17.12.2015, 18:45
Қараулар: 292
Бабажановтықтар көш бастады

Бабажановтықтар көш бастады

р-233-Биылғы аудандық пән олимпиадасы М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп базасында оздырылды. Оны аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев ашып, аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева олимпиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі. Пәндер бойынша құрылған сарапшылар комиссиясының төрағалары мен олимпиаданың ережелері таныстырылды. Әрі сарапшылар комиссиясына жоғары білікті 49 маман тартылса, туындаған әртүрлі даулы мәселелерді шешу үшін 7 адамнан аппеляциялық комиссия да құрылды.

Айта кетелік, 13 пән бойынша сынға түскен 140 оқушының 19-ы Қазақстан тарихын, 19-ы қазақ  тілі  мен  әдебиетін, 18-і орыс  тілін, 14-і физиканы, 14-і ағылшын тілін, 13-і биологияны, 12-і географияны таңдапты. Ал, химия, құқық  негіздері мен информатика пәндеріне оқушылардың қатысы төмен болды. Екі күнге созылған олимпиада қорытындысында І орынды осымен  екі жыл қатарынан М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп жеңіп алса, ІІ орын М.Мәметова, ІІІ орын  А.Құсайынов атындағы орта мектептерге бұйырды. Білім сапасынан жақсы деп саналатын Т.Масин, Қ.Сағырбаев атындағы орта мектептердің бұл жолы соңғы орыннан көрінуін түсіне алмадық.

Сонымен, оқушылардың пән олимпиадасының жабылу салтанатында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Мақсотұлы жеңімпаздарды құттықтап, бабажановтықтарға түрлі-түсті принтер, мәметовалықтар мен құсайыновтықтарға лазерлі принтерлер табысталатынын жариялады. Ал, олимпиада жүлдегерлеріне аудандық білім беру бөлімінің дипломдары және І орын иемденген оқушыларға «Билайн» интернет жүйесінің  байланыс USB модемдері табыс етілді.

Осылайша, үздік деп танылған 16 оқушының жұмысы облыстық кезеңге жолданды.

Нәйлагүл НАРБОЛОВА,

әдістемелік кабинеттің  меңгерушісі.

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар