22.05.2016, 0:11
Қараулар: 200
Аға ұрпақ аманатына адалдық танытайық!

Аға ұрпақ аманатына адалдық танытайық!

«Ұлы Дала елінің перзенттері мәдениеттер алуандығын, түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің құндылықтарын ана сүтімен бірге бойға сіңірген. Тарих және бабалар бізді осыған үйретті. Этностық алуандылық – біздің елдің әлсіз тұсы емес, оның байлығы». Елімізде алғаш рет аталып өтілген биылғы Алғыс айту күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен кездесуінде Мемлекетіміздің басшысы осылай деді. Осы байлық Ассамблеяның «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы Біртұтас Ұлт» атауымен оздырылған ХХІV сессиясына да арқау болды және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық акті жария етілді.

Сессияда сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың алғашқы қорытындыларына тоқталып, заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін тілдер туралы заңның толық сақталуы маңызды екеніне айрықша көңіл бөлді. Соңғы кездері Қазақстанның жерін шетелдіктерге сату туралы жалған ақпараттың таратылуы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылықтың көбейіп отырғанын және таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілгенін айтты. «Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздың мұраға қалдырған біздің басты байлығымыз»,-дей келіп, қазақстандықтардың осы мәселеге бей-жай қарамағанына, мұның өзі халқымыздың өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсететіне ризашылығын білдірді.

– Патриоттық акт – халқымыздың бүгініне де, болашағына да тікелей ықпал ететін маңызды құндылықтар жиынтығы. Құжаттың әр тармағы халқымыздың жүрегінен берік орын аларына сенемін. Бұл – қазақ халқының көкейінде жүрген мәселе. Еліміздегі басқа ағайындарды осыған баулу үшін бірігіп жұмыс істеуіміз керек. Бұл – Қазақстанның негізін қалаған буынның кейінгі ұрпаққа аманаты. Оны қастерлеп, дамыта білсек, Мәңгілік Ел болу деген осы, – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы.

Мейрамбек АҚҚАЛИЕВ,

Орда ауылдық округінің әкімі,

Ассамблеяның ХХІV сессиясы делегаты.