17.02.2016, 11:45
Қараулар: 403
Отан қорғаудағы ордалықтар ерлігі

Отан қорғаудағы ордалықтар ерлігі

Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері-ақ БКП (б) ОК және СССР Халық коммиссарлары кеңесі (СНК СССР) 1941 жылдың 23 маусымында партия және кеңес органдарының соғыс жағдайындағы алғашқы міндеттерін анықтап, тұрғындарды күштеп топтастырып, төнген қауіпке қарсы шығуға, Отан қорғауға шақырған қарар қабылдады. Қарулы күштер мен әрбір азаматтың алдында бір адым жер үшін жан аямай күресу, тыл еңбеккерлеріне  барлық жұмысты майдан үшін ұйымдастыру міндеті қойылып, қару-жарақ, танк, самолет, т.б. өндіруді күн сайын арттыру мәселесі күн тәртібінде тұрды. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында үлкен бетбұрыс жасаған Сталинград шайқасының жеңіспен аяқталуына ордалықтар ерекше  үлес қосты.

Соғыс хабары ресми жарияланғаннан бір сағаттан кейін Орда ауылында көп адам жиналған митинг болды. Оған қызметкерлер, жұмысшылар, интеллигенция мен колхозшылар қатысты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Р.Мұстафин митингіні ашып: «Біз, Орда ауданының еңбеккерлері басқыншыларға қарсы Ұлы Отан соғысын жариялаған үкіметімізді қолдаймыз»,-деді. Басқа сөйлеушілерде оны қызу қолдады. Митингке қатысушылар «Қандай қиын болса да, біз елімізге және сүйікті Қызыл Армияға қажетті нан, май, ет өндіреміз. Фашисттік басқыншылардың қара ниетіне қанша күш қажет болса, сонша ауылшаруашылық өнімдерін береміз» деген үндеу қабылдады. Отан қорғауға өз еріктерімен бармақшы болған мыңдаған ордалықтар аудандық әскери комиссариаттың алдын босатпады.

1941 жылдың маусым айы мен желтоқсан айлары аралығында алдыңғы шептегі армияға 1413 адам шақырылды. Жеңісті жақындату үшін егіс алқаптары мен мал фермаларында, темір жолда қызу еңбек қарқын алды.

Облыстық партия конференциясында партия комитетінің бірінші секретары А.Васильевский Орал қаласы, Жәнібек, Қазталовка, Орда, Фурманов аудандары Сталинград майданының ең таяу линиясына кіріп отырғанын, сондықтан партия, Совет ұйымдарынан өте қырағылықты болу талап етілетінін, майдан мен тыл мәселелелерін байланысты шешу қажетіне тоқталды. Облыстық, аудандық партия активтерінің жиналыстарында үрей туғызушылықты болдырмаудың, тәртіпті нығайтудың, майданға көмекті күшейтудің және өзі тұрған қала, село мен ауылды қорғауға дайындықты арттырудың маңыздылығы атап көрсетілді. Барлық жерде бірдей ерікті батальондар ұйымдастырылып, жалпы тәртіп пен барлық кәсіпорындардың, тұрғын кварталдардың тыныштығын сақтау жөнінде тұрақты кезекшілік тағайындалып, тұрғындар мен әкімшілік органдардың қорғаныс қимылдарын реттеу шаралар белгіленді. Ордада қыздардан мергендер және санинструктуралар дайындайтын курстар ұйымдастырылды. Елді мекендерді жау авиациясы шабуылынан сақтанудың шаралары алынды. Сол кезеңде ауданымыздағы 19 ауылдық кеңес , 2 завод, 1 МТС, 48 колхозда  35323 адам өмір сүріпті.

1941 жылы 2-ші шілдеде «Правда» газетінде СССР халық комиссарлары кеңесінің «Әуе шабуылынан қорғануға түрғындарды дайындаудың баршаға бірдей міндеттілігі туралы» қарары жарияланып, 16 мен 60 жас аралығындағы тұрғындардың әуе мен химиялық шабуылдардан қорғануды үйренуі міндеттелді. Сол жылдың 17 қырқүйегіндегі Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті қабылдаған «Барлық СССР азаматтарының әскери істі үйренуге міндеттілігі» туралы қарары Қызыл Армияға жаңа күштер дайындауда зор рөл атқарды. 1941 жылдың маусым мен желтоқсан айларында ауданда әскери істі оқытып-үйрететін 38 үйірме құрылды. Оларға 4279 адам, ПВХО-ны (Әуеден соғатын химиялық шабуылдан қорғану) үйренуге 5 мыңдай адам тартылды. Көптеген ордалықтар әскери істі тез арада игеріп, дайын жауынгерлерге айналды.

1941 жылы Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Орта Азия әскери аймағының территориясында әскери бөлім құруға шешім қабылдайды. Осыған сәйкес Қазақстан КП ОК мен Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесі 17 шілдеде «Қазақ ССР-інде ұлттық әскери бірлестік кұру» туралы қарар қабылдады. Орда ауданынан ұлттық әскери бірлестікке 500-дей адам жазылды. Ұлттық бөлімдерді кұруды ұйымдастырудың аудандық атқару комитетін М.Хабиев басқарды.

Соғыс үгіт жұмыстарын жандандыруды талап етті. Ауданда 488 үгітші жұмыс істесе, олар жарты жылда 117 жиналыс өткізіп, олардың оқыған 81 лекциясы мен 1432 баяндамасын 9730 адам тыңдапты. Үгітшілер «Герман фашизміне қарсы КСРО халықтарының Отан соғысы», «Фашизм − азаматтың қас жауы», «Кеңес халқының майданы мен тылы», «Неміс басқыншыларының 1918-1919 жылдарындағы күйреуі», «Герман фашизмінің жеңілмейтіндігі туралы аңыздың сейілуі» және т.б. тақырыптарды қамтыған.  «Қосшы» колхозының парторгі Есенов, колхоз басқармасы Акезов, үгіт коллективінің жетекшісі Сариев ерекше белсенділік танытыпты. Үгіт жұмысы барысында 1941 жылдың қазан айында ғана «Екпінді құрылыс» газетінің 434, «Приуральская правда» газетінің 184, аудандық «Жаңа жол» газетінің 450 данасы тартылған. 72 қабырға газетін шығаруға 543 адам жұмылдырылған. Жалпыға бірдей оқып үйрену мен үгіт-насихат жұмыстарына әйелдер де қатысыпты. 60 қыз бен үй шаруасындағы әйел жаралыларға көмек көрсететін дәрігерлік курстарда оқыған.

Майданға кеткен ер азаматтардың орнына әйелдер тартылады. Мәселен, тас соғуға жіберілген 30 қыз 20 мыңнан тас шығарады. «Екпінді» сельхоз артелінің қызметшісі Салихованың комсомол бригадасы күніне 900 дана, Казарованың бригадасы 800 дана тас соққан. МТС және совхоз жанындағы трактор курстарында 74 әйел оқыған. Екпінді еңбектің үлгісін көрсеткен К.Маркс атындағы колхоздың әйелдерінен әрбіреуі 2-3 жұмыс атқарған. Бұрын қозы баққан аға шопан Абдилманова 100 қойдан 129 қозы алады. Осындай игі істердің ұйтқысы Қобжанова болады. 1941 жылдың маусым-тамыз айларында ғана өндіріске 372 әйел қосылады. Аудан тұрғындарының күші мен әрекеті 1941 жылы 16 тамызда бекітілген БКП(б) ОК мен СССР халық комиссарлары кеңесінің «Орта Азия және Қазақстан, Батыс Сібір, Орал, Еділ бойы аудандары бойынша 1941 жылдың ІV тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери шаруашылық жоспарымен» сәйкес өрбіді.

Алқаптарда мол егін жайқалып өсті. Ер азаматтардың жаппай майданға аттануы, тракторшылар мен жанар-жағар майдың жетіспеуі алғашқы жылдарда егін жинауды қиындатты. Бар ауыртпалық әйелдер мен жасөспірімдердің мойнына түсті. Соған қарамастан бидай егу жоспары 129,8, сұлы 127,2, арпа 148,2, тары 108,8%-ға орындалды. Жоспарланған 23522 га орнына 27027 га жерге әр түрлі дәнді-дақыл себілді.

Шалғының соңынан баулау, шөмелеу, бастыру жұмыстары жүріп отырды. Молотов атындағы колхоздың бұрын жұмысқа араласпаған кәрі әйелдері, атап айтсақ, Арапова, Темірова, Көшеновалар өндірістік норманы 130-160%-ға орындады. Ал, 73 жастағы Ситалиев ақсақал шөп маялауда бір жарым және одан көп норма тындырды. Осындай ақсақалдармен бірге «Тегісшіл» колхозының бастауыш мектебінің оқушылары да жазғы демалыстарында колхозға шөп шабуға, егін жинауға көмектесті. Аудан колхоздарынан элеваторларға тәулік бойы жаңа егіннің дәні тиелген керуендер ағылып жататын. 1941 жылдың күзіндегі егін өте өнімді шықты, дәндер толық, салмақты болды. Сол жылғы 28 шілдедегі ҚазССР Халық Комиссарлары кеңесінің №187 қарарына сәйкес облыстық атқару Комитеті 1941 жылдың 18 желтоқсанында дәнді-дақылдарды қабылдау және сақтау үшін «Астық қоймаларының құрылысын салу» туралы шешім қабылдайды. Сайқын ауылы, 20 сельхозартель, оның ішінде Киров атындағы, «Тегіс жол», «Қызыл Ту», Стаханов атындағы шаруашылықтар мемлекетке астық тапсыру жоспарын уақытынан бұрын, толық орындайды.

Диханшылардан малшылар да қалысқан жоқ. Аудан бойынша мал шаруашылығын өркендетудің мемлекеттік жоспары 119%-ға орындалды. Жылқы фермасының меңгерушісі Нұралиев пен жылқышы Жұмағазиев 1940 жылы 25 биеден 25 құлын, ал, соғыстың алғашқы жылында 61 биеден 61 құлын алса, шопандар Әтиев пен Әдіров 463 саулық қойдан 564 қозы өргізді. Чапаев атындағы, «Қызыл Ту» колхоздар май тапсыру толық орындаса, Сталин атындағы колхоз 1942 жылдың есебіне 119 кг май тапсырады. «Молотов» атындағы колхоздың шопаны Көшеков 876 қой-ешкіні бағып, әр 100 қойдан 124 қозы, әр 100 ешкіден 140 лақ алады. Сауыншылар Сатқанова, Сейдалиева, Мастеновалар өздеріне бекітілген 70 сиырдан 70 бұзау алып, аман-есен өсіреді. Олар сүт тапсырудың жоспарын да асыра орындайды. 1941 жылы ауданда қой басының өсуі байқалып, барлық колхоз қозы алу міндетін жақсы орындапты.

«Жігер» колхозы қозы тапсыру жоспарын 209, К.Маркс атындағы колхоз 200, «Жетекші» колхозы 148%-ға жеткізді. Сондықтан қой саны 20,0 мыңға өсіп, 44 мыңға толды. Мәселен, К.Маркс атындағы колхозда жыл басындағы 524 қой 1941 жылдың күзінде 900 басқа жеткен. Алдыңғы қатарлы малшылар Байтақ Смағұлов, Дүйсенбай Байзақов, Аман Шәкенов,  №88 түйе зауытының түйешілер бригадирлері Дөшенов Ғұбайдолла, Қожанов Рысқали, Нұртазин Ислам, Сүндетов Кеңес, т.б. өз міндеттерін асыра орындады. 74 жастағы Қожабеков 9 інгеннен 9 бота алып, аман-есен өсірді.

Ауданда соғысқа дейінгі жылдарда көптеген азаматтар колхоз жұмыстарына араласпай, тіпті, 807 адам қалыпты нормадан аз еңбеккүн тапқан. 1941 жылы бұл жағдай дұрысталды, аудан бойынша еңбек күні аз колхозшылардың саны 92 адам ғана болды. 286 адам еңбек екпінділері атанды. Олардың ішінен Нысанбаев, Исхамов, Қосанова, Қойтанов, Отарбаева, Исламов, Өтеуова, Бекқазиева, Закарин, Өтешов, Ерғалиев, Балпенов, Мұталиевтерді атап көрсетуге болады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбекшілердің майданға көрсететін көмектерінің бір түрі – ел қорғау қорына ерікті түрде қаржы аудару болатын. 1941 жылдың 2 тамызында «Приуральская правда» және «Екпінді құрылыс» облыстық газеттерінде «Оралөзен пороходы» басқармасы ұжымының жұмысшыларға, колхозшыларға және Батыс Қазақстан интеллегенциясына сенімді ел қорғау қорын кұру туралы үндеуі жарық көрді. Орда ауданының еңбеккерлері бұл үндеуді қызу қолдады. Жылдың аяғында ел қорғау қорына 39262 сом ақшалай, 48100 сомға мемлекеттік заем облигациясы, 1059 ц астық, 148 бас мал, 404 кг май, 30 ц ет, 100 кг жүн, 1460 гр күміс тапсырды.

Ворошилов атындағы сельхозартельдің колхозшылары қорғаныс қорына 50 бас мал, 5000 сом ақшалай көмектесті. Лабай ауылдық кеңесінің «Жаңа жол» артелінің мүшелері 400 ц астық, 2 ц май, 30 ц ет тапсырса, Калинин атындағы сельхозартельдің колхозшылары 100 ц астық, 100 кг май берді. Ворошилов атындағы колхоздың колхозшысы Кенжин былай деді: «Осы жылдардағы мен жұмыс істеген 500 еңбек күнге орай маған тиісті ақшалай заттай табысты фашистік жендеттерді талқандау үшін еліміздің қорғаныс күшін нығайтуға беремін». Жиекқұм ауылдық кеңесінің «Жұлдыз» артелінің колхозшысы Жұмағалиева қорғаныс қорына 2 қой тапсырды. №88-ші түйе заводының мамандары мен қызметкерлері, жұмысшылары әр айдың 2 күндік табысын қорғаныс қорына беруге шешім қабылдады. Ал, колхозшылар 2161 еңбеккүндік табысын беруді ұйғарды.

Ворошилов атындағы сельхозартель колхозшыларының басшылары қорғаныс қорына айына 7-ден 15-ке дейінгі еңбеккүндік табысын беріп тұрды. Теректі ауылдық кеңесінің колхозшылары 18 бас мал, 375 еңбеккүннің табысы 6766 сомды аударып отырған. Орда аупарткомының, прокуратурасының Орджоникидзе атындағы балалар үйінің және басқа да ұжым жұмысшылары ай сайын ел қорына соғыс жеңіспен аяқталғанға дейін 3 күндік табысын аударуға шешім қабылдады. «Жігер» колхозының басқармасы Сапарғали Дүйсеков қорғаныс қорына 3 бас мал, 3 ц астық және 500 сом аударды. Аудандағы артельдің колхозшылары 30 кг, Бисен ауылдық кеңесінің «Алға шық» ауылының колхозшылары 1000 кг, Дзержинский атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері 145 кг темір-терсек тапсырды.

Ауданда Отан қорғаушыларға жылы киім жинау жұмысы да қызу жүрді. Облыстық «Екпінді құрылыс» газеті атап көрсеткендей, Қызыл Армияға жылы киім жинау жөнінде аудан 1-ші орында болды. К.Маркс атындағы сельхозартель колхозшылар жиналысына қатысушылар: «Неміс басқыншыларын тезірек жеңу үшін ел қорғауға солдаттарға жылы киімдерді, азық-түліктерді көбірек берейік» десті. Осы кезде аудан еңбекшілері қолда бар ең соңғы қаражатын, тамағын, жылы киімін, малын майдандағы армияға берді. С.М.Киров, К.Маркс атындағы, «Еңбек», «Жігер», «Бастауыш», «Алғабас», «Жұлдыз», «Қызыл ту» колхоздарының еңбеккерлері ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Егістіктерде жұмыс таң алагеуімде басталып, қараңғы түсе тоқтайтын. Егін жинауға жас та, кәрі де белсене қатысты. Осылайша соғыс майданына барынша көмек қолын созған Орда ауданы тұрғындары жанын сала, тынбай еңбектенді.

А.БАЙБОЛСЫНОВА,

БҚМУ-дың аға оқытушысы,

тарих ғылымының кандидаты.

Орал қаласы.

"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар