18.12.2015, 10:25
Қараулар: 340
Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың мерекелік құттықтауы

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың мерекелік құттықтауы

231Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді қазақстандықтардың қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күн − біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін шынында да қастерлі мереке. Азаттық аңсаған елдің арманы бұдан 24 жыл бұрын орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттілігін жариялады. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикалық дамуда, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуде аса зор биіктерге көтерілді. Тұрақтылық және қоғамдағы өзара түсіністік, зор жауапкершілікпен жүзеге асырылған сыртқы саясат − республиканың ғаламдық деңгейдегі беделін өсірді. Бүгінгі Қазақстан − бұл кемелденген, қуатты мемлекет.
Біз, қазақстандықтар – тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ тұтас халыққа айналдық. Яғни, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, ырысы мол елде тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Осының бәрі − Мемлекет басшысының көреген саясаты мен халықтың жасампаз еңбегінің арқасы.

Қадірменді жерлестер!

Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан да ерекше. Сондықтан да аға ұрпақ өкілдерінің  төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербеткен аналарымыздың аққан жасының, Жаратқаннан тілеген медетінің арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Бұл біздің азаматтық парызымыз.

Осынау мерейлі мереке күні Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға бақыт пен шаттық тілеймін. Әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең байтақ ұлы Отанымыздың Тәуелсіздік күні құтты болсын! Көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!