28.05.2016, 11:12
Қараулар: 317
Хан Ордада қалды біздің ізіміз

Хан Ордада қалды біздің ізіміз

Бұл күндері біздердің, бір кездері арман арқалап, білім қуған бір топ жас түлектердің, қазірде ақсақалдық жасқа жетіп, Алладан алаштың амандығын тілеп ғұмыр кешіп жатқан ардагерлердің бұрындары М.Горький атымен аталған бүгінгі Жәңгір хан атындағы орта мектепті бітіріп шыққанымызға аттай 60 жыл толып отыр.

 

Соғыстан кейінгі халықтың тұрмысы оңалу жолына түсіп, ел еңсесін көтере бастаған өрлеу жылдары Орда өңірінің қиыр ауылдарындағы орталау мектептерді бітіріп келіп, білім алсақ деген мәртебелі мақсатпен Хан Ордасына жан-жақтан құйылған біздерді бұрынғы Орда ауданының ізіндегі осы жалғыз орта мектеп (оқуын жалғастыруға тілек білдірген жас өскін шәкірттердің көптігі сонша), құдды, қазіргіше жоғары оқу орнына студент қабылдағандай, амалсыздан сұрыптап алған. Білімге құштар талапкерлерді қанша сұрыптадық дегеннің өзінде мектеп басшылығына онға тарта сегізінші сынып ашуға тура келген. Сол қалың нөпірден біздер екі сынып болып, елу алтыншы жылдың мамыр айында мектеп бітіру емтихандарын тапсырған едік.

Сол жылғы мектеп түлектерінің көбі одан әрі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында білім алып, ел өмірінің әр саласында абыройлы еңбек етті. Тікелей өндірісте қалып, еселі еңбегімен атақ-даңққа бөленгендері де аз болған жоқ. Олардың қызмет атқарған салаларында қол жеткен жетістіктерінің түп негізі осы өзіміздің қара шаңырақта алған дәйекті білім тұғырының беріктігінен деп білеміз.

Бүгін араға ондаған жылдар салып, сол бір алаңсыз арман қуған жалаулы жастық шағымызды еске алғанда, осы мектеп қабырғасында біздерге дәріс оқып, үлкен өмір жолына үкілеп салған Ғұмар аға Зарипов, Ғұсман Тұрғанәлиев, Айнаш Жабасова, Софья Айтмағамбетова, Сәуле Табылдиева, Ақсұлу Сапашқызы, Мәди Бекежанов және басқа ардақты да аяулы ұстаздарымыз болғанын мақтан етеміз. Бүгінде олардың бірқатары дүниеден озып кетсе де, есімдері мен асыл бейнелері біздердің әрқайсымыздың жүрегімізде, тәлімді тәрбиесі мен үлгілі ұлағаты жадымызда қастерлеп сақтаулы. Дүниеден өткендердің пейіште нұры шалқысын, арамызда жүргендерге Алла күш-қуат берсін.

Алпыс жыл. Бір кезде осы мектеп қабырғасынан қаз-қатар түлеп ұшқан сыныптастарымыздың да қазір бірқатары жоқ. Енді біразы бойларындағы білімі мен қажыр-қайратын ел игілігі жолында сарп етіп, еселі еңбектің зейнетін көріп, балаларының қалтқысыз қамқорлығы мен немере-шөберелерінің қызығына кенеліп, мағыналы ғұмыр кешіп жатыр. Біз олардың барлығына сағынышпен сәлем жолдаймыз, мектеп бітірулерінің мерейлі датасына орай қуана құттықтап, ғұмырларының ұзақ, перзенттерінің аман, пейілдерінің несібелі болуына тілек қосамыз.

Хан Ордасында өткізген жастық шақтың жарасымды кезеңінің қимас суреттері мен өзіміз ауасын жұтып, топырағын басқан қасиетті мекеннің жадымызда жатталып қалған ежелгі кескін-келбеті біздің әрқайсымыз үшін айрықша ыстық. Құм қолтығындағы қоңыр ауылдың сол кездегі әр көшесі мен тұлабойында тарих тұнған әр ғимараты, ауылды айнала көмкерген қарағайлы қалың орманы мен шоғыр-шоғыр жиделі тоғайлары, тұтас бір бөлекше әлемдей көрінетін көрікті көгалы, бәрі-бәрі көз алдымызда. Лайым, қасиет дарыған құтты мекеннің келешегі келісті болғай.

Бір кездері өзіміз түлеп ұшқан қара шаңырақтың ізіндегі атақты Жәңгір мектебінің бүгінгі ұстаздар қауымы мен шәкірттеріне ыстық сәлем жолдап, олардың тәуелсіз еліміздің жаңа тұрпаттағы білімі жетік, ойы озық, алғыр да алымды азаматтарын тәрбиелеу жолындағы игілікті еңбектеріне табыс тілейміз. Негізін Жәңгір хан салған ежелгі оқу орны өзінің жүз жетпіс бес жылдық тарихындағы өнегелі дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтап, алаш жұртына кең жайылған атақ-даңқына қылау түсірмей келе жатқанын шын жүректен мақтан тұтамыз.

 

Қасиетті Нарын жұртының елі аман болсын, азаматтары абыройлы жүрсін деген тілекпен М.Горький атындағы Орда орта мектебінің 1956 жылғы түлектері:

Баймұрат БИСЕНОВ,

Ғарифолла КӨШЕНОВ,

Халел ӘБУОВ.

  Алматы қаласы.