17.12.2015, 18:39
Қараулар: 299
Көп болды құм Нарынға бармағалы… Эссе

Көп болды құм Нарынға бармағалы… Эссе

 (Соңы. Басы газетіміздің №50 санында).

Мұның бәрі, әрине, жалпы сипат ала бастаған халық наразылығының бетін қайтару үшін жасалған болмашы әрі алдамшы әрекеттер болатын. Мұндай азын-аулақ көмекті Азғыр тұрғындарының көргеніне де күмәніміз жоқ. Бұл енді, керек десеңіз, әскери-өнеркәсіп кешенінің осы өлкені көп жылдар бойы аяусыз таптағанын, халқын қасіретке ұшыратқанын ақи-тақи мойындап, сол үшін өзінше бір кешірім сұрағаны іспетті-ді.

Дегенмен заман түзу. Ел орнында. Тарихтың ауыр жүгі тиелген арбасын бірде баяу, бірде тез алға сүйреп. Қасиетті Хан Ордасы келе жатыр уақыттың керуенінде. Қарағайлары сыңсып Нарын жатыр көсіліп…

Өкініп айтатын бір шындық, Қадыр Мырзалиев ағамыздың көпке танымал өлең жолдарын сәл-пәл аударып айтқанда – «көп болды Құм Нарынға бармағалы».

Соңғы рет ол жақта тоқсан бірінші жылдың жазында болған екем. Өзім оқыған Жәңгір мектебінің 150 жылдығы тойланған жылы. Алматыдан, Атыраудан, Оралдан дегендей, жан-жақтан жиылған құрметті қонақтардың ресми легінен бөлініп, Хан Ордасын аралаймын. Кейін Пионерлер үйі болған, баяғы Ахун мешітінің орнын іздеймін. Сол ғимараттың табалдырығында Пионерлер үйінің сол уақыттағы көркемдік жетекшісі, жас сазгер әрі домбырашы жігіт Базарбай Жұманиязов (қазір белгілі композитор), төңірегінде есейіп қалған жоғарғы сыныптың балалары  мен қыздарын жинап алып, кешкілік сырнайын созып отырар еді. Сол балаң сырнайшы араға жылдар салып, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясының композиторлық бөлімін атақты Е.Г.Брусиловскийдің класы бойынша бітіріп шығатынын, дипломдық жұмысы ретінде өзі көптен толғатып жүрген Нарын тақырыбы бойынша «Махамбет» атты симфониялық дастан жазып, сол сияфониясы ақыры қаһармандық «Махамбет» операсына ұласатынын ол кезде кім болжай алған?!

…Ұстаздарымды, соның ішінде өзім үшін орыны бөлек марқұм Ғұмар Зарипов ағамды еске алам (Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, Ленин, Еңбек Қызыл Ту орденді ардагер-ұстаз, қазақ әдебиетінің білгірі әрі көрнекті өкілі).

Ебедейсіз ұзын бойын әрең меңгеріп, көзілдірігінің астынан сүзе қарай класқа кірер еді, жарықтық. Қолтығындағы бір бума дәптерді (біздің осындан бір апта бұрын жазған шығармаларымыз) үстел үстіне қоя салып, үзіліс кезіндегі шаңы басылмаған класс ішін мұрынын тыржита бір шолып өтіп:

– Тү-у-у, әбден шаңдатып жіберіпсіңдер ғой. Ашшы ана желдеткішті! – деп бәрімізден бойы ұзын Кәрім дейтін оқушы балаға әмір етер еді.

Сонсоң класс ішін тағы бір сүзіп өтіп:

– Ғарифолла, шырағым, бармысың? — дер елі кәрі ұстаз.

– Бармын, — деп мен де кейінгі жақтағы парталардың бірінен кішкене бойымды қылтитамын.

– Жақсы жазыпсың шығарманы, айналайын, — дер еді қамқор үнмен. – Мә, ала ғой дәптеріңді.

Ғұмар ағамыз көңілі кең болғанымен, бағаға сараң. «Бестік» бағаны ешкімге қоймайды. Әдебиет сабағына ықыласты болғаныммен, менің де өне-бойы алатын бағам – негізінен «үштік». Дегенмен, «үмітсіз – сайтан ғана», дәл осы жолы дәу де болса «төрт» қойған болар деп шығарма дәптерімді үмітпен ашам. Жоқ, сол баяғы – бүкір «үштік». Бәрібір осы бағаны қоятыны бар, несіне жұрт көзіне мақтайды екен, деп пәс көңіл болып басылып қалам. Есесіне дәптерлерін ұқыпты ұстап, ұқыпты жазатындары болмаса, әдебиет пәнінен шығарма жазуға келгенде менен тап асып бара жатқаны шамалы Әсила Сақашева, Марфуға Сақауова секілді интернаттың қыздары шетінен «төрт» алып жатқаны, ұстазыма деген ішкі ренжішімді қоюлата түседі. Сөйтсем, шығарманың мазмұны жақсы болғанымен, ішінде емле қателері сіркедей сыңсып жүреді екен ғой. Әлде шығармашылыққа икемі бар жас шәкірті сәл нәрсеге бола еліріп-тасып кетпесін деп ойлап тапқан кәнігі ұстазымның тежегіші ме екен.

Арада бас-аяғы екі-ақ жыл өтпей жатып сол Ғұмар ағамызбен бірге, құрамында бес адам бар облыстық делегацияның бір мүшесі ретінде Алматыға, атақты Тайыр ақынның 50 жылдығына қатысамыз деп кім ойлаған!

Иә, осындайда еске түседі…

1958 жылдың күзінде Тайыр ақын Жароковтың 50 жылдығы атап өтілді. Осыған орай ақиық ақын туған жерін аралай жүріп, сол кездегі «Орда» кеңшарына (кейін «Бисен» кеңшары деп аталды) келді. Қасында – Мүнира жеңгеміз. Бастап жүрген – облыстық «Екпінді құрылыс» газетінің сол кездегі редакторы Қарқабат Бәйкенов ағамыз.

Мен ол кезде комсомол жолдамасымен ауыл шаруашылығына жұмысқа барып, жоғарғы оқу орнына түсу үшін еңбек өтілін жинап жүрген сол кеңшардағы шофермін. Ақындардың аудандық, облыстық бірінші айтысында жүлде алып, ел ішіне кәдімгідей танылып қалған кезім.  Сол қарқынмен орталықтағы клубта өткен ақынмен кездесуде өлең оқиын, баяғы. Тайырға  арнаған өлең.

Кешкілік, ымырт үйіріле үйге кеңсенің шабарманы Маржан апай келді ентігіп:

– Саған тез келсін деп жатыр.

– Кім? Директор ма?

– Иә, ол да. Сосын анау қонақтар. Айтпақшы, өлең жазған дәптерлерін түгел алып келсін деді…

Ол күнде кеңшардың орталығында қонақ күтетін қай бір мейрамхана болсын. Меймандарға балалар бақшасының үйі әрі қонақ үй, әрі мейрамхана ретінде дайындалған болатын. Шақырған соң бармай болмайды. Өлең жазылған қойын дәптерлерімді қолтығыма қысып, меймандар  думандатып жатқан кең залға жасқана кіргенім есімде.

Сол түні Тайыр ақын менің қойын дәптерімдегі балаң жырларымды қайта-қайта оқытты. Ара-тұра:

– Әй, мына Жетібайдың жаман баласы қайтеді-ай!–деп өзімен-өзі лекіп-лекіп алады. Жерлестерінің ықыласы болар, ішілген шараптын уыты болар – әбден көңілді.

–Саған оқу керек!–дегенді кесіп айтқаны есте.

Алматыда Тайыр ақынның елу жылдығын атап өтуге байланысты мерейтойлық шараларға туған жерінен сол кездегі Орал облыстық партия комитетінің хатшысы Мақат Рымжанов бастап барған ресми делегация қатысты. Сол делегацияның құрамына менің есімімнің енгізілуіне ақын ағамен сол жолғы кездесу себеп болды-ау деп ойлаймын.

Дегенмен, әңгіме Ғұмар ағамнан шығып кетті ғой.

Жайлы вогонның бір купесінде төрт адам Алматыға кетіп барамыз. Облыстық газеттің жоғарыда аты аталған редакторы Қ.Бәйкенов, біздің аудандағы бір ұжымшардың партком хатшы С.Сұлтанов, Ғұмар ағай Зарипов және мен – бәріміз бір купедеміз. Ғұмекең Тайырдың мерейтойына арнап өзі жаздырған жыр жолдарын ертемен – бір, түсте – бір, кеште – бір қайта-қайта оқытады. Оқытқан сайын кеңес айтады:

–Көтеріңкі дауыспен лепірте оқы. Тайырдың өзі өлеңін солай оқиды. Сөздеріңді анық айт. Жаттап ал! Қане, тағы бір қайталап жіберші!

Осылайша Оралдан Алматыға жеткенше пысықталып дайындалған арнау өлең, ақыры, Алматының балалар және жасөспірімдер театрының залында ұлы Мұхтар Әуезовтың басқаруымен өткен мерейтойдың басты жиынында астананың шығармашылық жұртшылығы алдында оқылды.

Қайран Ғұмар ағам! Жас дарынның бойынан бір ұшқын көрді ме, кім білсін, осыдан бірдеңе шығады-ау деп үкілеп-баптап, әдебиет додасына қосқысы келген екен де!

Сөз арасында еске алсақ, ол кезде мерейжасқа келген дарынды жерлестеріне тарту ретінде автокөлік мінгізу ел ішінде жақсы дәстүрге айнала бастаған-ды. Осы ретпен облыс және аудан басшыларының ұйғарымы бойынша Тайыр ақынның туған ауылы – «Орда» кеңшары (кейін «Бисен» кеңшары болды) дауылпаз ақынға жеңіл автокөлік мінгізетін болып шешілген еді. Алайда, Тәкеңнің дәл мерейтойы қарсаңында «мерейтойға машина мінгізіп, мемлекет қаржысын рәсуа қылу тоқтатылсын» дегендей мазмұнда Қазақстан үкіметінің қаулысы шықты да, жерлестері ақынға машинаның орнына «Қанатты көк» деген сәйгүлік сыйлады. Кеңшар орталығында өткен жиында ақын, клуб алдының шаңын қағып, бір орнында байыз таппай жер тартып, өз-өзінен билеп тұрған ақбоз сәйгүлікке тақымын басып, ескерткіш ретінде суретке түсті.

Әрине, Тәкең сәйгүлікті Алматыға әкеткен жоқ. Бар айтқаны: «Маған жақсы етіп суретін шығарып берсеңіздер, сол да жетіп жатыр».

Кейін, Алматыда өттін мерейтойлық шараларға жүрерде кеңшардың сол кездегі директоры Ә.Менеев «Тәкеңнің шапанына»» деп менің қоржыныма бір буда ақша салғызды. Сол ақшаға, үстіне С.Сұлтановтың ұжымшардан арнайы алып шыққан қаражатын қосып, Оралдың мехкомбинатында ақынға деп арнайы тігілген қамқа тонды сатып алдық. Шапан-тонды делегацияның басшысы – обком хатшысы М.Рымжанов салтанатты жиналыс үстінде Тәкеңнің  иығына жапты.

Иә, «Қанатты көкке» мініп түскен сол суретін университеттің екінші курсына ауысқан жылы, ел басшыларының тапсыруы бойынша, Тәкеңнің өз қолына апарып табыстағанымда, ол кісінің баладай қуанғанының куәсі болғаным бар.

Айтқандайын, қазақ өлеңінің әлеміне күркіреп келіп, күмбірлетіп өткен Тайыр ағамның жас жерлесіне көрсеткен ағалық ықыласының қадесін немен қайтарсам деп жүретін кезім аз емес-ті. Соның бір сәті 1998 жылдың күзінде түсті. Ақиық ақынның туғанына сексен жыл толуына орайластырылған шаралар Алматыдан бастау алып, туған жері Оралға да жетті. Облыстық театрдың кең залында үлкен бір поэзия кеші өтті. Ол кезде көзі тірі жеңгеміз Мүнира апай, балалары Мұрат пен Бекет, қызы Раушан, сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ә.Тарази, белгілі ақын әрі ғалым С.Сейітов қатысқан сол кеште Тайыр ақынның шығармашылығы туралы кең толғанып баяндама жасадым. Алматылық меймандарға өз дастарханымнан дәм тартқыздым…

Сол жолы Тәкеңнің жанұясы Ордада, ақынның туған ауылы Жетібайда, Жәнібек ауданындағы ақын атындағы кеңшарда болып, қызықты кездесулер өткізді. Т.Жароков атындағы кеңшардың орталығында ақынға орнатылған ескерткішке тағзым етті.

Сөз реті келіп қалған соң, осы ескерткіш жайында бірер дерек келтіре кетсек, артық болмас.

Кеңес дәуірінде коммунистік көсемдерден өзге пендеге, адамның кеудесі ғана бейнеленетін бюст болмаса, тұғырдың үстінде тұтас бойы құрыштан құйылатын үлкен ескерткіш орнатылмайтын. Тіпті орнатыла қалған қүннің өзінде, оған КСРО Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысын шығару қажет болатын. Ал, Тайыр ақынның қолына өлең кітабын ұстап, арқырап жыр оқып тұрған тұтас бейнесі сомдалған мына ескерткіш осы бір міндетті рәсімді айналып өтіп, жартылай астыртын орнатылды десе болар. Қасаң қағидасы қия бастырмайтын сол кезеңнің өзінде жерлес ақынға тұтастай ескерткіш құйдырып, осындай көзсіз тәуекелге барған Жәнібек аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы, өзі де сөз қадірін білетін ақынжанды азамат Рахметолла Сүйіндікұлы Егізбаев ағамыз болатын. Ел-жұртының айтуына қарағанда, ол кісі ескерткіштің нобай эскизін дайындатқан да, жеке таныстығын пайдалана отырып, көрші Волгоградтағы көркем шеберханаға тапсырыс бергізген. Бұл өзі Волга бойындағы атақты «Отан-ана» мемориалын жасап шыққан танымал шеберхана болатын. Сол шеберхана мүсіншілерінің бабын тауып, Рекең ағамыз қаражатын кеңшардың есебінен төлеттіріп, дайын ескерткішті әкелдірген де, тұғырға қондыртқан. Кейін осы ескерткішке байланысты әңгіме едәуір деңгейде  көтеріліп, бірқатар азаматтардың партиялық жаза алғандары да болды.

Жазаны қойшы, берілді-алынды, есесіне Нарынның Махамбеттен кейінгі жалынды жыршысы Тайыр ақынның қола мүсіні тұтас бойымен тұғыр үстінде тұрды да қалды.

Иә, әлгінде айтқандай, «көп болды Құм Нарынға бармағалы…»

…Тұрмыстың күнделікті күйбеңімен жүргенімізде байқамай да қалыппыз – біздің де мектеп бітіргенімізге 50 жыл болыпты. Осыған орай, негізінен Алматыда тұратын сыныптасымыз Баймұрат Бисеновтің мұрындық болуымен, 1956 жылы Орда орта мектебін бітіргендер сол Хан Ордасының өзінде бас қосатын болды. Баймұрат «Хабар» телеарнасынан сөйледі, газетке жазды, телефонмен хабар таратты – әйтеуір бұрынғы сыныптастардың бар-жоғын, қай өңірде не іспен айналысып жүргенін анықтап, бірсыпыра сыныптастарға сәлем жеткізді.

Мен оқыған 10 «Б» класының отыздан астам түлегінің төртеуі о дүниелік болып кетіпті. Имандары серік болсын!

Өз басым әртүрлі себептермен ол кездесуге бара алмадым. «Барайын десем, жер шалғай. Бармайын десем – ел қандай!». Соның кері. Баймұраттың ақыл қосуымен, көптен бері қолға алмаған ескі кәсіпті еске түсіріп, отыра қалып өлеңмен сәлем жаздым.

 

Көңілдің қандырмаққа бір құмарын,

Көнбесін көп жылдардың бұрғыладым.

Ар ма деп Нарындағы ағайындар,

Бар ма деп бала күнгі құрбыларым.

 

Шашырап жанарынан шұғыласы,

Түгел боп жүретұғын құбыласы,

Ар ма деп сырбаз мінез сабаздарым,

Бар ма деп оныншының «Б» класы.

 

Оныншы «Б»! Әбуов Халел, Қыдырғалиева Бірғаным, Нүптенов Сағынғали, Қойшекенова Рысқаным, Ғилажева Қалампыр, Жақсығұлова Жібек, Шынғалиев Әбес…

 

Байланып тіршіліктің сағатына,

Қосылып кете алмадым санатыңа.

Сендерге деген ыстық сағынышты

Байладым ұшқан құстың қанатына.

 

Ордадағы кездесуге қатысып қайтқан Баймұрат айтты – осы жыр-сәлемді ресми кездесу үстінде 10 «Б» сыныбындағы бұрынғы парталасым, ұзақ жылдар бойы осы ауданда бас инженер болып істеген бала дос Әбуов Халел оқып беріпті. Мәтінді Ордадағы тарихи-өлкетану  мұражайы сақтап қоюға қабылдап алыпты. Мұражайға қоятындай маңызды болмағанымен, бұл да бір дерек қой, Нарында өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақ көздері түскенде танысып, сонау қиын-қыстау жылдарда туған жерге деген сүйіспендігін, достарына деген сағынышын бойтұмардай қастерлеп өткен ағалар да болған екен-ау деп еске алар.

Сол туған жерге бармағалы көп болды.

Өтеғалиге қызығамын. Барлық ісін алдын ала жоспарлап алу дағдысына сіңген ғалым адам емес пе, қай айдың қай күні қай жерде болатынын, не іспен айналысатынын жіпке тізгендей жазып қойған. Ал біз болсақ, ішкі тәртібі бос, өз-өзін ұйымдастырып дағдыланбаған, сондықтан да қалыптасқан жағдаятқа тұрмыстың тізгінін ұстатып қойып, ашылып-шашылып жүретін берекесіздеу шығармашылық қауымнанбыз!

Ел жаққа биыл бармақ болып жиналып ем, тағы да реті келетін емес. Ал Өтекең болса, қоржынын көтеріп, көлігіне мініп, биыл тағы да елге кетіп барады. Осыдан бірқатар жыл бұрын отбасымен ел аралап, Нарындағы ағайындарына сәлем беріп, ата-бабаларының аруағына бағыштап құран оқытып, ас беріп, үлкен бір имандылық іс тындырып қайтқаны сол еді. Енді міне тағы да, қат-қабат ғылыми жұмыстарын ысырып қойып, елге аттанбақ. Есейгеніне қарамастан туған жерге, ондағы ағайындарға деген ыстық ықыласы еш суымаған досыма қызыға қараймын.

Дегенмен, ел ішінде жиі болмасақ та, бір кездері полигон салған жара біртіндеп жазылып, анау бір өліара кезінде қатты күйзеліп қалған ауыл тірлігі біртіндеп қалпына келіп, малына қоң бітіп, елі еңсесін көтере бастағанын газет-теледидар хабарларынан, ел ішінен жеткен ара-тұра дұғай сәлемдерден есітіп-біліп жатамыз. Хабар соңы ұзап бара жатса, осында – Алматыда жүрген «құмшықтарға» телефон шалып: «Әй, елден не хабар бар?» деп сұрастырамыз. Жақсы хабар – жанға дәру. Қасиетті Нарын қанатын қайта қомдап, түлей түссе екен деген тілекпен ұйқыға жатып, осы тілекпен жаңа күнді қарсы алудамыз. Лайым солай болғай…

Ғарифолла КӨШЕНОВ.

(«Қоян жылы» кітабынан).

Ескерту: материал газет көлеміне қарай аз-мұз қысқартылды.