17.12.2015, 18:35
Қараулар: 331
Шипалы қолдардың шапағаты

Шипалы қолдардың шапағаты

Ауданымыз облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан, кез-келген науқастың қалаға баруға мүмкіндігі болмайды. Ауырған жандарға жол ауыртпалығын көтеру де оңай емес. Осыған байланысты аудандық орталық аурухана әкімшілігінің сұраныс беріп, келісім жасауымен облыс орталығынан хирург-дәрігерлердің ауылға келіп, ота жасауы дағдылы іске айналды. Биылғы көктемде облысымыздан хирург-дәрігерлер келіп, балаларға ота жасап, ата-аналардың алғысына бөленгені баршаға мәлім. Ол туралы жергілікті баспасөзде де жарияланды.

Жақында, дәлірек айтқанда, желтоқсан айының басында облыстық клиникалық аурухананың хирург-дәрігері Есеев Ербол Қуанышұлы, анестезиолог-дәрігер Ғабшакиров Тимур Меңдіғалиұлы арнайы шақырумен келіп, ересектерге ота жасады. Шап жарығы, кіндік жарығы, өт жолын тазалауға байланысты алты адамға жасалған жеті ота  да сәтті шықты.

Жасыратыны жоқ, ордалық Қарлығаш Қарабалинаға екі ота қатар жасалды. Оның өт жолынан бір кесе толы 160 тастың шығуы дәрігерлердің өзін таң-тамаша етті. Ол, сондай-ақ, көптен қинап жүрген кіндік жарығынан да құтылды. Яғни, екі ауруынан бірдей айығып, жаны рахаттанып қалды. Қарлығаш облыстан келген дәрігерлерге, оларды ауылға шақырған аудандық аурухана басшысына, ота үстінде хирургтердің қасында болған аудандық аурухананың хирург-дәрігері Әжіғалиев Тимур Рафхатұлына, ота мейірбикесі Мөкешева Күлбаршын Қамиярқызына, анестезиологтың көмекшісі, мейірбике Құспанова Әлия Нұрхатқызына, мейірбике көмекшісі Төлеуова Майра Мағзомқызына және отадан кейін қарап, емдеп жатқан мейірбикелерге шексіз ризашылығын жеткізсе, М.Мәметова атындағы орта мектептің мұғалімі Ажаргүл Қисметова: «Жер шалғай, жол лайсаң, ауа райы аумалы-төкпелі кезде біздерге жол ауыртпалығын тартқызбай, оташы-дәрігерлерді ауылға келтірген аудандық аурухана басшысы Әділгерей Уәлиұлына көп рахмет. Дәрігерлер Ербол Қуанышұлы мен Тимур Меңдіғалиұлының да қолдары жеңіл екен. Ал, өзіміздің аурухананың хирургі Тимур Рафхатұлы күн сайын қарап, қасымыздан шықпайды. Жүзі жылы, мейірімді жас маманнан өте жақсы дәрігер шығары байқалып тұр. Болашағы жарқын, еңбегі жемісті болсын! Дәрі-дәрмегін уақтылы беріп, бар ынта-ықыласымен ем жасап жүрген мейірбикелерге де алғысымыз мол», – деді ағынан жарылып.

Қолы шипалы дәрігерлердің еңбектері жанып, алда да зор жетістіктерге жетіп, ел құрметіне бөлене берулеріне өз ризашылықтарын білдірген жерлестерімнің осынау ізгі тілегін мереке қарсаңында аудандық газетке жолдауды жөн көрдім. Бүгінде аудан айнасын алдырмайтын жан кемде-кем ғой.

Какима ҚАЖИПАНОВА,

аурухананың тіл маманы.

Сайқын ауылы.