17.02.2016, 11:47
Қараулар: 202
Тарғын бөгеті біз ол туралы не білеміз?

Тарғын бөгеті біз ол туралы не білеміз?

Егемен Қазақстанның Еуропа құрлығындағы құтты мекені Бөкей Ордасының құрылғанына − биыл 215 жыл.

Екі ғасырдан астам уақытты артқа тастап отырған Бөкей Ордасының шежіресінде хан Жәңгірдің алар орны ерекше. Оның көрегендігі, болашақ үшін атқарған ұлағатты да дәйекті істерінің әрқайсысы өзекті әңгімеге арқау боларлық. Солардың  бірі − Тарғын өзеніне бөгет орнатуы. Ол осы арқылы халықтың тұрмысын жеңілдетуге, елінің шаруашылық құрылымын, экономикасын арттыруға күш салды.

Жәңгір хан өз заманының белгілі адамдарымен байланыс жасап, патша үкіметінен жер мәселесіне қатысты әділетсіздіктің өршіп тұрғанын, оған көңіл бөлуді, қазақтардың атамекендерін өздеріне қайтарып беруді өтінгенін тарихи құжаттар дәлелдей түседі. Бөкей Ордасы тарихи музей кешені қорында 1827 жылдың қараша айында хан Жәңгірдің сенатор Ф.И.Энгельге  жолдаған өтініш хаты (№218) бар. Онда қазақ халқына көшіп-қонуына ыңғайлы Төре (Дюре) шатқалы мен Тарғын өзеніне иелік етуі айтылады және ханның бұл өтініші қолдау табады.

1838 жылы хан Жәңгір Тарғын өзені жағалауына (қазіргі Жәнібек ауданының терістік жағын) жазғы Ордасын салдырған. Ол орыстың атақты жазушысы Л.Толстойдың «Ясная Поляна» имениесінен кем болмаған. Хан Жәңгірдің саяжайында 9 ағаш үй, оның ішінде жоғарғысы 4, төменгісі 7 бөлмеден тұратын 2 қабатты үй болған. Осы үйде хан отбасымен тұрып, қалғандарында күзетші, күтуші, аңшы-атқосшы, бағбандары орналасқан. Бұл қонысты жергілікті тұрғындар «Тарғын қала» деп атаған.

Бөкей Ордасы аймағында Тарғын атаулы мекендер жиі кездеседі. Қазақтың «Ер Тарғын» жырындағы басты кейіпкер Тарғын батыр біздің өлкемізде, Еділ, Жайық өзендері аралығында өмір сүрген. Бұл жерде Тарғын деген де өзен болған. Аңыз бойынша ол батырдың Тарлан атының шапқанда қалған ізі екен. Орыстар оны «Торгун», қазақтар «Тарғын» деп атаған.

Жәңгір хан 1841 жылдың көктем мезгілінде Тарғын өзені суының аңғарынан шығып, тасып кетпеуі үшін бөгет салудың қамына кіріседі. Нақтырақ айтар болсақ, 1842 жылы хан Тарғын өзенінен бөгет тұрғызып, аңғарларға су шығарды.  Оны төмендегі құжаттар да дәлелдей түседі. «По случаю предпологаемого заведения на сей реке постоянных строений для меня лично и народа, считаю приятным долгом» деген Жәңгірдің сөзінен осындай үлкен істің жанашыры болғанын көреміз.

Суармалы шабындыққа екі жақ бірдей кенелді. Бұрынғы қуаң жерлер шалғынға айналды. Жертөлелеріміз суға кетеді деп орыстар ханның үстінен Саратов азаматтық губернаторы Фадеевке арызданғаны бар. Кешен қорындағы мына бір құжатта, 1843 жылғы наурыз айының 27-інде хан Жәңгірдің Саратов азаматтық губернаторы Фадеевке жолдаған жауап хатында (№375): «Милостивый государь Андрей Михайлович! Получив 23 марта отношение вашего превосходительства от 12 марта №3546, я в тот же день выслал состоящего при мне офицера Астраханского казачьего войска. И причины, побуждающие меня к устройству плотины, суть следующие:

  1. По берегам сей реки, ни на русской, ни на киргизской степи нет сенокосов, но сено собирается иногда в тех местах, кои в большие водоразлития, не всегда бывающие, заливаемы водою, плотина содействовать будет постоянно ежегодному заливу тех мест и от сего на местах доселе часто бесплодных, как на киргизской, так и на русской стороне надлежит ожидать сенных покосов в таком количестве, что на них собрать можно будет не одну копну стогов лучшего сена.
  2. В других местах ныне на сей реке, устройство плотины не принесло никаких выгод по неимению с боков заливных мест. Ест следы, что и в старину на сем же месте было искусство способствуемо водоразлитию, что доказывается тем, что поныне видны отводные канавы, были проведены к поемным местам в направлении совершенно прямом, чего вода без помощи человека не сделала бы.
  3. Крестьяне сей деревни сами понимают всю выгоду для них постройки плотины, коей она не могли предпринять, между прочим, по бедности, ибо плотина потребовала значительного расхода. При личном разговоре моем с ними, крестьяне сами говорили о большой пользе для них от устроиства плотины, работали по найму при возведении оной и во время взаимных рассуждений об могущей быть опасности для ближайщих к воде землянок, сами избрали места для переноса их на возвышеннейшие, в чем затруднялись только бедностью»,− деп себеп-салдарын нақты түсіндірген және бөгеттің халық үшін пайдасын атап көрсеткен.

Ағын судың тасып кетуінен тежейтін мықты да, берік Тарғын бөгетін салдырғанын айтып, хан бөгетті қалайда бұздырмауға жәрдем сұрап, бұл құрылыстан крестьяндар да, қазына да пайда көретіндіктерін айтып, Астрахан, Орынбор губернаторларына өтініштер жолдап отырды: 1843 жылы Жәңгірдің Орал казак жасағының атаманы М.Л.Кожевниковке №535 жолдаған мәлімдемесінде:

«… Уведомляю Вас что на сих днях перекочевал из Ставки моей на речку Торгун, отстоящей в 130 верстах. Здесь устроена была в минувшую осень довольно твердая плотина, которая удержала напор воды, теперь речка 25 верст или далее наполнена водою, воздух здесь чище и благорастворнее, надеюсь с пользой провести летние месяцы»,- делінген. Сонымен қатар, өзеннің суын ағыстың күшімен айналатын доңғалақ шығыр арқылы көтеріп, төрт десятина жерге бақ өсіріп, бақша еккізді. Кей тұсында арықтан қауғамен суарылды.

Кейіннен Жәңгір хан тұрғын халықтардың Тарғын тоғанында серуендеуге төбесі жаңбырдан қалқаланған желкенді қайықтар сұратып, халықтың бос уақытын табиғат аясында өткізуіне мүмкіншілік жасаған. Ол сөзімізге де мына құжаттағы дерек те дәлел. Кешен қорындағы (№565) 1843 жылы 19 шілдеде М.Н.Донцовтың хан Жәңгірге жолдаған хатында: «Давно купленны мною для вас морские лодки, шестерка и четверка. Я решился отправить при сем с урядником Кузьминым и казаком Тихоновым к месту пребывания вашего превосходительства на Торгун, где сделан набор воды. Покупка этих лодок и поправка стоили мне 275 руб. ассигнациями, каковую сумму прошу на возвратном пути урядника Кузьмина прислать с ним ко мне»,- делінген. Ол төңірегіндегілердің талғамын байытуды ойластырып, елге өркениетті елдердің дүниелерін әкелдіріп, оларды халқына көрсетіп қана қоймай, сол секілді заттарды тұрмыста пайдалануды және өздері жасап шығаруды қарастырды. Ол туралы орыстың атақты саяхатшыларының еңбектерінде айтылады.

Хан бастаған жүйелі жұмыстың арқасында бүгінде Тарғын өзені бар. Қазіргі таңда ол жер Ресейдің Палласовка ауданына қарайды.

Қорыта келе айтарым, Жәңгір хан – ел мәдениетін арттыру жолында халықтың  игілігі үшін жұмыс жасай білген бірден-бір тарихи тұлға.

Лаура ТАЙЫРОВА,

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің маманы.