты арманым үйрену мен білім алу болды. Қазіргі жастарға және мамандарға керегі де саналы тәрбие, сапалы білім мен адал еңбек», – дейді ол әңгіме арасында. Өзгенің тағдырын өзіндей көрген үлкен жүректі дәрігер Мұсакең адамның өмірдегі бар бақыты – абыройлы қызмет ету, зор денсаулық және ұрпақ өсіру деп түсінеді.

Сондай-ақ, Мұсағали Меңдіғалиев қоғамдық-саяси жұмыстардан сырт қалып көрген емес. 1963-1993 жылдар аралығында халық депутаттары Алматы қалалық, Еңбекші қазақ, Шелек, Октябрь, Совет аудандық кеңестерінің депутаты, ал, 1994-2005 жылдары I және II сайланған Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Қазақстан Компартиясының XV-XVI, Қазақстан кәсіподақтарының IX-X съездерінің делегаты болды. 1995 жылы республикалық референдум аумақтық комиссиясының міндетін атқаратын Алматы қаласы Совет аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, 1999 жылдан Қазақстан Республикасы Президенттігіне Н.Ә.Назарбаевты қолдау жөніндегі Республикалық штабтың төрт рет бастығы және мүшесі болды. «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің қалалық және аудандық мүшесі. Ол республиканың батыс және солтүстік өңірлеріне жиі шығып, денсаулық мәселесі бойынша ұйымдастыру және дәрігерлік емдеу әдістері туралы көмек те беріп келеді. Өз ойын конференцияларда, семинарларда ашық айтады.

Иә, әркім өз дәуірінің перзенті. Уақыт әрқашан кімге де болмасын зор жауапкершілік жүктейді. Мұсакең қай қызметте жүрсе де, ақжарқын мінезімен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен әріптестерінің арасында зор абырой мен беделге ие. Оның еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен атап өтілген: В.И.Лениннің туғанына жүз жыл толуына орай «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10, 20 жыл» және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік медалімен, Кәсіподақ, ҚР Денсаулық сақтау министірлігінің Мақтау грамоталарымен, Алматы қаласы әкімінің Мақтау грамотасымен 10 мәрте, аудан әкімінің мақтау грамотасымен 2 мәрте марапатталған, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Ол Президенттің Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атанса, Елбасының «Алғыс хатын» 3 рет алған. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Құрмет грамотасы және бар.

Жылдар жылжығанымен, Мұсағали Меңдіғалиұлының белсенділігі және еңбекке деген қабілеті әлі де сарқылар емес. Ақсақал жасқа жетсе де, жігерлі азамат жас ұрпаққа мықты тірек, тағылымы мол қажырлы тұлға. Ең бастысы, жұбайы Мариям екеуі 60 жылдай бірге өмір сүріп, екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, сегіз немере, екі шөбере сүйіп отырған ардақты ата-әже. Алланың құлында бұдан асқан мәнді һәм сәнді өмір болар ма?

 

Өтеғали ШЕДЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

 университетінің профессоры, академик.

Алматы қаласы.