2.05.2016, 14:50
Қараулар: 309
Мақсат – өркенді істерді өрістету

Мақсат – өркенді істерді өрістету

«Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс», — деп көрсетілсе, Елбасымыздың соңғы Жолдауында техникалық және кәсіптік білім беру саласына маңызды орын берілді. 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасын дайындау Үкіметке тапсырылды. Нұрсұлтан Әбішұлы ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озатынын ескерте отырып, жастарды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырды. Бұл – саланың даму болашағы айқындалғанын, мақсаты қойылғандығын білдіреді, жастарға үлкен жігер, болашаққа деген сенім береді. Әрі біздерге, яғни, білім саласы қызметкерлеріне жаңа бағыттар мен міндеттер жүктейді.

Елбасының қазіргі жағдайға байланысты айтқан «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ұйымшылдыққа, татулық пен достыққа шақырған сөздері Бөкей ордасы колледжі оқытушылары мен студенттеріне соны жігер беруде. Сонымен қатар, экономикалық тұрғыдағы қиындықтарға қарамастан, шәкіртақының өсірілуі, қызметкерлер жалақысының артуы – маман дайындауға үлкен қолдау екені сөзсіз. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне негіз болады.

Колледж ұжымын тағы бір қуантқан жағдай – техникалық бағытта жұмысшы мамандықтары бойынша жастарға тегін білім беру идеясы. Бұл болашақта техникалық бағыттағы мамандардың жетіспеушілігі мен елімізді индустрияландыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Біздің оқу ордамызда атқарылар іс-шаралар осы Жолдаудан туындайтын міндеттермен нақтыланып, кеңейтілуде. Біздің педагогтеріміз де Елбасы ұсынған мәселелердің орындалуы жолында, шәкірттерді қалаған кәсіптеріне баулып, мамандықтарды ойдағыдай меңгерту мақсатында жұмыстана бермек.

Бағдат ЛҰҚПАНОВ,

Бөкей ордасы колледжінің директоры.

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар