9.02.2016, 10:28
Қараулар: 375
Мақсат – шәкірттердің білімін шыңдай түсу

Мақсат – шәкірттердің білімін шыңдай түсу

Әр мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық, әлеуметтік және рухани-мәдени әлеуеті жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруіне, оның прогрессивті даму мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан − 2030» стратегиялық бағдарламасында тәлім-тәрбие беру саласына мемлекеттік мәні бар жеке басымдық беру қажеттілігін ерекше атап көрсеткені белгілі. Бұл істе қосымша білім беру ұйымдарына жүктелер міндет зор. Олар тәрбиеленушілерінің білім алуын, мәдени қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруы шарт.

Кез-келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, оқушының өз белсенділігін туғызбаса, берген білім күткендей нәтиже бермейді. Оқушының адам ретінде қалыптасуы сол белсенділік арқылы жүзеге асады. Әрі тіл мен сананың, сөйлеу мен ойлаудың бірлігі әр адамның жеке басы қасиеті мен қабілетін, даралығын танытады.

Ауданымыздағы балалар саз мектебі, мектептен тыс тәрбие, жас техниктердің шығармашылығы, балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталықтарында 53 мұғалім 786 шәкіртпен жұмыс жасайды. Үйірмелер саны – 57, оған қатысушылар мектептердегі оқушылардың 31,2%-ын құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізу көзделуде.

Түпкі нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен оны қоя білу қажет. Сонымен қатар оларды белгілеудің критерийлері (көрсеткіштері), бағалау жүйесі, реттелуі, саралануы тиіс. Егер бұлар толық әрі біртұтас қамтылмаса, онда оқыту процесі де толық мақсатына жете алмайды.

Ауданымыздағы қосымша білім беру орталықтары шәкірттері аудан, облыс, республика көлемдеріндегі жарыстарға қатысып, 2014-2015 оқу жылында 6 оқушы республикалық, 37-сі облыстық, 40-ы аудандық байқауда жүлделі орындарға ие болды. Облыстық білім беру басқармасының мониторингінде ауданымыз бұл салада 5-ші орында тұр. Бұл, сөз жоқ, қосымша білім беру педагогтарының, олардың ұжымдарының еңбегі әрі талантты жеткіншектерді танып, бойындағы дарындарын дамытуға бағыттай білуі деп білеміз. Шәкірттеріңіз шыңдалып, биік белестерді бағындыра бергей дейміз.

Манарбек АЛТАЯҚОВ,

аудандық білім бөлімінің әдіскері.

 

 

 

 

 

 

 

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар