21.06.2016, 19:46
Қараулар: 299
Лайықты жалғасқан эстафета

Лайықты жалғасқан эстафета

1972 жылы Сайқын учаскелік ауруханасы аудандық болып қайта  құрылғанда басшылық тізгінін дәрігер Қасым Кенжеғұлов қолына алды. Ол сүйікті жары Әсиямен бірге өңірімізде денсаулық сақтау ісінің дамуына  елеулі үлес қосты.  Әсия Тляумбетованың мамандығы невропатолог-тұғын. Оның алдына келген науқасты жылы қабылдап,  шипалы емін мейіріммен жүргізетінін көзкөргендер аңыз ғып айтады. Бүгінде ерлі-зайыпты дәрігердің ұл-қызы да ата-аналарының жолын жалғастырып келеді.

1972-1978 жылдары денсаулық сақшылары қатары  көптеген жастармен  толықты. Қазталовтық терапевт Әсия Сейітжанова, Ресей мен Украинадан келген акушер-гинекологтер Валентина Жукова, Римма Сүлейменова, балалар дәрігерлері Анатолий Романов, Евгений Близнюк, атыраулық терапевт Сағыныш Тұралиев пен зайыбы Данагүл Қарасаева, жәнібектіктер, балалар дәрігерлері Әділгерей Ғаббас пен Ефрем Халелов және Ефремнің жұбайы терапевт Гүлзада Нәсіпқалиевалар аудан медицинасына тың серпін ала келді. Олардың көбі жолдама мерзімі біткен соң туған жерлеріне кетті. Ал, Ә.Сейітжанова мен Ә.Ғаббас аудандық ауруханада қызметтерін жалғастырып, осы өңірде тұрақтап, өз саласының шеберлері атанды.

1979 жылы аудандық ауруханаға сайқындық Серік Нүркенов хирург болып оралды. Осында көп жылдар аспаз, кір жуушы болған оның анасы Жаннат апай ұлы Серіктен үлкен үміт күтті. Сол  үміт ақталды. Серік Нәсиұлы әскери борышын өтеп келген соң, 1971 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, бірге оқыған атыраулық Нәсіп Қарашаевамен отау  құрады.  Еңбек жолын терапевт болып  бастаған Нәсіп Қанатқызы кейін эндокринолог мамандығын жете меңгерді. Әрі басшылық, ұйымдастырушылық жұмыстарды да атқарды. Ері КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі және Бөкей ордасы ауданының Құрметті азаматы атанса, зайыбы   ҚР тәуелсіздігінің 10 жылдық мерекелік медалімен және ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сайқындық ерлі-зайыпты дәрігерлер  легін  жалғастырғандар арасында  Нұрболат Жанғалиев пен Әсима Ламашева да бар. Екеуі де  Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлектері.  Нұрболат Меңдіханұлы 1983-1993 жылдары аудандық аурухананың туберкулез бөлімінің меңгерушісі, 1995-2006 жылдары аудандық аурухана директоры сынды жауапты қызметтерде істеді.  Әсима Әсетқызы   кардиолог-дәрігер ретінде жақсы танымал. 1986-1996 жылдары бас дәрігердің емдеу-профилактикалық, 2006-2012 жылдары ұйымдастыру әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Реті келген соң айта кетелік, аудандық денсаулық сақтау ісіне еңбектері сіңген Нүркеновтер мен Жанғалиевтер жанұяларының адал қызметі ағайын мен ұрпақтарына жұғысты боп, бүгінде олардың бірқатары эстафетаны лайықты жалғастырып келеді.

Иә, денсаулық сақшысы болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Мынау шағын мақаламызда оның бәрін тәптіштеп айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан біз ойымызды осылайша қысқаша түйіндедік.

К.ҚАЖИПАНОВА.

Суреттерде: 1. Қос дәрігер Серік-Нәсіп Нүркеновтер тума-туыстарымен.

  1. Ерлі-зайыпты Нұрболат Жанғалиев пен Әсима Ламашева.